ҚР Парламенті Сенатының экономи-калық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік бойынша комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев бастаған бір топ депутат Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Алдымен облыс әкімі Болат Бақауов және сенаторлар Екібастұз қаласындағы өндіріс орындарының жұмыс барысымен танысты. Шаһардағы теміржол кластері, раушан гүлдерін өсіретін жылыжай және Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 станциясында болып, атқарылған істер мен жоспарланған шараларды саралады. Сонымен қатар, электр станциясында комитеттің көшпелі отырысы өтіп, оның барысында электр энергетика саласының дамуы талқыланды. Жиын барысында аймақ басшысы Болат Бақауов бірқатар ұсынысты ортаға салып, күрмеулі мәселелерді де бүгіп қалмады.

- Қазіргі таңда инвесторларды салықтық жеңілдіктерден бұрын арзан электр энергиясы қызықтырады. Сондықтан электр станциялары аумағында жер учаскелерін дайындап қойдық. Бұл кәсіпорындардың KEGOC желілері арқылы емес, шинадан қуат алуына жағдай жасайды. Одан бөлек, облыстық бюджеттен қуаттылығы 500 Мегаватт болатын қосымша станция салуды жобалауға қаржы қарастырдық. Болжам бойынша, бұл жобаның құны 10-12 млрд. теңгені құрайды. Аталмыш бастаманы республикалық деңгейде қолдауды сұраймыз. Біз өз кезегімізде жергілікті бюджеттен қаржы қарастыруға әзірміз, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы депутаттар назарын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы күрделі мәселеге аударды. Бұл аймақтың барлық қатысушысы өз кәсіпорындарының аумағына тауарларды қосымша құн салығынсыз кіргізе алады. Десе де, өнім арнайы экономикалық аймақ ішінде жеткізілген кезде бұл жеңілдік қарастырылмаған. Мәселен, «Guissenhaus» жауапкер-шілігі шектеулі серіктестігі «КиК» компаниясына қоспалы алюминийді жөнелткенде қосымша құнға стандартты салық төлеуге міндеттеледі. Белгілі болғандай, бұл құқықтық мәселе қазіргі кезде заңнамалық деңгейде қарастырылуда. Сенаторлар жағдайды назарға алып, Парламентте жан-жақты талқылауға уәде берді.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz