Осыдан екі-үш жыл бұрын бұл өзенді «өзен» деп атау мүмкін емес еді. Арнасы қоқыс қалдықтары мен қураған ағашқа толып жататын. Соның салдарынан ағысы мүлдем тоқтап, жауыннан қалған тоқтау судан еш айырмашылығы болмай қалған. Себебі, бұған дейін Түлкі өзеніне ешбір мекеме «мойын бұрып», тазалық шарасын жүргізбеген. Ал арнасы бітеліп, ағысы тоқтаған өзеннің «ғұмыры» ұзаққа созылмайды. Бұдан жергілікті халық зардап шегеді. Әсіресе, жағалауда егін егіп, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа қожалықтары судан қағылады. Міне, осы мәселені ескерген облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасы «Ақтоғай ауданындағы Түлкі өзені ағысының бастауы- нан Алға ауылына дейін қайта жаңғырту» атты үш жылға арналған арнайы жоба әзірледі. 2016 жылдың басында мердігер компаниялар арасында конкурс жарияланып, қорытындысы бойынша аталмыш жобаны «Павлодар өзен порты» АҚ жеңіп алған. Міне, үш жылға созылған жұмыс нәтижесінде «Түлкінің» «көзі» ашылды. Ең алдымен судың бетіне құлаған ағаштар мен басқа да табиғи қалдықтар сыртқа шығарылса, одан кейін өзен арнасын бөгеп жатқан лай-батпақтарды арнайы техника арқылы жиекке төкті.

«Павлодар өзен порты» АҚ төрағасының орынбасары Төлеген Күлжанның сөзінше, өзеннің тереңдігі бұрын 1,5-2 метр болған екен. Бірақ күтіп-баптау жұмыстарының жоқтығынан бір метрге дейін таязданған.

- Тазалық шарасын төрт мезгіл бойы жүргіздік. Қыс уақытында қураған ағаштар мен шөп үйінділерін алсақ, жаз және күз мезгілдерінде судың арнасын толтырып тастаған лай-батпақтарды сыртқа төктік. Былтырғы жылдың соңына дейін 810 миллион теңгені игеріп, өзеннің 14-15 шақырымын тазалаған болатынбыз. Мұнда «Павлодар өзен порты» мекемесінің арнайы техникалары жұмылдырылды. Мысалы, судың астындағы батпағын сүзіп шығаратын «Классик-4» маркалы алып техниканы Финляндиядан алдырдық. Мұндай техника әзірге Қазақстан бойынша бізде ғана бар. Сонымен қатар, су бетіне және өзен жиегіне үйіліп қалған ағаштарды аршуға арналған екі су краны бар. Жоба басталғалы 20-30 адам кезекпен үздіксіз жұмыс істеп келеді. Шығарылған ағаштарды біз далаға лақтырып жатқан жоқпыз. Мүткенов ауылының зейнеткер-леріне тегін беріледі. Былтырдың өзінде 800 тоннадай отынды тегін үлестіргенбіз - дейді Төлеген Мұқатайұлы.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурс-тары басқармасының бөлім басшысы Бәкібай Омаровтың сөзінше, өзен арнасының ұзындығы 27 шақырымды құрайды. Ал жобаға соның 23,6 шақырымы енгізіліп, тазарту жұмыстары жоспарланды. Бүгінде соның 20 шақырымнан астам бөлігі қалпына келтіріліпті. Үш жылға созылған жоба ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс екенін айтты.

- Өткен жылы осы уақытта барлық облыстық БАҚ өкілдерін жинап, өзеннің жағдайымен таныстырған болатынбыз. Ол кезде өзен суы бұдан да лас болатын. Қазір арнасы кеңейіп, суы тұнып, ағысы қайта қалпына келді. Сонымен қатар, судың деңгейі де жоғарылап, жағалаудағы шаруа қожалықтарының суды пайдалануына мол мүмкіндік туды. Бұл әлі де біздің назарымызда болады. Өзен арнасы қайтадан бітеліп қалмас үшін гидрологиялық режимнің кестесі бұзылмауы керек. Ал су режимі қалпында болу үшін су босату тоғандары нормаға сәйкес жұмыс істеуі тиіс, - дейді Бәкібай Омаров.

Бөлім басшысының сөзінше, Ертістен бөлінетін шағын өзендер табиғатты қорғау мамандарының үнемі назарында болады. Түлкі өзенінің тазалығы басталмас бұрын Баянауылдағы Жасыбай көлінің, Павлодардағы Усолка және Ақсу қаласы аумағындағы Белая ағындарының арнасына тазалық жүргізілген. Алда тағы үлкен жобалар күтіп тұр. Солардың бірі – Баянауыл ауданы аумағындағы Ащысу өзенін қалпына келтіру. Жобалық-сметалық құжаттары жасалған. Бұл жобаны жүзеге асыру уақыты сегіз айға жоспарланған. Яғни, биылғы жылдың соңына дейін бастап кетсе, келер жаздың ортасында аяқталады деген болжам бар. Жобаның бастапқы бөлігін жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 3 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініпті. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен тағы қосымша қаражат бөлінеді, дейді мамандар.

- Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары Баянауыл ауданында су тасқыны жиі орын алуда. Бұған өзен арналарының бұзылуы себеп. Егер су жиегіндегі қабақтар ойылмай, сол қалпында тұрса, тасқын сел сол арнамен ағып кете береді. Бұдан бөлек Павлодар, Ертіс және Май аудандарының әкімдіктерінен өтініш түсіп жатыр. Егер билік тарапынан қолдау болса, жобасын жасап, іске кірісуге әзірміз, - дейді ол.

Ақтоғай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекболат Рамазановтың сөзінше, Түлкі өзенін тазартудың тиімділігі зор. Әсіресе, өңірдегі ауыл шаруашылығы кешендері үшін өте маңызды болып табылады.

- Бүгінгі күні осы жағалауда суармалы егін шаруашылығымен шұғылданып отырған кәсіпкерлер баршылық. Солардың қатарында аудандағы ең ірі агрокешендердің бірі – «Ақтоғай-Агро» ЖШС-де бар. Бұл шаруашылық 500 гектар егістік алқабын осы өзен арқылы суарып отыр. Сонымен қатар, Мүткенов, Әбжан, Алға ауылдарына қарайтын бірқатар шаруашылық пайдаланады, - дейді Бекболат Амантайұлы.

Тілеуберді САХАБА
Ақтоғай ауданы.

saryarka-samaly.kz