Мұса Шорманұлы туғанына - 200 жыл! (1818-1884 жж.)

«Мұса мырза арғын баласының ішінде қолынан іс келетін, тілінен май таматын адам еді. Жаңа туып келе жатқан заманның қатпарлы құбылыстарын дәл түсінген жан еді» - Абай ҚҰНАНБАЕВ.


 

Біз үшін зор тағылым

Қазақ тарихындағы күрделі кезеңдердің бірінде өмірге келіп, қараша жұртының қамқоры бола білген тұлғалардың бірі – Мұса Шорманұлы. Тұқымынан тектілік арылмаған бұл адамның кейінгі ұрпаққа сәл кешірек танылып жатқаны, әрине, өкінішті. Мұса Шорманұлы секілді бірегей тұлғаның өмірі мен қызметі жайлы деректер бүгінгі ұрпаққа жол сілтер жарық жұлдыз болар деп ойлаймын. Заманында халқына қалтқысыз қызмет қылып, қараша жұртын қараңғылықтың құрсауынан алып шығам деп әрекет қылған Мұса мырза шын мәніндегі Ұлт қайраткері еді. Ол - «қазақтың иығын басқа жұртпен тең ететін» тек қана ғылым мен білім екенін сол кезде түсініп, осы мақсатқа бар ғұмырын арнаған адам.

Тарих – адамзат баласының жүріп өткен жолы. Оның ішінде әр ұлт пен ұлыстың жүріп өткен өз жолы, өз тарихы бар. «Өткеніне мән бермеген халықтың болашағы бұлыңғыр» деген қанатты сөзге көңіл аударсақ, халқымыздың дәуірлер белесінде жүріп өткен жолы мен сол тарихымызды жасаған ұлы тұлғаларды танып-білу – біз үшін тағылымы таусылмас мектеп дер едім.

Болат БАҚАУОВ, Павлодар облысының әкімі.


«Орта жүздің шамшырағы!»

Баянауыл – қазақтың ұлттық руханиятына аса қомақты үлес қосқан айтулы би-шешен, батыр, өнер, білім-ғылымына телегей-теңіз еңбек сіңірген әйгілі тұлғалар ту тіккен жер. Солардың бірі - қазақ өркениетінің жанашыры болған, халықтың ілім-біліміне жол ашуға ұмтылған, қоғам қайраткері, этнограф Мұса Шорманұлы! Мұса бабаның туғанына биыл - 200 жыл. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімі Болат Бақауовтың қолдауымен Баянауыл елінде айта қаларлықтай, кейінгіге өнеге боларлықтай игі істер қолға алынды. Уақыт тозаңының, замана ызғарының астында қалған бірталай дүние жарыққа шықты. Оның ұйымдастырушысы - химия ғылымының докторы, профессор, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы. Ол Мұса Шорманұлының елге қылған қызметі мен еңбегінің халыққа, бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа танылуына көп еңбек сіңіруде. Әрине, айтуға оңай, әйтпесе дүйім жұртты ұйымдастырып, баба жерленген тұсқа мемориалды кесене салып, зерттеулер жүргізіп, бұған дейін айтылмай, жазылмай келген дүниелерді жарыққа шығарып, басқа да ірілі-ұсақты істерді жүзеге асыру - ұлтына жанашыр, парасаты биік, нардың жүгін көтере білетін нағыз ер азаматтың ғана қолынан келетін дүние екені хақ. Тұлпарлардың тұяғы тиген қасиетті топырақта жақсылардың өнегесі жаңғырып, жалғасын тауып жатыр... Сүйініш!

Сөз орайында айта кетелік, биыл Павлодар облысы әйгілі тұлғалар Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің туғанына 160 жыл, Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойларын кеңінен атап өтті. Осыған орай Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті мерейтой иелеріне арнайы қосымшалар, Бұқар жырау бабаның 350 жылдығына орай айқарма бет ұйымдастырып, тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын жалпақ жұртқа жария етті. Мұса Шорманұлына арналған қосымша - соның жалғасы.

Мерейтой қарсаңында Алтынбек Нухұлымен сұхбаттасып, Мұса Шорманұлының өмірі мен қызметіне байланысты жүргізген зерттеулері, ел аузында айтылып қалған оқиғалар, т.б. төңірегінде айтқан әңгімесін жазып алған едік...

«Орта жүздің шамшырағы!»

Тектілік

Кенен Әзірбаевтың: «Ай туса, ол да тартар жарығына, Су ақса, ол да құяр арығына. Атасы кімнің текті, кімнің тексіз, Бәрібір тартпай қоймас қалыбына» – деген бір ауыз өлеңі Мұса мырза жайлы сөз қозғағанда еске түседі. Әріге бармай-ақ, Мұсаның төртінші атасы Мырзағұл Анайұлынан бастасақ, ол - ел басына күн туған ХVIII ғасырда ел бостандығы үшін күрескен адам. Сүйегі Түркістандағы Әзірет Сұлтанда жатыр. Онда «Мырзағұл батыр. Руы – Қаржас» деп жазылған. Заманында қазақ даласындағы ірі қоғамдық-саяси оқиғаның басы-қасында болған Анай-Мырзағұл ұрпақтары жайлы сөз етсек, Мейрам сопының Сүйіндігінен Қаржас туады, оның үш ұлының үлкені – Құлыке. Одан Телі тентек тарайды. Осы Телінің үш ұлының бірі - Анай. Анайдан Нияз, Мырзағұл, Құл, Құдайқұл, Жәдігер туады. Олардың арасынан Мырзағұл ұрпақтары ерекше аталады. Себебі сонау замандарда қалың қаржас ішінен жұлқынып шығып, қол бастаған, топқа түсіп жол алып, сөз бастаған талай жақсылар осы Мырзағұл ұрпақтарынан шыққан дейді көне тарих. Мырзағұл батыр болған. Батырдан туған Сәти мырза - атақты Айдабол Олжабай батырмен үзеңгілес болып, Баянаула жерін ата жаудан босатып, ұрпақ үшін мәңгілік қоныс еткен адамдардың бірі. Сәти батырдан туған Күшік өмірден жастай кетіп, соңында Жұмабай есімді бір ұл қалады. Кейін осы Жұмабай - өзінің ақылы, шешендігімен бала кезінен «Шорман би» атанып, тарихта қалған адам. Он үш жасында билік айтып, рулы елдің дау-жанжалын жалғыз ауыз сөзбен бітірген деседі. Осыдан кейін бала Шорман 1720 түтіннен тұратын бүкіл қаржасқа төбе болып сайланып, «Бала би» атанады.

...Шорман би мен Топан бәйбішеден екі қыз, төрт ұл туған. Олар - Зейнеп (1816), Мұса (1818), Мұстафа (1820), Иса (1824), Әбу Әли Ибн-Сина (Әужан, 1826). Мұса алғыр болып өседі. Оның тәрбиесіне Шорман би көп мән берген, білім алуына ықпал еткен екен. Мұса ауыл молдасынан сауат ашқан. Ал орысша хат тануына Баянауыл дуанының құрылысын жүргізген 6 полк әскердің ішіндегі Александр Лукин деген казактың баласы ықпал етіпті. Бұл кезде Мұса 14 жаста екен. Әкесі Шорман баласының орысша білім алуы үшін Батыс Сібір генерал-губернаторы Вельяминовқа 1832 жылы 2 ақпанда хат жазып, «тек менің балам ғана емес, билер мен қарапайым қазақтарың он бес шақты алғыр баласын орысша оқытқым келеді» деп өтініш етіпті. Бұл өтінішке 19 ақпан күні жарлық шығып, генерал-губернатор рұқсат етіпті. Ал француз тілін Мұса мырза Омбыда екі жылдық әскери училищеде оқып жүргенде үйренген екен.

Ағартушылық

Білім мен ағартушылықты барынша қолдаған Мұса мырза Омбы және Павлодар қалаларында қазақ балалары үшін орыс мектептерінің ашылуына жағдай жасайды. Омбы қаласынан қазақ қыздары оқитын интернат ашқызады. Омбы демекші, ақын-жазушы Қошке Кемеңгеровтің атасы Кемеңгерге Мұса мырза Омбыдан үй салдырған, кейін бұл жер біртұтас ауылға айналып, бүгінде ол Омбы қаласының сол жағалауында орналасқан «Қаржас поселкесі» деген атпен белгілі. Міне, осы үйлер мен интернатта Баянауылдың орыс оқуына ұмтылған балалары оқып, кейіннен ел үшін қызмет еткен. Мұса мырза өз дуанына қараған тоғыз болыс ауылдарындағы балалардың медреселерде оқуына көп көңіл бөлген. Жыл сайын әр болыстан бір-бір баланы Омбы, Павлодардағы орыс мектебіне міндетті түрде оқуға жіберіп отырған. Баянауыл станицасында, Павлодар мен Омбыда қазақ балалары оқитын мектептер ашуға қол жеткізген. Өмірінің соңғы жылдарында Баянауылда гимназия ашуды көздеген екен. Ағартушылық дәстүрді Мұсаның тұңғыш баласы Сәдуақас та (Сәкен ағай) жалғастырады. Туған жері Ақкеліндегі Шормановтар мектебі сол кездегі мәдениеттің озық үлгісі болған. Сондықтан Мұса мырза Баянауыл өңіріндегі ағартушылықтың бастауында тұрған адам деп айтуға толық хақымыз бар.

Қаламгерлік

Мұса Шорманұлы бірнеше этнографиялық және тарихи еңбектер жазған: «Павлодар уезінің қазақтары туралы» (1866 ж.), «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» (1871 ж.), «Батыс-Сібір қазақтарының шаруашылықтары» (1833 ж.), т.б. Еңбектерінің ең ірісі – «Павлодар уезінің қазақтары туралы жазбалары» 1906 жылы жарияланған. Аталмыш еңбек қазақтардың көшпелі тұрмысына талдау жасауымен ерекшеленеді. Мұнда мал бағу тәртібі, көшіп-қону жағдайы, төрт түлікті бағу және өсіру әдістері, қыстауларды жасақтау, қосалқы кәсіпшілік пен қолөнер кәсібін дамыту секілді мәселелер кеңінен сөз болған. Бұл еңбек күні бүгінге дейін өзінің ғылыми құндылығын жоғалтқан емес.

Мұса Шорманұлы үнемі Г.Потанин, Н.Ядринцев, Н.Костылецкий секілді белгілі ғалымдармен ой бөлісіп, пікірлесіп отырған. Баянауыл округіне орыстың этнографиялық комиссиясын бастап келген, қазақ этнографиясын зерттеуші А.Гейнспен араласады. «Сібір қазақтары туралы ең маңызды этнографиялық мәліметтерді тек қана Шыңғыс Уәлиханов және Мұса Шорманұлы баяндай алады» деп жазады орыс ғалымы сол уақытта. Сондай-ақ 1896 жылы «Русское богатство» журналында Г.Потанин Мұса Шорманұлына «зерек ақыл-ойдың иесі және қазақ өмірінің білгірі болған адам ретінде Омбыға да танымал» деп жазған.

Мырзалық

Екібастұздық зерттеуші, этнограф Серік Жақсыбаев ағамыз «Қаржас ұрпақтары» атты кітабында «Өз халқына сіңірген еңбегі үшін жұрт Мұса Шорманұлының есімін көзі тірісінде-ақ ілтипатпен «Мұса мырза» деп атаған» деп жазады. Оған негіз де жоқ емес. Мұса Шорманұлының ақылды, даналығына қоса халыққа жасаған қамқорлығы да - өз алдына бір төбе. Ол қазақ жастарының Ресей қалаларында білім алуына ұйытқы болумен қатар, Омбыдағы ауқатты қазақтардан жетімдер үйіне, құдайханаға, гимназияға қаражат жинап отырған. Баянауылда өз қаражатына мешіт салдырып, медресе ашқан. Бір атап өтерлігі, Мұса Шорманұлы ел басқару ісінде патша үкіметі тарапынан берілген ресми бұйрықты Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңымен сәйкестендіре пайдаланып, дуандағы халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсай білген. Сонымен қатар ол ел ішіндегі дау-шарларды шешуде өте-мөте әділ болып, барымташылық пен ұрлық-қарлыққа тыйым салып, кедейлерге көмек көрсеткен. Сондықтан ел ішінде қазақтар «Мұса мырза», орыстар «Большой господин» деп атап кеткен екен. Мұса Шорманұлы Ақкелінде ағаш үйлер салғызып, егін еккізіп, елді отырықшылдыққа бағыттаған, өзі үнемі саятшылықпен айналысқан, асыл тұқымды жылқылар өсірген. Қазақтың қолөнерін жоғары бағалап, Петербург, Москва, Парижде ұйымдастырылған халықаралық, дүниежүзілік көрмелерге ұлттық бұйымдар жіберіп тұрған. Ата-бабамыздың көзіндей, кешегінің өзіндей болған бұл заттар сол музейлердің қорында әлі сақтаулы.

Қайраткерлік

Ата-бабасынан үзілмей келген тектілік Мұсаға да жеткен. Бала кезінен топты жерде сөз алып, көзге түседі, жасөспірім шағында халықтың қалауымен Төртуыл болысының басқарушысы болып сайланған дейді. Бұл - қазақ тарихында сирек кездесетін оқиға.

Мұсаны әкесі Шорман 1834 жылы сол кездегі үлкен оқу орны – Омбының Азиялық әскери училищесіне оқуға береді. Алғыр бала 4 жылда орыс әдебиеті мен мәдениеті, тарих, география, математика, т.б. ғылымдарды оқып, өз заманының білімді азаматы болып қалыптасады. Бұдан кейін ол ел басқару ісіне араласты. 1840 жылы Баянауыл сыртқы округінің заседателі (аға сұлтанның орынбасары) қызметін атқаруға кіріседі. 1850 жылдың 5 желтоқсанынан 1851 жылдың 24 желтоқсанына дейін сайлаусыз, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны міндетін атқарды, 1853 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорттың бұйрығымен хорунжий атағы, бір жылдан кейін 1854 жылдың жазында Баянауылға рұқсатсыз кірген қытайлық алтын іздеушілерді Ресей шекарасынан қуып шығуға патша әскеріне көмек көрсеткені үшін офицерлік сотник шені беріледі. Осы жылы оны Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтандығына бекітуге бұйрық шығады. 1855 жылы ол патша ағзам Николай біріншінің рұқсатымен Петербург қаласына барады. Сол жерде оған тағы да кезекті есаул шені беріледі.

1855 жылы Ресей патшасы Николай бірінші қайтыс болып, таққа оның үлкен ұлы ІІ Александр отырады. Осы салтанатқа қатысу үшін 1856 жылдың ақпанында Петербургке барады. Осы сапарында Мұса Шорманұлы император ІІ Александрдың жеке қабылдауында болып, патша аға сұлтанға майор әскери шенін берген екен.

Мұса Шорманұлы 5 рет сайлаудан сүрінбей өтіп, 15 жылға жуық Баянауыл дуанында аға сұлтан болды. Дегенмен, 1868 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы А.П.Хрущов оны аға сұлтандыққа өткізбей тастайды. Сөйтіп, Мұсаға 1868 жылы полковник әскери шені беріліп, қызметтен босатылып, жыл сайын мем-лекет қазынасынан 350 рубль өмірлік жалақы тағайындалды. Бірақ мемлекеттік қызметтен шеттетілмей, біраз жыл Омбы қаласында Батыс Сібір генерал-губернатор әкімшілігінің жанындағы қазақ өкілі ретінде кеңсе қызметкері болады. Міне, осы Омбыда орыстың бірқатар білімді адамдарымен араласып, өзі де ақыл-парасатымен танылады. Жиені Шоқан арқылы жазушы Ф.М.Достоевскиймен де қарым-қатынас жасайды. Жиен демекші, сөз ора- йында айта кетейін, Шоқан – Шорманның Зейнеп деген қызынан туған. Зейнеп Шорманқызы - 1834 жылы 17 жасында Ақкелін елінен Көкшетаудағы Уәли хан әулетіне келін болып түскен екен. Мұса мырза Зейнеп әпкесінен туған Шоқанның қабілетін ертерек танып, оның ақылшысы болған. Шоқан арқылы өзі де орыстың озық ойлы адамдарымен танысады. Шоқан нағашысынан қазақ фольклорының, тарихи аңыз-әңгімелердің нұсқаларын жазып алып жүрген. Сондай-ақ Шорман әулеті мен Қаныштың атасы Сәтбай әулеті де жақын болған. Қазақ елінің символына айналған «Алтын адамды» тапқан ғалым Кемел Ақышев Шорман бидің шөбересі болып келеді. Әкесі Ақыш – Мұса мырзаның інісі Әужаннан туса, анасы Ғазиза – Қаныш Сәтбаевтың туған апасы, Имантайдың қызы. Атақты күйші Тәттімбет пен Мұса құда болған. Тәттімбеттің Мұсатай деген баласы Мұсаның Шәмшия деген қызына үйленген. Күйшінің «Бес төре» деген күйі бар. Осындағы бес адам - өз заманының белгілі тұлғалары: Құнанбай, Жайықбайдың Ыбырайы, Сандыбайдың Ердені, Шорманның Мұсасы және төре тұқымынан шыққан Шыңғыс сұлтан.

... Марқұм Серік Жақсыбаев ағамыздың жазбасында Мұса Шормановтың тағы бір сұңғыла білгіштігі жайлы айтылады. Ол жер астындағы пайдалы қазбаны сол арада өсетін өсімдіктерге қарап айыра білген дейді. 1844 жылы Баянауыл станицасының оңтүстік-батысында 40 шақырым қашық-тықтағы Ащысор көлінің жағасында мыс кенінің бар екенін анықтаған. Алайда оны пайдаға асыруға патша әкімдігі жол бермеген көрінеді.

Мұса Шорманұлы 1884 жылдың аяғында Омбыға барған сапарында аяқ астынан қайтыс болды. Генерал-губернатор Колпаковсийдің рұқсатымен Мұса мырзаның денесін Ақкелін қыстауына әкеліп, 1885 жылдың 1 қаңтарында жерленді. Жаз шыққан соң Мұса Шормановқа Шідерті бойындағы Шүршітқырған деген жерде ас беріліп, оған қазақтың кең байтақ жерінен, Ресейден 10 мыңнан аса адам қатысып, 100 киіз үй тігіліп, үлкен жиын болады. Оған Құнанбай мен Абай да шақырылған деседі. Алайда Құнанбай қажының сырқатына байланысты олар асқа қатыса алмапты. Осы жиынның сипаты жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 44 шумақ өлең жазған.

Мұсатанудың алғашқы қадамдары

Заманның аумалы-төкпелі шағында кеңестік саясаттың бар қасірет-қайғысын бастан өткеріп, туған жерден безіп, тоз-тоз болған Шорман әулетінің тарихы ондаған жылдар көзден таса болып келді, әлі де өз дәрежесіне лайық зерделенбей жатыр. Бірақ бұл Мұса Шорманұлы осыған дейін еске алынбады деген сөз емес. 2002 жылдың 19 желтоқсанында Мұса бабамыздың қоладан құйылған ескерткіші Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының алдына орнатылуы – мұсатанудың алғашқы қадамы десе де болады. Сонымен қатар, 2003 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің сол кездегі басшыларының қолдауымен «Кереку-Баян кітапханасы» сериясы бойынша шыққан 28 томдықтың бірі Мұса Шормановқа арналған-ды. 2005 жылы Павлодар университетінің проректоры қызметінде жүрген кезімде, Ақкелін еліне қатысы бар он тарихи тұлғаға ас беруді ұйымдастырдық. Мыңнан аса адамға ас берілген осы айтулы жиында аламан бәйге өтіп, бас жүлдеге автокөлік тігілді, белгілі әнші Рамазан Стамғазиев, т.б. халықты ән мен күйге бөледі. Мырзағұл мен Жәдігерден тараған тарихи тұлғаларға, оның ішінде Шорман мен Сәтбай әулеттеріне, арнайы Мұса мырзаға бағышталып құран хатым түсірілді. «Асыл мұрасын асқақтатқан бабалар» атты қысқаметражды фильм және менің тарихи тұлғаларға арналған кітапшам жарық көрді. Сол аста айтылған жоспарлардың кейбірі қызметтің ауысуына байланысты орындалмай қалды. Алайда «Армансыз адам, қанатсыз құс болмайды» демекші, қанатты қайта қағар заман Алла жазса, бола жатар. Соның бір айғағы ретінде толық түсті бояумен айшықталған «Баянаула перзенттері» деп аталатын, екі томдық еңбек (біреуі 567 бет, екіншісі 747 беттен тұрады) жарық көрді. Оның шығуына бүгінгі Баян өңірінен шыққан ірі кәсіпкерлердің бірі, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, академик-химик Әбікен Бектұровтың інісі Хамзенің баласы Ғаббас Хамзеұлы Бектұровқа деген алғысымыз шексіз. Алла сәтін салса, «Баянаула перзенттері» кітабының 3-ші томы биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Тәуелсіздік күні қарсаңында шықпақ. Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойына орай С.Жақсыбаев, А.Нухұлы, Е.Рахимов үшеуіміздің орыс тілінде «Муса Шорманов» атты ғылыми монография, бас редакторлығыммен қазақ тілінде «Мұса Шорманұлы» атты әдеби жинақ жарық көрмек.

2005 жылы Теңдік ауылында өткен аста: «Заман өзгеріп, тарихымызды түгендеп жатқан заманда Теңдік ауылының атауын өзгертіп, Мұса мырза немесе Мұса Шорманов ауылы деп атасақ, Шорман ұрпақтарына жасалған әділетсіздік қалпына келер еді», – деген ұсыныс айтып едім. Бұл ұсынысты облыс басшылары қолдады. Баянауыл ауданындағы Теңдік ауылына Мұса Шорманұлының аты берілмек және бұл жағымды жаңалық жалқы болмай, Жаңажол ауылына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Қараащы ауылына Қаныш Сәтбаевтың есімі беріледі деп отырмыз. Сөз соңында тағы бір айтар сөз, 2002 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ғылым саласы бойынша проректор боп жүрген кезімде, талантты жастардың бірі, бүгінде тарих ғылымдарының кандидаты Ернұр Рахимовқа осы Мұса Шорманов тақырыбына кандидаттық диссертация жазуға қалай қарайсың деген едім. Ол азамат өтінішімді қабыл алып, 2007 жылы Ресейдің Томск қаласында «Муса Шорманов – общественный, государственный деятель и исследователь традиционной культуры казахов» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шықты. Бұл - әзірше мұсатану барысындағы ғылыми деңгейдегі жалғыз сүбелі еңбек. Ел аман, жұрт тыныш болса, алдағы уақытта Мұса мен оның заманы жайлы талай ғылыми зерттеулер, тарихи толғамдар жарық көре жатар деп ойлаймын.

- Істеріңізге сәттілік тілейік!

Жазып алған – Сая МОЛДАЙЫП.


Ел өресін өрге тартқан

Немістің ұлы философы Гегель: «Барлық адам бір ыңғайда ғана ойласа, онда олардың ештеңе ойламағаны» деген қанатты сөзі бар. Көптеген шенеуніктерде кешегі әміршіл-әкімшіл кеңес заманынан қалған өркөкіректік, мансапқа мастық, озбырлық әлі де сақталған. Осыларды көріп отырып, өз заманында жарлы мен жақыбайды, би мен болысты бірдей тыңдап, әділ билігін берген кешегі Шоң мен Шормандар, Секербайлар, Мұсалар, Үкібайлар еске түседі.

Заманында отарлаушылармен алысып өткен Кенесары хан күні туып, айналасына ел жиылып, көтерілістің шегіне жетіп тұрған кезінде (1838-1839 жылдардың бірі болса керек), ұлт-азаттық қозғалыстың мән-мағынасын түсінсе де араласа қоймай сырт жүрген Мұса Шорманұлын ұстатып алдына алдырып (Мұса ол кезде жас жігіт), оның соңындағы Сүйіндік елін көтеріліске тарту үшін:

– Сен өзің қылмысыңды білесің бе, мойындайсың ба? – деп сұрапты. Бұл сұрақтың себебі, Кенесары ханға жақтас болып, біреуі атылып, енді бірі айдалып кеткен Азынабай байдың екі ұлы Сейтен мен Тайжанның трагедиялық тағдырына Мұсаны кінәлі санаса керек. Сонда Мұса:

– Әй, тақсыр, мойындаймын, – депті дейді осы әңгімені айтушылар. – Мен өлімнен қорықпаймын, ажал адамға бір-ақ рет қана келеді. Мен арманыма жете алмай өлем бе деп қана өкінемін, – депті.

– Ол арманың не? – деп сұрайды Кенесары.

– Арманым - азамат болып, еліме қызмет ету, – деген екен сонда Мұса. Кенесары осы сөзден соң оны босатып жіберген екен дейді. Шындығында да Мұса Шорманұлының содан кейінгі бар ғұмыры тек еліне қызмет етуге арналған. Мұса мырза ел-жұртты Кенесарыға еріп, Ресейдің жазалаушы әскерімен ашық айқасып кетуден сақтандырса да, ол ұлт-азаттық көтеріліске іштей тілектес болған және өзге қазақ сұлтандарындай отаршыл өкіметке жағынудан өзін аулақ ұстаған. Мұсалар сол кезде зеңбірегін сүйретіп, отқарумен қаруланған патша әскеріне сойыл, шоқпармен қарсы тұра алмай, халықтың текке қырылатынын білген шығар. Ол сол заманда көзсіз ерліктен гөрі, айла-тәсілмен ұлттың өзегін сақтап қалу саясатын ұстанғанын байқайсыз. Ол әдіс халықтың рухын оятып, ғылым мен білім жолы арқылы елдікті сақтап қалу болатын. Мұса мырзаның өмірдегі негізгі мақсаты осы еді. (Көпшілікке белгілі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің кезінде де Әлихан бастаған Алаш зиялылары патша әскерімен қарулы қақтығысқа қарсы болған, көтеріліс басылғасын тек оған қатысушылар ғана жазаланып қана қоймай, қаншама қазақ ауылдары қырғынға ұшырап, жүздеген жазықсыз адамдар атылып, талай ауылдар елден ауып кеткен).

Алпысбес ӘДІЛХАНҰЛЫ, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, шежіреші, өлкетанушы.


Мұса мырза мен Үкібай би

Мұса мырза заманында жасап өткен дала данышпандарының бірі – Үкібай би Найзабекұлы. Сол кездердегі Баянаула елінің ішкі-сыртқы шаруаларына мейлінше араласқан Үкібай айтулы шешен, ақпа жүйрік адам болған.

Бар ғұмыры ат үстінде өтіп, ұзақ жылдар Сатылған Қаржас, Сатылған-Алтынторы болысын басқарған. Үкібай бидің аса тапқыр, ойлау қабілетінің жоғары екенін мына бір әңгімеден байқауға болады. Омбыдан Шорман ауылына келген бір орыс шенеунігі дуанбасы Мұса мырзаға:

– Қазақта ақылды адам көп дейсіз. Соған көз жеткізейін деп едім. Қоятын екі сұрағым бар, соған жауап беретін адам табыла ма? – депті. Мұндайда Мұсаның сенері - Үкібай би. Дереу оған ат шаптырады. Мұсаның сәлемін естіген Үкібай: «Алла бергенін қайтып алмаса, орыстың сұрағына жауап табармын!» – дейді. Мұсаның ауылына келген Үкібайға шенеунік:

– Сендер Алла бар дейсіңдер. Егер бар болса, оның мекен-тұрағы қайда, көкте ме, жерде ме, әлде басқа бір жақта ма? – деген сауал тастайды. Үкібай дереу Мұсаның бәйбішесіне бір аяқ сүт алғызып, шенеуніктің өзіне қарсы сұрақ қойыпты:

– Осы сүтте май бар ма? Бар болса, ол сүттің бетінде ме, әлде ортасында ма, болмаса астында ма?

– Сүтте май бар екені анық, бірақ дәл қай тұсында екенін айту мүмкін емес, – дейді шенеунік.

– Ендеше, Алланың да бар екені анық. Бірақ мекен-тұрағы өзіне ғана аян, – депті Үкібай.

Шенеунік екінші сұрағын қояды:

- Құдай қаһарланса, он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғы-зады дейді. Ол қалай сыяды? – дейді. Үкібай бір алақанымен шенеуніктің бір көзін басып, екінші көзіңмен далаға қара, көзің түскен жерге қанша адам сыяды деп сұрайды.

– Бірнеше жүз мың адам сыятын шығар, – депті шенеунік.

– Сенің көзіңнің бір қарашығына бірнеше жүз мың адам сыйғанда, Алла тағала неліктен он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғыза алмайды? – депті Үкібай.

Бидің тапқырлығына риза болған ұлық: «Мынау не деген ақылды қазақ, еуропаша білім алса, бұған тең келер адам табылмас еді», – деп риза болып аттанған екен.

 

saryarka-samaly.kz