Аймақтық форум жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова, Павлодар облы-сының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Болат Бақауов қатысты. Жалпы, шараға Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан 250 делегат шақырылған.

Бүгінде Павлодар облысында «Нұр Отан» партиясының шамамен 65 мың мүшесі бар. Олар барлығы 415 бастауыш партиялық ұйымдарға біріктірілген. Форумның ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы аталған ұйымдардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

- Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет дамуы жолындағы стратегиялық мақсаттарды, Жолдауда көрініс тапқан міндеттерді жүзеге асыруда бастауыш партиялық ұйымдардың жұмысына ерекше мән береді. Бүгінде саяси құрылымның жұмысын модернизациялау бағытындағы жұмыстарды ескерсек, жауапкершілік жүгі еселене түсетіні сөзсіз. Бұл ретте, көп дүние бастауыш партиялық ұйымдардың белсенділігіне байланысты болмақ. Себебі халыққа етене жақын, идеологиялық жұмыстың негізгі бөлігін жүзеге асыратын да - осы шағын құрылымдар, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Форум жұмысы бірнеше секция бойынша жүргізілді. Қатысушылардың әрқайсысына өз пікірін ашық білдіру мүмкіндігі берілді. Мақсат – бастауыш партиялық ұйымдардың жұмысын жетілдіру концепциясын құру. Бұл маңызды құжат алдағы қараша айында республика деңгейінде таныстырылуы тиіс. Сондықтан ұйымдастырушылар делегаттарды белсенділікке шақырды.

- Біз сіздерден бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеру, кадрлық резерв құру бағытында нақты әрі тұшымды пікірлер күтеміз, - деп ескертті «Нұр Отан» партиясының хатшысы Т.Дүйсенова.

Форум қатысушылары бұл үмітті ақтағанын атап өткен жөн. Ұсынылған әрбір тақырып қызу талқыға түсті. Әсіресе, партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау, кадрлық резерв құру мәселелеріне қатысты көп ұсыныстар айтылды. Саяси құрылымның идеологиялық жұмысын жаңа арнаға бұру қажеттілігі де сөз болды. Бұл ретте, іш пыстырарлық жиындар емес, әр мәселе бойынша мақсатты шаралар ұйымдастыру ұсынылды.

Жалпы, павлодарлық форум екі күнге созылғанын атап өткен жөн. Алайда алғашқы күннің өзінде шара өз мақсатына жеткенін айтуға болады. Партиялықтар саяси құрылымның бастауыш ұйымдарының жұмысын бағалау жүйесін жетілдіру, партия мүшелерін ынталандыру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, партияның әрбір мүшесі жайында, оның кәсіби біліктілігі мен белсенділігінен сыр шертетін ортақ ақпараттар базасын құру мәселесі сөз болды. Бұдан бөлек, жастар қанатының жұмысын жетілдіру, кадрлық резервке партиялық өтілі 2-3 жылдан асатын азаматтарды таңдау, саяси құрылым идеологиясын халық алдында насихаттайтын спикерлерді дайындау, олар үшін арнайы оқыту курстарын ұйымдастыру сияқты көптеген ұсыныстар ортаға тасталды. Партиялық жұмысты авто-маттандыруға ерекше мән беруді сұрағандар да табылды. Мысалы, саяси құрылымның мыңдаған мүшесіне қандай да бір хабарламаларды, ақпараттарды SMS хабарландыру жүйесі арқылы таратуға болады. Елді елең еткізген ерекше ұсыныстар да болды. Соның бірі - аудандық, қалалық партия филиалдарының төрағалығынан әкімдерді алып тастау туралы бастама. Олардың орнына аталған өңірлердегі партия төрағасының бірінші орынбасарлары тағайындалуы тиіс. Форум қатысушылары бұл ұйым жұмысын жетілдіруге, мәртебесін көтеруге көмектеседі деп есептейді. Себебі, аудандық жерлердегі көп мәселелерді аудан әкімдері бүгіп қалуға тырысады, дейді олар.

Атап өтерлігі, бұған дейін мұндай форум Шымкент, Қарағанды қала-ларында өткен болатын. Павлодарда қорытынды жиын ұйымдастырылды. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Т.Дүйсенованың айтуынша, форумда айтылған ұсыныстар жинақталып, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру бойынша концеп-цияға енгізілмек. Маңызды құжат алдағы қараша айында республика көлемінде таныстырылатын болады.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz