Кешеннен келер пайда көп

Үкімет басшысы жұмыс сапарын Екібастұз қаласынан бастады. Алдымен мұндағы ірі кәсіпорын – «Шығыс» кенішіне барды. Аймақтың жылыту маусымына дайындығын пысықтады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек биыл жеті айда көмір өндірісінің көлеміне тоқталды. Айтуынша, былтырғымен салыстырғанда өндіріс көлемі 3,5 пайызға артқан. Облыс тұрғын-дарының қажеттілігіне жұмсалатын көмір қоры шамамен 120 мың тоннаны құрайды. Ал аймақтың қалалары мен аудандарының отын базаларында халыққа арналған шамамен 18 000 тонна көмір бар екен. Жалпы, қазіргі таңда облыста көмір тапшылығы байқалмайтынын, еркін сатылымда екенін атап өтті. Халыққа көмір жеткізумен 300-ден астам жеке кәсіпкер айналысады. Бүгінгі бағаларды да атады. Жеткізу қашықтығына, түріне және сұрыпына қарай көмірдің бөлшек құны бір тоннасына 6700 теңгеден 17000 теңгеге дейін, соның ішінде тасты түрі тоннасына 6700–10 500 тг аралығында және қоңыр көмір 11 500–17 000 теңгеге дейінгі аралықта сатылады, деді Ұ.Жазылбек. Әлеуметтік нысандарын қамтуға да көмір тиісті деңгейде әрі кестеге сәйкес жеткізілуде.

Ал қарамағына «Шығыс» кеніші кіретін «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ президенті В.Гриненко кәсіпорында енгізілген озық технологиялар жайында баяндады. Кеше өндіріс орнында тағы бір маңызды жабдықты Үкімет басшысы іске қосты. Бұл – жылына 10 миллион текше метр аршыма тау жынысын өңдейтіндей қуаты бар циклдық-толассыз аршыма кешені. Осы жабдықтың көмегімен еңбек өнімділігі артып, көмір қабаттарын аршу қамтамасыз етіледі. Өнімнің сапасы да артатын көрінеді. Осылайша, кеніштің бәсекеге қабілеттілігі еселенбек.

Ата-аналар неге алаңдаулы?

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өндіріс орнынан кейін Екібастұз қаласындағы №36 мектеп-лицейге барды. Білім ордасын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Жабдықталуына оң бағасын беріп, шахмат кабинеттерінің ашылғанын айрықша атады. Осы ретте, аймақ бойынша әр мектепте мұндай кабинеттер қарастыру – ұтымды шешім, деді.

Одан кейін Бақытжан Әбдірұлы облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге кеншілер шаһарының 40 мекте-бінің қамқоршылық кеңестері өкілдерімен кездесіп, ашық-жарқын әңгіме құрды. Бұл жүздесуде білім саласындағы сан өзгерісті ата-аналар ортаға салып, сұрақтарын қойып, үкіметтегілердің пікірін білді.

- Білім саласына көп өзгеріс енгізіліп жатқанын білеміз. Мұндағы мәселелер еліміздің әрбір отбасына қатысты. Әрбір өзгеріс қоғамда қызу талқыға түсіп жатады. Бірде келісесіздер, бірде жоқ. Сондықтан, сіздермен тікелей кездесіп, ойларыңызды білгіміз келеді. Бұйымтайларыңызды бүкпесіз жеткізсеңіздер болады, - деді Бақытжан Әбдірұлы.

Осыдан соң ата-аналар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жаудыртты, тілек-ниеттерін білдірді. Мәселен, Шынар Ақмұрзина көптеген ата-аналардың таңнан кешке дейін кеніштерде жұмыс істейтіндігін алға тартып, мектептерде түстен кейін де бастауыш сынып оқушыларын қалдыратын орындар қарастыруды сұрады. Айтуынша, мұндай тәжірибе қаланың бір мектебінде бар көрінеді. Облыс әкімі Болат Бақауов мүмкіндіктер қарастырылатынын уәде етті. Ал №22 мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Қарғаш Қоқымбаева ҰБТ сертификатының жарамдылық мерзімін ұзарту жағын сұрады.

- Мерзімін ұзарту мүмкін емес. Биылғы сертификатпен келесі жылы гранттар бөлінетін конкурсқа қатыстыру қисынсыз болады. Себебі, әр жылдағы сұрақтар деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Осы ретте, жоғары оқу орындарына түсуге тестілеуді жылына төрт рет ұйымдастыруды ойлас-тырып жатырмыз. Бүгінде үш рет өткізіледі. Оның бірі мемлекеттік грантқа ие болу үшін өтсе, қалғаны ақылы бөлімге қабылдану үшін ұйымдастырылады, - деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Ал тұрғын В.Патрахина білім берудің жаңа жүйесі бойынша оқушылардың білімін бағалау тәртібіне көңілі толмайтынын, баға қойылмағаннан кейін баланың қалай оқып жүргенінен ата-аналар бейхабар екенін айтты. «Сондықтан ескі бағалауға көшу мүмкін бе?» деген сауалын қойды.

- Мүмкін емес. Ескі жүйеден пайда жоқ, ал зияны көп. Сондықтан баға қоюды алып тастап, тек тоқсандық бақылауды қалдырып отырмыз. Демек, тоқсан соңында ғана баланың қаншалықты білім алғанын анықтауға болады. Баға қою баланы қорқытумен тең. Өзіңіз қараңызшы, бес жасқа дейін бағаның не екенін білмейтін баланың дамуы жан-жақты. Ал бір күн төмен баға алған бала басылып қалады, - деді еліміздің бас мұғалімі.

Дегенмен, Үкімет басшысы Б.Сағынтаев ата-аналар тарапынан сұрақ туындап жатса, түсіндірудің, оның шешімін табудың жолдарын қарастыру қажет, деді министрге. Осы ретте, Премьер-Министр нақты талдау жасап, нәтижесін ата-аналардың назарына ұсыну керектігін де ескертті.

Тағы бір ата-ана орыс сыныптарына арналған қазақ тілі кітабында қосымша сөздердің азайғанына алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, соның салдарынан сөздерді қазақ тілінен орысшаға аудару балаларға қиынға соғуда.

Бас мұғалім неліктен мұндай қадам жасалғанын түсіндірді. Яғни, оқыту әдістемесі түбегейлі өзгеріпті.

- Біз балалардың тілді білгенін емес, меңгергенін қалаймыз. Сондықтан грамматика мен ережелерді азайтып, есесіне сөздерді қайталап беруді көбейттік. Бір сөздің бір оқу жылында кем дегенде 6 рет қайталануына мән беріп отырмыз. Сонда 1-сынып бітіретін оқушы кем дегенде 1746 сөз білетін болады. Бұрын бір сөзді оқушы жылына бір рет қана еститін. Мұндайда сөз есте қалмайды.

Үкімет басшысы қазақ тіліне аударуға қатысты соңғы кезде нақты ұстаным барын айтты. Яғни, кезінде жөн-жосықсыз аударылған терминдерді бұрынғы қалпына түсіру көзделуде. Ол да көпшілікке тіл үйренуді оңайлата түсетініне сенім білдірді.

Екібастұздық ата-аналар Астанадағы сияқты бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылуын қалайды. Үкімет басшысы бұл өтінішті облыс әкімі Болат Бақауовқа бағыттады. Өңір басшысы өз кезегінде ұсыныс зерделеніп, қарастырылатынын айтты. Калория-сына қарай оқушылар тамағының құны бұрын 200 теңге болса, бүгінде 600 теңге шамасында екенін де облыс әкімі атап өтті. Бұл айырмашылықты қазынадан өтеу жағы да ойластырылып жатыр, деді.

Екібастұздағы қазақ қыздар гимназиясы ата-аналары атынан сөйлеген Айсұлу Ескендірова оқу ордасының жеке ғимараты жоқтығынан білім беру үдерісіне айтарлықтай кедергі келіп жатқанын айтып, Үкіметтен жәрдем сұрады. Бақытжан Сағынтаев «облыс ұсыныс түсірсін, құжаттары дайын болса, қарастырайық» деп қысқа қайырды. Мектептерді бес күндікке көшіру балаларға салмақ түсіретіні де тілге тиек етілді. Ата-аналардың алаңына бас мұғалім былай деп жауап қатты:

- Биыл 6 қыркүйектен бастап жаңа типтік ережелер енгізілді. Енді мектеп қамқоршылық кеңесімен бірлесіп, өздеріне жаңа типтік оқу жоспарын таңдау құқығына ие. Яғни, 10-сыныпта аптасына бұрын 30 сағат болса, енді 24 сағаттыққа көшуге болады. Мұнда оқушы үшін ең қажеттілері іріктеліп алынады. Сонда бес күндік оқу аптасына толық сыйып кетеді. Бұл жерде мұғалімдердің сағат саны, сәйкесінше, айлығы азаятынын айтқым келеді. Бірақ біз мектептерге еркіндік беріп, жаңа типтік оқу жоспарына көшуден босаған қаржыны мұғалімдерді ынталандыру үшін пайдалануға бағыттауды көздеп отырмыз, - деді Е.Сағадиев.

Аралас мектептерде қазақ сыныптары оқушыларының орысша сөйлейтінін алға тартқан ата-ана оларды таза мемлекеттік тілде білім беру мекемелеріне ауыстыру жағын сұрады. Бас мұғалім мұндай пікірмен келіспейтінін кесіп айтты. Орысша сөйлеуі оқу үдерісін ұйымдастырудағы кемшіліктен орын алып отыр, деді. Бұл ретте, Е.Сағадиев халықаралық тәжірибені мысалға келтірді. Әлемде мектепте бір тілде, үйде екінші тілде сөйлейтін баланың ойлау қабілеті еселенетіні дәлелденгенін атап өтті.

Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе – мектеп психологтары мен әдіскерлерінің айлығының аздығы. Яғни, мұғалімдер еңбек-ақысы көтерілгенімен, мұндай қызметкерлердің алатыны өспеген. Мұңын шаққан мамандарға Үкімет басшысы былай деді:

- Ол рас, психологтардың жала-қысы мардымсыз. Ал психологтың жұмысы өте маңызды. Біз балалардың жан дүниесін тереңінен түсінуіміз керек. Оларды тек мықты психолог қана қиындықтан алып шығады. Алайда білікті психолог қазіргідей айлыққа мектепте қалмайды. Бүгінде мұндай мамандарға қажеттілік артып отыр. Тіпті, ірі кәсіпорындардың өзі қызметкерлерінің назарын тек еңбекке бұру үшін психологтар алуда. Жамандықтан аулақ ұсталған бала ғана бар зейінін оқуға арнайды. Бұл мәселені талқылап жатырмыз. Мұқият қарастыратын боламыз, - деді Премьер-Министр.

Мектеп оқулықтарының салмағын азайту үшін де атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. Яғни, электронды оқулықтар енгізіледі, деді Е.Сағадиев. Бірақ, Үкімет басшысы мұндай жаңашылдық ата-аналарға тағы салмақ түсіретінін, компьютер алып, интернетке қосылуды талап ететінін ескертті.

Орны бөлек орталық

Премьер-Министр Екібастұздағы қазақстандық майнингтік компанияда болды. Жуырда ғана ашылған майнингтік қызмет көрсететін «БНКА Энерджи» ЖШС-нің техникалық мүмкіндігін бағалап, болашақ даму жоспарымен танысты.

Бұл компания екібастұздық 4 МВт электр энергиясын тұтынуда. Алдағы аптада тағы бір компания іске қосылса, тұтынылатын электр қуатының көрсеткіші 11 МВт-қа артпақ. Кейін тағы да өседі деп күтіледі. Жыл соңына дейін 33 МВт энергия пайдаланылады.

Бүгінде құны 5,7 млрд. теңге тұратын орталықта 16 адам жұмыс істейді. Жоба аяқталғаннан кейін 60-қа жуық жұмыс орны құрылмақ. Тоқсан сайын мамандар Қытайға, майнинг-жабдықтар шығарылатын зауытқа біліктілікті арттыру үшін жіберіледі. Ол жақта мамандар жабдықтарды қалай жөндеп, олармен қалай жұмыс істеу керек екенін үйренеді. Еске сала кетейік, 2017 жылғы маусым айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Х Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінде әлемдік валюта құру мәселесін көтерген еді. Сол кезде Мемлекет басшысы әлемдік қаржы архитектурасын түрлендіру қажеттігі туындағанын, халықаралық есеп айырысу-төлем бірлігін енгізу мәселесін мұқият қарайтын уақыттың жеткенін айтты.

Екібастұздағы компания май- нингтік фермаларға қызметін ұсынумен де айналысады. Яғни, майнинг құрылғыларын орнату, құрал-жабдықты бақылау және сараптау, үздіксіз электр энергиясы мен интернет желісімен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта аталмыш компания осы саладағы алдыңғы азулы кәсіпорындарының қатарында. Орталықтың дәл осы өңірде ашылуына элект қуатының артылуы мен тарифінің төмендігі, кәсіби деңгейі жоғары мамандардың болуы себеп болған. Тағы да ірі майнингтік фермалар мен компаниялар тартылса, Павлодар аймағы еліміздегі блокчейн-технологияларды қолданатын алдыңғы қатарлы орталыққа айналары сөзсіз.

Қазақстанда көшбасшы

Түстен кейін Үкімет басшысы тікұшақпен Павлодар әуежайына келіп қонды. Б.Сағынтаев алдымен қаладағы ТМД бойынша ең үлкен Деректерді өңдеу орталығының (ДӨО) жұмысымен танысып, командалық орталығы мен гермоаймағын аралады. Мұнда қарапайым телефон байланысынан бастап, цифрлық телевизия мен кең жолақты интернет нарығындағы соңғы ұсыныстарға дейін әртүрлі қызметтер ұсынылады. Қалалар мен ауылдық елді мекендер арасындағы «Қазақтелеком» АҚ қызметтеріне қол жеткізу мен пайдаланудағы айырмашылық азайып келеді.

«Деректерді өңдеу орталығы» инновациялық жобасы 2013 жылы Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыруға арналған жалпыұлттық телекөпір кезінде өз жұмысын бастаған болатын. Бұл – Орта Азиядағы Tier III сана-тындағы, яғни нысанның жұмысын профилактикалық жөндеу кезінде тоқтатпай жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сенімді әрі алғашқы жоба.

Орталықтың жұмысы туралы Genesis Mining компаниясының жергілікті өкілі Лукас Пфайффер айтып берді. Бүгінде деректер орталығы электронды ақпаратты өңдеп әрі сақтайтын 11 мыңнан аса құрылғыны қабылдауға қауқарлы. Тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйе, мысалы, энергетика, кондиция-лау, өрт сөндіру жүйелері кейінге сақталып, мәліметтерді жіберетін магистральді каналдарға қосылған. Сондай-ақ, Деректерді өңдеу орталығында жинақтық есептеу тұжырымдамасы негізінде жасалған қызметтер ұсынылады. Мәселен, жинақтық серверлік платформа, деректерді сақтаудың жинақтық жүйесі, деректерді өңдеудің виртуалды сақтық орталығы, бизнеске арналған бағдарламалық қамсыздандыру, интерактивті қарым-қатынас және ақпаратпен алмасу жүйесі, жинақтық бейнеконференция байланысы.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуаныш Есекеев Деректерді өңдеу орталығы Қазақстанда ұсынылатын жинақтық қызметтер көлемі бойынша көш бастап тұрғанын атап өтті. Клиенттер - корпоративтік сектор мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері. Бұдан өзге, ДӨО ресейлік клиенттер мен серіктестерге қызмет ұсына алады.

Басым бағыт - кәсіптік білім

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облысымызға сапары аясында Павлодар қаласындағы түсті металлургия колледжіне барып, былтыр ғана қолданысқа берілген жатақханада болды. Үкімет басшысы бұл оқу орнының осыдан 10 жылғы және қазіргі жағдайында айтарлықтай өзгерістер барын айтты. Бүгінде колледждің материалдық-техникалық құралмен қамтылуы, заманауи талаптарға сай жұмыс істеуі көңіл қуантады.

Бұдан соң аталмыш колледжде техникалық және кәсіптік оқу орындарындағы мәселелер жан-жақты талқыланған арнайы жиын өтті. Аймақ басшысы Болат Бақауов облыстағы колледждердің білім беру жүйесінде атқарылған істер, жаңашылдықтар мен алдағы уақытқа белгіленген міндет-межелерге тоқталды.

- 2019-2024 жылдары облыста 14 ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Мұнда қосымша 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Демек, біз қазірден бастап индустриялық- инновациялық талаптарға сай білікті мамандарды даярлау ісіне білек сыбана кірісуіміз тиіс. Бүгінде аймақтағы колледждерде 21 мың студент білім алады. Оқу сапасын арттыру мақсатында бірқатар шара қолға алынуда. Мәселен, Тереңкөл және Ертіс аудандарында аграрлық колледждер жергілікті шаруашылықтарға сенімді басқаруға берілді. Красноармейка аграрлық колледжі негізінде біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы бизнесті мамандарды даярлау ісіне тартуға, оқытушылардың өндірістік білім беру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді, - деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысы Павлодар облысында «Серпін» бағдарламасының сәтті жүзеге асып жатқанын атап өтті. Биыл аталмыш бағдарлама бойынша оңтүстік және батыс өңірлерден келген 174 студент қолына диплом алып, оның 70-і жұмысқа орналасты. Ал 18 түлек жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруды жөн деп шешті. «Серпіндіктердің» басты мәселесі – баспанамен қамту. Колледжде білім алған тұста жатақханада еш алаңсыз тұратын олар түлек атанған соң қайда барарын білмей қиналып жатады. Мұндай тығырыққа тірелмес үшін әрі біздің өңірде тұрақтауы мақсатында облыс басшылығы маңызды шешім қабылдады. Атап айтқанда, колледж түлектері жұмысқа орналасса да, бір жыл аралығында оқу орнының жатақханасында тұруға мүмкіндік алды. Павлодар түсті металлургия колледжінің студенті Тәуекел Күнімшатовтың айтуынша, сол арқылы жастарға жайлы жағдай жасалып отыр.

- Мен биыл Жамбыл облысы Көктал ауылындағы оқуымды аяқтаған соң Павлодар қаласындағы түсті металлургия колледжіне оқуға түстім. Таңдаған мамандығым – техник-металлург. Мамандықтың бұл түрі Жамбыл облысында оқы- тылмайды, сондықтан Павлодарға келіп, армандаған кәсібімнің иесі атануға қадам бастым. Бұл өңірге келгеніме еш өкінбеймін. Себебі, бізді жылы қарсы алып, оқуымызға, тәжірибелік сабақтарға қатысуымызға, жатын орынмен қамтып, бос уақытымызды өткізуге барлық жағдай жасалып отыр. Кәсіптік білім алған соң жергілікті өндіріс орындарының бірінде еңбек жолымды бастасам деймін, - деді Т.Күнімшатов.

Осы орайда облыстағы ірі кәсіпорындар колледждермен байланыстың оң жолға қойылғанын тілге тиек етті. Мәселен, Павлодар мұнай-химия зауыты директорының орынбасары Алтын Имантаеваның айтуынша, аталмыш өндіріс орны дуалдық оқыту жөнінде келісімшарт жасасқан. Соның аясында студенттер үшін сабақтардың 40 пайызы колледжде, 60 пайызы зауытта ұйымдастырылады. Олардың оқу орнында сапалы білім алуы үшін кәсіпорынның қаржысы есебінен материалдық-техникалық база заманауи құрал-жабдықтармен толықты. Биылдан бастап С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетімен де байланыс жолға қойылды. Соның нәтижесінде құралдарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу мамандығының 3-4-курс студенттері Павлодар мұнай-химия зауытында теориялық білімін тәжірибемен ұштастырады.

Мұндай жүйе ауылдық аймақ- тарда да сәтті іске асып келеді. Соның жарқын мысалы – Шарбақты аграрлық колледжі мен осы аудандағы «Победа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әріптестігі. Шаруашылық директоры Александр Поляковтың айтуынша, оқу орнының қажетті құралдармен қамтылып, білім алушыларға оң жағдай жасау үшін кәсіпорын 2 млн. 606 мың теңге көлемінде демеушілік көрсетті. Өз кезегінде колледж басшылығы шаруашылықтың өтінішіне құлақ түріп, тәжірибеден өту мерзімін күз бен көктемге ауыстырды. Осылайша, студенттер көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарына белсене араласа алады. Одан бөлек, «Победа» серіктестігінде арнайы оқу орталығы ашылып, мұнда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Красноармейка аграрлық-техникалық колледжінің оқытушыларының, студенттерінің ғылыми тәжірибелерін сынап көру мүмкіндігі қарастырылды.

Жиын барысында колледж басшылары күрмеулі мәселелерді де бүгіп қалмады. Мәселен, Красноармейка аргарлық-техникалық колледжінің директоры Серік Жартыбаев біздің елде еуропалық тәжірибені енгізуге толыққанды жағдайдың жоқтығын айтты.

- Мен бірнеше жыл Еуропада білім алдым. Ол жақта бизнес-инкубатор ашу оң жолға қойылған. Яғни, кәсіптік, техникалық білім беру мекемелері негізінде бизнестің түр-түрі жұмыс істейді. Әзірге бізде мұндай тәжірибе жоқ. Себебі колледждердің ұйымдастыру-құқықтық мәртебесі бұған мүмкіндік бермейді. Коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан, кәсіп бастай алмаймыз. Тағы бір мәселе – осыдан 5-6 жыл бұрын республикалық бюджеттен трансферттер бөлінетін. Соңғы жылдары бұл үрдіс тоқтап, соның есебінен материалдық-техникалық базаны жақсартуда қиындықтар туындай бастады, - деді С.Жартыбаев.

Заманауи құралдармен қамтудағы өзекті мәселені Павлодар түсті металлургия колледжінің директоры Александр Болдашевский де көтеріп, ортаға ұсыныс тастады.

- Біздің колледжге ERG компаниясы үнемі қолдау көрсетеді. Тіпті, өткен жылы жатақхана салып берді. Бірақ кейбір кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің мұндай демеушісі жоқ. Сондықтан тәжірибелік білім беруде қолданылуы тиіс құралдар ескіріп, істен шығады. Олар қазір өндірісте қолданылмайтындықтан, студенттер оқуын бітіріп, жұмысқа орналасқан кезде құралдарды қолданудың тетігін білмей жатады. Сондықтан жергілікті кәсіпорындар колледждерді өз өндіріс орындарында жұмыс істейтін техникалармен қамтыса, әлдеқайда тиімді болар еді, - деді А.Болдашевский.

Бұл мәселеге Бақытжан Сағынтаев назар аударды. Кейбір колледждер кәсіпорындар тарапынан көрсетілетін қолдаудан кенже қалып жатыр. Сондықтан студенттер мен оқытушылардың өндірістік білімін толықтыруда қиындықтар туындауы мүмкін. Осыны назарға ала отырып, жұмысты жетілдіруді жүктеді.

Ал ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев колледж- дерге қатысты жаңашылдықтарға тоқталды.

- Кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріне академиялық, қаржылық тұрғыдан еркіндік бердік. Тіпті, құқықтық формасын өзгертуге мүмкіндік қарастыруға әзірміз. Десе де, бұл колледждер негізінде кез келген кәсіп түрін ашу керек дегенді аңғартпайды. Белгіленген 17 бизнес түрі аясында ғана колледждер өз ісін бастап, қаржы тауып, оны керек-жарағына жұмсай алады. Осы орайда Павлодар облысының бағдарлау саласындағы жұмысы, жалпы білім беру жүйесі жоғары бағаға ие екенін атап өткім келеді. Мұнда нарықта сұранысқа сай мамандықтарды оқыту бағытындағы жұмыс оң жолға қойылған. Егер колледж түлектерінің кем дегенде 50 пайызы жұмысқа орналаспаса, сол мамандықты оқытуға рұқсат беретін лицензияны қайтарып алуға құқығымыз бар. Осыны қаперден шығармаған жөн. Сонымен қатар, биылдан бастап студенттердің кәсіпорындардағы тәлімгерлерінің 1 сағаттық жұмысы үшін 7 мың теңге төленетін болды. Бірақ бұл аздық етеді. Төлемақының көлемін арттыру тетіктерін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге қарастыратын боламыз, - деді Е.Сағадиев.

Жалпы алғанда, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысындағы кәсіптік білім беру сапасын жоғары бағалады.

- Еліміздің өндірістік орталығы саналатын Павлодар облысында Индустрияландыру 4.0 талаптарына сай келетін білікті мамандарды даярлауға баса мән беру керек. Ал халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру үшін елімізге шетелдік сарапшылар тобын әкеліп, олардың тәжірибесін назарға алу артық болмайды, - деп түйіндеді Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар, Б.Сағынтаев жұмыс сапары барысында «Batyr mall» сауда–ойын-сауық орталығына барып, аймақтағы шағын және орта бизнестің даму қарқынын бағалады. Бұл орталық бірнеше жылдың ішінде павлодарлықтардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда сауда-саттықтан бастап, коньки тебуге дейінгі барлық қызмет түрі ұсынылған.

Премьер-Министр Павлодар облысының денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру бары- сымен жедел медициналық жәрдем станциясына барған кезде танысты. Нақтысын айтқанда, жедел жәрдем бригадаларының жұмысын үйлестіруге мүмкіндік беретін заманауи медициналық құрылғының қызметі көрсетілді. Жалпы, бүгінгі күні облысымыздың барлық емдеу мекемесінде медициналық ақпараттық жүйелер енгізілген. 660 мыңнан астам электронды денсаулық паспорты тіркелген. Бұл тіркеудегі тұрғындардың 84,95 пайызын құрайды. Ал 33 мың- нан астам адам пациенттің жеке кабинетін ашып, сол арқылы денсаулығына қатысты барлық ақпаратты біліп, дәрігерлік қабыл- дауына жазыла алады. Мұндай мүмкіндікті 20 мың адам пайдаланған.

Білім саласын цифрландыру бойынша атқарылған істер мен қолға алынатын шаралар Оқушылар сарайында айтылды. Бақытжан Сағынтаевқа робототехника мен бағдарламалау үйірмелерінің, 3D модельдеу мен ІТ-сыныптың жұмысы, оған қоса аймақтың білім беру саласын цифрландыру тұжырымдамасы таныс-тырылды. Кейін Достық үйінде бизнес-қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың Павлодар облысының даму қарқынына берген бағасы мен тапсырмасы туралы толығырақ газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.


Түйін:

Осылайша, аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет мүшелері облысымыздың сан түрлі саласының қазіргі аяқ алысына куә болды. Өңірімізде цифрландырудың айқын үлгілері таныстырылды. Әдетте жоғары жақтан келетін меймандар индустриялдық өңіріміздің ірі өндіріс орындарын аралауға басымдық берсе, Үкіметтегілер бұл жолы әлеуметтік нысандарға көбірек аялдады. Көптің көкейіндегі мәселелерге үңілді. Алып кәсіпорындармен қатар шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне мән берілді. Үкімет басшысы Елбасының міндет еткен тапсырмалары бойынша әр бағытты барынша ілгерілетуді жүктеді.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz