Апта бойы Алатаудың арғы бетін дүрмекке бөлеген байрақты бәсекенің жабылу салтанатына Қырғызстан премьер-министрі Мұхаммедкалый Абылгазиев қатысты.

Бұл жолғы ойындарға дүниежүзінің 80-ге жуық елінен келген мықтылар спорттың 37 түрінен бақ сынады.

Жалпы есепте көш бастаған Қырғызстан командасының қоржынында 40 алтын, 32 күміс және 31 қола медаль бар. Отандастарымыз 18 алтын, 24 күміс және 34 қола медальді еншілеп, екінші орыннан көрінді. Үздік үштікті түйіндеген Ресей спортшыларына 17 алтын, 12 күміс және 27 қола тиесілі.

Сынға түскен спортшылар арасында әсіресе тоғызқұмалақшыларымыз жарады. Командалық есепте ерлеріміз көш бастады. Екінші орынды Қырғызстан спортшылары еншілесе, үздік үштікті Моңғолия тоғызқұмалақшылары түйіндеді. Әйелдер арасындағы командалық бәсекеде де отандастарымыз бірінші орыннан көрінді. Екінші, үшінші орындарды қырғыз бен моңғол қыздары өзара бөлісті. Жекелей сында өнер көрсеткен қыз-жігіттеріміз барлығы 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль еншіледі.

- Жекелей сында 7 кездесу өткіздім. Қарсыластарымның барлығын ұттым. Отандасымыз Әсел Далиева да ешкімнен жеңілген жоқ. Екеуіміз тең ұпай жинадық. Төрешілер қарсыластарымыздың нәтижелерін қарай отыра, Әселге бірінші, маған екінші орынды лайық деп таныды, - дейді дүниежүзілік ойында ел намысын абыроймен қорғаған павлодарлық тоғызқұмалақшы Анастасия Фоос.

Павлодар тоғызқұмалақ мектебінен тәлім алған Диана Кенина да жекелей сында жүлделі үшінші орыннан көрінді.

Алдағы дүниежүзілік ойындар 2020 жылы Түркия елінде өтеді деп жоспарлануда.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz