Бір ғасырдың жүгі бар бір басында,
Бір ғаламның жыры бар тұлғасында.
Құтқа толған құрсағы Баянтаудың,
Қасиеті Мұсадай мырзасында.

Дүлдүл шыққан дүниеден жиып білім,
Көсемі деп көрсетер иықтының.
Мың сан ерлер жиналса, ортасында
Шорман бидің шоқтығы биік-тұғын.

Сол асылдан құт дарып тұла бойға,
Сомдығына сүйсінген ұлы Абайда.
Мұстафа кеп Жаяудың атын алса,
Мұсасына жұртымның кінә қойма.

Ерте білген ер ғой ол елдің ісін,
Ерте байқап заманның ендігісін.
Надандықтың бұзсам деп тас қамалын,
Білек түріп, білімге берді күшін.

Ақкеліннің мектебі куә бұған,
Сусындатқан білімнің бұлағынан.
Топ-топ жұлдыз туғаны содан шығар,
Тоғыз болыс Баянның дуанынан.

Білім-ғылым бар жерге бақ қарайлап,
Көзі ашық ел көрмес деп жаттан айбат.
Бұрынғы мен соңғыда кім бар екен,
Білім алу салығын тапқан ойлап.

Шыдап тұрып заманның шынтағында,
Ұлттың рухын сақтаған, ұрпағында.
Кеңге жайған атағын Баянтаудың,
Кемелдігі Мұсадай сұлтанында.

Аға сұлтан айырған ақ-қараны,
Жұртымның жанса деген бақ, талабы.
Әйтпесе, «бір құтым бар Мұса Шорман»,
деп Біржан сал несіне мақтанады.

Мақтанады, болған соң мақтаулы ерім,
Озып туған заманнан ақтаңгерім.
«Жайнамазда көз жұмды» дейді Мәшһүр,
Жарық болғай, ендеше, жатқан жері!

Қуанышбек ШАРМАНОВ, ақын.

saryarka-samaly.kz