Қосылу сән бе?

Халық банкі мен Qazkom банкі қосылатыны, дәлірек айтқанда, алғашқысы екіншісін «жұтатыны» туралы біраз уақыттан бері әңгіме болып келген. Бұндай жағдай Қазақстан үшін алғаш рет болып отырған жоқ. Бірнеше жыл бұрын қаржылық секторда жеке қызмет көрсетумен айналысқан БТА банкі дәл осы Qazkom-ның құрамына кірген болатын. Сондай-ақ, Альянс-банк пен Темірбанк Fortebank болып ортақ шаңырақ көтергені белгілі. Бұл жағдай елдегі банктік қызметтерді жетілдіруге, қаржы саласының тұрақтылығына оң ықпал ететіні айтылған еді.

Енді, міне, кезек Халық банкі мен Qazkom-ға келіп жетті. Ұлттық банк 2018 жылдың ақпан айында мәлімдеме жасап, аталмыш екі банктің қосылу процесі жыл соңына дейін аяқталатынын айтты.

Десе де, біраз уақыт бұрынғы қосылулар тәрізді соңғы өзгеріс-тердің оңай болатыны кәдік еді. Себебі, Халық банкінің рейтингі жоғары, яғни клиенттік базасы ауқымды. Өз кезегінде Qazkom өзінің жетілдірілген технологиялық мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Мәліметтерге сүйенсек, шетелде жасалатын бірқатар операция-транзакциялардың басым бөлігі аталмыш банктің көмегімен атқарылады.

Клиенттер неге наразы?

Болжанғандай, екі банктің бірігу процесінде клиенттер үшін біршама қиындықтар туындады. Ең алдымен, Qazkom қызметін пайдаланушылар шағымдарын әлеуметтік желілер арқылы паш ете бастады. Басты мәселе – Халық банкіне қосылғаннан кейін бұрынғы комиссия көлемі өсіп шыға келген. Бұл жағдай екі банктегі алым талабының өзгешелігіне байланысты. Мәселен, Халық банкі қызмет көрсетілген (аударылған, төленген деп оқи беріңіз) соманың белгілі бір пайызын ұстап қалса, Qazkom-ның комиссиясының көлемі аударылатын сомаға байланысты болмаған. Сөйтіп, Qazkom клиенттері бұрын 120 мың теңгені төлегені үшін едәуір аз комиссия төлесе ендігі жерде 1 пайызын, яғни 1200 теңге төлеуге мәжбүр болғанын жазды.

Гүлнар Ізтаева есімді азаматша: «Бұрын Qazkomда ай сайынғы несие төлеу бойынша комиссия мөлшері 100 теңге болатын, ендігі жерде Халық банкі 150 теңге алады. Бұл, әрине, минус. Егер Qazkom үшін 100 теңге табыс болса, Халық банкі неге клиенттері екі есеге дейін өскеннен соң (кірістері де солай шығар) комиссия мөлшерін бұрынғыдай қалдырмайды. Асыра пайда тапқысы келе ме? Нарық заңдылығы қайда?» деп жазады әлеуметтік желідегі аккаунтында. Мұндай жазбаларды көптеп кездестіруге болады.

Жалпы, қос алпауыт қаржы ұйымын біріктіруден кім, не ұтады?

Мәліметтерге сүйенсек, біріккен банктердің клиенттері бұдан былай Халық банкінің филиалдары мен бөлімшелерінде еш алаңсыз қызмет алуларына болады. Qazkom-ның еншілес ұйымдары барлығы Халық банкінің құрамына кірген.

Банкоматтары бірге

Аталған екі брендтің банкоматтары бұған дейін біріктірілген болатын. Ендігі жерде мұндай ортақтық қалған қызметтерге де тән.

Мамандардың түсіндіруінше, бұған дейін ресімделген несиелердің – тұтынушылық және ипотекалық болсын, шарттары еш өзгеріссіз қала береді. Депозиттер бойынша да жағдай өз қалпында.

Qazkom-да ресімделген еңбекақы алуға арналған және корпоративтік карталар өз күшін сақтайды, яғни жұмысшыларға да, жұмыс берушілерге де қайтадан банкке келіп, ештеңені қайта ресімдеп керек емес. Qazkom-ға тиесілі Банктік сәйкестендіру коды (БИК) да біраз уақыт кіріс операциялары үшін ашық болады.

Қазкоммерцбанктің басқарушы директоры Нұрлан Жағыпаровтың түсіндіруінше, жалпы алғанда, екі ірі банктің қосылуы қаржылық сектордағы ірі өзгерістің белгісі. Екеуінің клиенттерінің жалпы саны 11 миллионнан асып жығылады. Бұған дейін банктердің қосылуы тәжірибемізде кездескен, бірақ олардың ешқайсысында соншалық клиенттік база болған емес. Десе де, ауқымды жұмыстың біршама бөлігі орындалған. Мәселен, Qazkom-ның Onlinebank жүйесі қазірде заңды тұлғалар үшін қолжетімді. Айта кетелік, біріктірілген екі банктің клиенттері үшін осы ресурс негізгі интернет-банкинг платформасы болып есептеледі.

Қазақстандықтардың банкоматтар мен pos-терминал, интернет-транзакциялар орындау қызметтері бойынша алаңдаушылықтарына келсек, жағдай алдағы уақытта тіпті жақсарады. Халық банк банкоматтары арқылы 2 миллион адамға қолма-қол ақша ұсынылады. Бұл дегеніңіз – Qazkom клиенттерінен екі есеге көп. Яғни, интеграция- дан кейін біріктірілген банкте еліміздегі ең үлкен банкоматтар желісі болады. Бұдан бұрынғы Qazkom пайдаланушылары ұтпаса ұтылмайды, деп сендіреді маман.

Сондай-ақ, бұрын Qazkom банкоматтары мен бөлімшелері ірі қалаларда ғана қызмет көрсетіп келді. Ал Халық банкі ірі қалаларда ғана емес, шағын елді мекендерде де қызметін ұсына береді. Бұл да бұрынғы жаңа тұтынушылар үшін таптырмайтын мүмкіндік екен.

Интернет- банкинг - ортақ

Айтқандай, Qazkom банктің ерекшелігі – оның технологиялық жағынан жетік болуында. Бұл ерекшелік өз деңгейінде бағалануда. Яғни, бұдан былай Халық банкінің клиенттері бұрынғы Qazkom-ның Onlinebank және Homebank атты интернет арқылы қызмет көрсету жүйелері (интернет-банкинг) – клиенттерге ең қолайлы платформа ретінде қабылданды. Десе де, барлығына бірдей осы сервиске көшу міндеттелмейді. Яғни, бұрын Халық банкінің «My Halyk» интернет-банкинг жүйесін пайдаланғандар үшін өз құқы сақталады. Дәлірек айтқанда, олар өзінің бұрынғы логині мен паролі арқылы жүйеге кіріп, қызметін алуға құқылы. Әрине, жаңашылдықты сүймейтіндер де баршылық. Десе де, бүгінде Homebank арқылы Western Union онлайн ақша аударымын іске асырушылар күрт көбейген екен. Бұл аталмыш қызметтің қарапайым, жедел әрі арзан екенін клиенттердің бірден түсінгенін көрсетеді. Банк болашақта сақтандыру, инвестиция салу, ақша аудару операцияларын жаңа жолмен – email, Facebook арқылы бір интерфейстің ішінде, бірыңғай тіркелу арқылы ұсынуды көздейді. Мұның бәрі әлемдік құбылыстың бір бөлігі іспетті. Бүгінде шетелдерде жасалатын транзакцияның әрбір екіншісі – Qazkom клиенттерінің еншісінде.

Халық банкінің де технологиялық жетістіктері жоқ емес. Айталық, клиенттердің есепшоттарын басқару, қолма-қол ақшамен жұмыс істеу секілді банк ішілік операциялары үздік жүйеге құрылған. Тек, олардың бәрі сыртқа, яғни клиенттерге көрінбей келген.

«Қазақстанның Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, соңғы уақыта онлайн операцияларға байланысты шағымдардың көбеюі әртүрі жағдайларға байланысты болды. Бір жағынан заңды тұлғалар жұмысшыларына еңбекақы төлейтін уақыт – айдың соңы да келіп қалғаны да дабылды күшейтті. Қазірде ірі төлемдер төлеу, картаға ақша салу, жеке тұлғалардың банкоматтан ақша «шешуі» секілді операциялар бойынша ешқандай алаңдаушылық жоқ. Қолма-қол ақша да жеткілікті. Ол проблемалар туындаған сәтте банктік бөлімшеде болғанын, наразы азаматтардың ренішті жүздерін көргенін айтады. Десе де, сабырлық сақталса, бәрі жедел түзеледі.

- Жалпы алғанда, бәрі бақы-лауда. Біздің клиенттеріміз үлкен мүмкіндіктерге куә болады, біз – біріккен, ең қуатты, орнықты банкпіз. Қосылу процесі аяқталғаннан кейін қызмет көрсетулерге белгіленген комиссиялардың мөлшерін теңдестіреміз, ең төменгісін таңдаймыз және барлық клиенттерге қолданамыз. Яғни, клиенттер комиссиялық алымдар мен тарифтер есебінен ұтатын болады. Сондай-ақ халық банкте шағын және орта бизнеске арналған жақсы бағдарламалар бар, біз үнемі несие бергенбіз, алда да береміз. Халық банкінің пайыздық ставкасы шағын және орта бизнеске арналған несие бойынша да, ипотекалық несие бойынша да ылғи да төмен. Ірі клиенттер үшін тіпті де үлкен мүмкіндіктер пайда болды, рейтингіміз бұрынғыдай жоғары. Qazkom клиенттері Халық банкімен интеграциядан ұтатынын нақты айта аламын, - дейді Үміт Болатханқызы.

Әрине, қай уақытта да банктердің қосылуы клиенттер үшін ыңғайсыздық тудырмай қоймаған. Белгілі журналист Кемелбек Ойшыбеков жуырда Фейсбуктегі Facebook желісінде аталмыш екі банктегі бірігу жұмыстары соншалық қарқынды жүргізілуін ескі менталитетке балады.

«Халық банкінің Qazkom-ды қосуынан Сбербанк пен Фортебанк көбірек ұтып жатқан сияқты көрінеді маған. Homebank жүйесіндегі бітпес проблемалар мені және менің көптеген таныстарымды басқа банкке көшуді ойлауға мәжбүрлеуде. Бұрын Homebank ҚазКом банктің жанынан жұмыс істегенде аталмыш интернет-банкинг арқылы ешқандай ақаусыз қызметтер төлемақысын төлейтін едім. Бұл жолы көшеге шығып, терминал іздеуге мәжбүр болдым...

Халық банкіне соншалық асығыс түрде Homebank жүйесін біріктіргеніне еш түсінер емеспін. Бәрін бірнеше мәрте тестілеуден өткізгеннен кейін қосса бір сәрі ғой. Халық банкінің менеджментінде советтік менталитет терең сіңген сияқты ғой, бесжылдық жоспарды бір жылда асығыс атқарып тастап, басшылыққа «ерлігімен» мақтанатындай. Әлемде бірігу мен қосылуға байланысты мысалдар көп. Бұл ауыртпалығы көп процесс екенін көпшілік түсінеді, сондықтан оны саналы түрде, тереңінен ойлап, асықпай, клиенттерді үркітіп-қорқытпай жасау керек. Бірақ Халық банкінде басқаша ойлайтын болса керек. Мұндай стресс ешкімге керек емес», деп аяқтаған жазбасын К.Ойшыбеков.

Осылайша, Қазақстандағы ірі банк жүйесін құрушы Халық банкі мен Qazkom банкінің бірігу процесі клиенттер үшін бірқатар мәселелер туғызды. Десе де, басшылық тарапынан аз уақытта бәрі түзелетіні туралы уәделер берілуде. Әу баста күтілгендей, қос алпауыттың бірігуі клиенттерге шынымен де үлкен мүмкіндіктер әкелер деген үміттеміз. Бастысы, банкке баруға себеп болатындай бай-дәулетті болайық!

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz