Тәуелсіздік сарайында салтанатты түрде ашылған шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырды.

Іс-шараға әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Кадзуо Исигуро, танымал жазушылар Януш Вишневский, Георгий Пряхин, сонымен қатар қазақстандық ғалымдар мен ақын-жазушылар Мырзатай Жолдасбеков, Ұлықбек Есдәулетов, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев, Байбота Қошым-Ноғай, Маралтай Ыбыраев және Бақытжан Қанапияновтар қатысты. Ақын-жазушылардан өзге конгресс жұмысына Кітапхана ассоциациялары мен мекемелерінің халықаралық федерациясы, Еуразия Кітапхана ассамблеясы, Ресей кітапхана қауымдастығы, Түркітілдес елдердің ұлттық кітапханаларының және туысқандық қоғамдастық қауымдастығының өкілдері, халықаралық мәдени ұйымдар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ұлттық кітапханалар мен облыстық кітапханалардың басшылары, отандық және шетел журналистері мен блогерлер де болды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Бораш жиынның мән-маңызына тоқтала отырып, «Кітап – қоғам мен адамның арасындағы маңызды фактор. Біз оқуға жан-жақты бейімделуіміз қажет», деді.

- Бүгінгі шараның мақсаты – кітапхананы халықаралық ынтымақтастық пен бірлікті, ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында заманауи үлгіде қызмет ететін маңызды қоғамдық орын ретінде таныстыру. Оқуды насихаттаудың әлемдік тәжірибиесі, тұлғаның рухани дамуындағы кітап оқу мәдениетінің рөлі талқыланып отырған жиында әрбіріміздің үйренеріміз мол, - деді Қуат Бораш.

Конгреске қатысушылар негізгі 4 бағыт бойынша өткізілген конференцияларға, дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттарына қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. Жиналғандар оқу мәдениеті, кітап пен оқуды насихаттау, оқуды тұлғаның рухани және әлеуметтік дамуының құралы ретінде қарастыру; әдебиеттегі жаңа үрдістерді түсіндіру, қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы шығармашылық интеллигенцияның рөлі, әлемге ұлттық әдебиетімізді насихаттау; жаһандану жағдайында кітапхана технологияларын трансформациялау, кітапхананың маркетингтік басқарылуы, кітапханалық қызмет пен ақпараттық ресурстарды насихаттау және отбасылық оқудың дәстүрлері мен инновациялары жайында ұсыныстарын айтып, тақырыпты кеңінен талқылады.

Шара барысында әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар қазіргі замандағы кітап оқудың мәдениеті және кітаптің қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталды. Осы ретте белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков кейінгі кезде кітаптың оқылмай жүргенін, бұл мәселені тез арада шешу керектігіне тоқталды.

- Менің бар байлығым - отбасым мен өмір бойы жинаған кітаптарым. 2015 жылы өзімнің жеке кітапханамдағы 10 мыңға жуық кітабымды Ұлттық академиялық кітапханасына тапсырдым. Шынын айту керек, кітаптарымды өткізген соң қатты ауырдым. Рухани әлсіредім. Себебі мен кітаптарды өмір бойы жинап келдім. Сол кезде қолымда қалған санаулы ғана кітаптарды қайта-қайта оқып, кітапсыз өмір сүре алмайтынымды түсіндім. Ал қазір кітап оқымайтын жастардан қорқамын. Олар тек қана интернеттегі ақпаратпен шектеліп қалып отыр. Бұл - үлкен қасірет! Оның алдын алу үшін біздің жазушыларымыз жас пен кәрі қызығып оқитын кітаптарды көптеп жазып, шығаруы керек, - деді Мырзатай Жолдасбеков.

Нобель сыйлығына ұсынылды

Кілең марқасқалардың басы қосылған жиында ресейлік жазушы, «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының Нобель сыйлығына ұсынылғанын айтып, отандастарымызды бір марқайтып тастады.

– Қазақстанда әдебиеттің теңдессіз үлгісі қалыптасқан. Оны мойындауымыз керек. Бұл қатарда қазақ жеріндегі орыс әдебиетінің де даму тенденциясы көңілге қуаныш үйіреді. Қазақстаннан түлеп шыққан Александр Солженицын, Иван Шухов және тағы басқа да көптеген орыс тілді жазушылар осы жерден қанаттанды. Біздің баспамыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын Нобель сыйлығына ұсынды. Себебі мұнда көтерілген мәселе тек қана Қазақстанға, Аралға, Орталық Азияға ғана қатысты емес, күллі адамзатқа ортақ. Біз ұйымдастырушыларға хат жолдадық. Тіпті, жазушының Ұлы Отан соғысына қатысқаны, бүгінде көзі тірі ең соңғы ардагерлердің бірі екенін де атап көрсеттік, – деген Г.Пряхин.

Сонымен қатар конгресте Мысыр жазушысы Магди Халимнің қазақ қызы туралы жазған жаңа романы да таныстырылды. «Моңғол қызы» деп аталатын жаңа романда Балқаш маңында туып-өсіп, Америкаға оқуға аттанған қазақ қызы туралы баяндалады. Кейіпкердің бет-пішініне байланысты, жаңа ортадағы достары оны «моңғол» деп атап кетеді. Ол өзінің қазақ екенін айта жүріп, өз елінің тарихы мен мәдениетін насихаттайды және табиғатты қорғау бойынша бастамалар көтереді. Роман соңында қазақ қызы БҰҰ мінберінде сөз сөйлеп, ойға алған мақсаттарына жетеді. Жуырда ғана 1000 данамен араб тілінде жарық көрген романның 10-ын Ұлттық академиялық кітапханаға тарту етті.

- Кітапты өзге тілдерге аударуды, роман желісімен картина мен мультфильмдер түсіру құқығын кітапханаға беремін. Мен Қазақстан туралы көп оқыдым, кей қазақтардан да артық білемін деп айтсам, артық емес. Қазақ даласына шексіз ғашықпын, - деді жазушы.

Сонымен қатар Магди Халим Қазақстан туралы екінші кітабын да әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Екінші жинағында ол өткен ғасырдағы қуғын-сүрін құрбандары жазаланған ГУЛаг лагеріне арнамақ. Ол ГУЛаг тақырыбын жарты жыл бойы зерттеп, архивтік құжаттармен жұмыс істеп жүргенін, оның тарихын жаңа нұсқада көрсеткісі келетінін айтты. Роман желісі үш адамның хикаясы бойынша өрбімек.

Кедей болсаң, балаңа кітап оқыт...

Конгреске келген шетелдік қонақтардың көбі қазақшаға жатық екен. Мінберге шығып, Қазақ елімен ана тілінде амандасып, ойын біздің тілде жеткізуге тырысқан меймандар қазақ тілінде сөйлеуден бас тартатын кейбір қазақстандықтарға жол көрсеткендей болды. Мәселен, италиялық Эдуардо Канетта ана тілімізде ойын ортаға салып, Леонардо да Винчидің «Атлантика кодексінің» түпнұсқадан көшірмесін кітапханаға сыйлады.

Ал Қытай жазушысы Хуан Чжонсянның жөні мүлдем бөлек. 18 жасында С.Мұқановтың «Ботакөз» романын оқып, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуының» 8 нұсқасын қытай тіліне аударған.

- Қазақ әдебиеті мен қытай әдебиетінің оқылу деңгейі алуан түрлі. Әсіресе, Қазақстандағы оқу мәдениеті мені қатты ойландырады. Қазақ елінде оқырманды өзіне баурап, бірден тартып алатын шығармалар саны жетерлік. Оларды тек қана қазақстандық оқырмандармен шектеп қоюға болмайды. Көптеп шет тіліне аударуымыз керек. Қазір көбі кітаптың уақыты бітті, ғаламтордың заманы жетті деп жатыр. Мен мұнымен келіспеймін. Кітаптың жолы бұрын қалыптасқан, даңғыл жол болса, оқырмандардың жолы да, тарихы да сондай ұзақ. Кітап пайда болғалы, оқырман да бар. Кітап жоғалмайынша оқырман жоғалмайды. Бізде Қытайда мынандай бір тәмсіл бар: «Тақыр жерге самырсын ек, тақыр кедей болсаң, балаңа кітап оқыт...» деген, - деді Хуан Чжонсян.

Осы жиында әлемдегі оқу мәдениетінің бет алысы, жеке тұлға боп қалыптасудағы кітаптың маңызы, әдебиеттегі жаңа үрдістердің ерекшеліктері мен себептері, қоғамдық-рухани құндылықтардың адам тіршілігіндегі маңызы, ұлттық интеллигенцияның қоғам дамуындағы орны ерекше сөз болды. Түркиядан келген ғалым Әбдуақап Қара Мырзатай Жолдасбековтің «кітап оқу азайып бара жатыр» деген пікірін сабақтай түсті.

- Бір данышпан адамзатты екі санатқа бөліпті. Жас болсын, кәрі болсын, ер ме, әйел ме - айырмашылық жоқ. Кітап оқитын және кітап оқымайтын адамдар деп бөлген. Сонда қарап отырсақ, кітап оқитын адамдар зерек, алғыр келеді. Жұмысында табысты болады. Ал табысты адам қашанда бақытты. Бірақ бүгінде жер шарындағы адамзаттың кітаптан алшақтауы, оны іздеп оқушылардың санының азаюы тек қазақтардың ғана емес, әлемдік трагедияға айналып отыр. Осы трагедияға ем табайық, шешім табайық деп осында жиналып отырмыз. Астана 20 жылда бейбітшіліктің, бірліктің, ғылым мен білімнің насихатшысына айналды. Осы жиын – соның айғағы. Қоғамның кітапқа деген қызығушылығын оятуға іскер азаматтар барынша атсалысуы керек, - деді Әбдуақап Қара.

«Әлем Айтматовты оқиды»

Шара барысында дәл осындай атаумен Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған Шыңғыс Айтматовтың ұлы Асқар Шыңғысұлы Айтматов арнайы қатысты.

- Бұл жиынның тақырыбы біздің буынға тікелей қатысты. Біз әдебиетті сүйетін, кітапты сүйетін ортада туып-өстік. Кітапсыз, әдебиетсіз өмірімізді елестете алмаймыз. Бүкіл әлемнің мәдениеті кітап негізінде қалыптасты. Бүкіл өркениеттің діңгегі кітап болды. Уақыт өте келе, біз кітапты қалай сақтаймыз, кітап оқуды қалай жақсартамыз деген сауалға жауап іздейміз деп ешқашан ойламаппын. Бірақ осындай жиындар жаңа әдістер табуға жетелейді. Бүгінгі жиын мен үшін маңызды. Осы конгрестің аясында әкем Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына арналған дөңгелек үстелдің өтуі - мен үшін қуанышты жағдай. Айтматов тек қырғыздың жазушысы емес, қазақтың жазушысы да. Оның шығармаларында қазақ ауылының, Қазақстанның алатын орны ерекше. Осы сәтті пайдаланып, Айтматовтар әулетінің атынан алғыс айтамын. Қазақ халқы әкемді әрқашан өз туысындай жақсы көріп, әрдайым еске алып жүреді, - деп алғысын айтты ол.

Дөңгелек үстелге Шыңғыс Айтматовты көзі көргендер де қатысты. Мәселен, қазақтың қазіргі манасшысы, ақын Баянғали Әлімжанов көпшілік алдында «Манасты» толғады.

Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде «Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады,»-деген болатын. Әрине біз де әлемдік оқу мәдениетіне осылайша үлесімізді қосудамыз. Екі күнге созылған мәдени-рухани жиынға қатысушылар кітап оқуға қатысты бірқатар ойларын ортаға салып, болашақта осы мүддеде бірлесіп жұмыс жасайтындарын жеткізді.

Астана қаласы.


Шолпан БАЙҒАЛЫҚЫЗЫ ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:

- Бұл жиыннан сөзбен айтып жеткізе алмайтын рухани әсер алдым. Халықаралық конгрестің екінші күні «Сөздермен жанасуға болады» деген тақырыпта Януш Вишневскиймен кездесу өтті. Ал екінші залда Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Мырзатай Жолдасбеков, Серік Тұрғанбеков, Бақытжан Тобаяқов сияқты ақын-жазушылармен қатар Қытайдан, Моңғолиядан, Қырғызстан, Түркиядан келген қонақтар қатысқан «Әдебиет шаһарының Әкімі» атты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург Әкім Таразидің 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті.

Трагедиялық роман жазатын жазушының кеші оқырман мәдениетін одан да жоғары көтерді деп ойлаймын. Бүгінгі күні оны әлем оқиды.

Жалпы, конгрестен алған әсерім ерекше. Д.Михачев «Кітапхана тірі болса, халық тірі. Ол өлсе, - біздің өткеніміз бен болашағымыз да өледі», депті. Ұлттық әдебиет - халықтың мәдени және рухани мұрасы. Оны көздің қарашығындай сақтап отырған - кітапханалар.


 

saryarka-samaly.kz