- Бектас Әбдіханұлы, алды-
мен Мемлекет басшысының билік өкілеттіліктерін бөлу туралы Үндеуіне тоқталсақ. Нақты қандай өкілеттіліктер министрлік қарауына өтеді?

 - Бірінші кезекте Қазақстанның басқару жүйесі президенттік болып қала беретінін бөле-жара айтқым келеді. Бұған дейін Мемлекет басшысы еліміздегі барлық саланы бақылап, қадағалап, жұмысты ұйымдастырып, зор жауапкершілік жүгін көтеріп келді. Ендігі кезекте 40-қа жуық өкілеттілік Үкімет мүшелеріне тапсырылады. Олардың басым бөлігі әлеуметтік-экономикалық сипатқа ие. Ал Президент сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс мәселелерімен айналысады. Бұл ретте ел Парламенті мен Үкіметі мықтап іске кірісіп, жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс.

- Билік өкілеттілігінің бірқа-тары Үкіметке берілген соң, Үкімет мүшелеріне қойылар талап та күшейе түсетіні анық. Бұған министрлер қаншалықты дайын?

 - Толыққанды дайын деп нық сеніммен айта аламын. Себебі министрлердің барлығы сауатты, жан-жақты білімді, тәжірибелі, өз ісінің кәсіби мамандары. Билік өкілеттіліктерінің бөлінуі олардың жауапкершілігін арттырып, қызметін одан әрі жетілдіреді. Демек, халықтың министрлерге деген сенімі нығая түсуі керек. Олардың жұмысын халық қалаулылары қадағалап, сұрау алатын болады. Ал қандай да бір себептерге байланысты кей министрлердің жұмысынан олқылық көрінсе, Парламент сол мәселені талқылап, Президентке министрді орнынан босату туралы ұсыныс енгізеді.

- Жасырытыны жоқ, кей жағдайда депутаттардың өзі белгілі бір мәселеден хабарсыз болып, бүге-шігесіне дейін білмейтінін байқатып жатады. Олар министрлерден қалайша есеп алмақ?

 - Парламенттік тыңдауларды бақыласаңыз, депутаттардың қаншалықты жан-жақты екенін байқауға болады. Халық қалаулылары кез келген көтерілген мәселені зерттеп, зерделейді, мән-жайын толыққанды білуге тырысады. Керісінше, кейде министрлер депутаттар сауалына жауап бере алмай, қиналатын тұстар жиі кездеседі. Сондықтан Парламент өкілдері Үкімет мүшелерінен есеп алуға, оны саралауға, туындаған мәселелерді бірлесе шешуге әзір.

- Мұндай өзгерістер жергілікті билік өкілдерінің жұмыстарына  әсер ете ме?

- Жергілікті жердегі әкімдер мен әкімдік өкілдерінің қызметі көбейеді, қосымша міндеттер жүктеледі, жауапкершілік күшейеді. Бір сөзбен айтқанда, жұмыстары жетіле түседі. Бұл өз кезегінде сол жұмыс сапасының жақсаруына оң әсер береді деген ойдамын.

- Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру үшін Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындайтыны анық қой...

- Конституцияда негізгі бағыттар ғана айқын көрініс табуы қажет. Ата заңымызды заманға сай жүйелеп, реттеу қажет. Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты арнайы құрылған жұмыс тобы ұсыныстарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады. Олардың негізгісі билік өкілеттіліктерін бөлуге қатысты. Мәселен, бұдан былай Президент заңдық күші бар Жарлықтарға қол қоймайды. Бұл Ата Заңымызда белгіленіп жазылмақ. Мемлекет басшысы өзгерістерді талқылауға 26 ақпанға дейін уақыт берді. Осы мерзім аралығында депутаттар еліміздің түкпір-түкпірін аралап, көпшіліктің ұсыныс-өтініштерін қабылдайды.

- «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындау үшін алдымен неге назар аудару қажет?

 - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Жолдауында еліміздің өркендеуі мен гүлденуі үшін, экономикалық өсімнің моделін қалыптастыру үшін бағыттарды айқындап берді. Оларды жүзеге асыру үшін біздің мемлекеттің толық мүмкіндігі бар. Осы орайда тапсырмалар, міндет-мақсаттар мемлекеттік органдарға ғана емес, әр қазақстандыққа қатысты екенін жіті түсіне білу керек. Конфуцийше айтқанда, «мен ел дамуына қандай үлес қостым?» деп өз-өзімізге сұрақ қойып, туған еліміздің, жеріміздің көркеюіне атсалысуымыз қажет. Болашақтың іргетасын қалауға әрбіріміз қатыс-                                                     қанда ғана қамалы мықты мемлекет болады. Әсіресе, білімге, оқып-тануға құштар болумыз шарт. Мемлекет басшысы үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша тапсырма берді. Бүгінгі жаһандық өзгеріс ағылшын тілін білуімізді талап етеді. Дүние жүзіндегі ақпараттың 90 пайызы дәл осы тілде жарияланып, тарайды. Ал өскелең ұрпақ ағылшын тілін жетік білмесе, сол көшке ілесе алмай, заман ағымынан қалып қоюы мүмкін. Сондықтан тілді меңгерген дұрыс. Бұл ретте қазақ тілінің басымдығын сақтап қалған маңызды. Қазақ баласы бірінші кезекте ана тілін білуі тиіс. Қазақ, орыс, ағылшын, басқа да тілдерді білетін білімді жастар қатары көбейсе, ұтылмасымыз анық.

- Уақыт бөліп, сауалымызға жауап бергеніңіз үшін рақмет! Ел игілігі жолындағы қызметіңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан –
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz