Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік және механикаландыру бөлімінің бас маманы Байболат Рақымжановтың айтуынша, қыркүйектің басында болған жауын-шашын аздап шаруаларға кедергі келтірген.

- Шыны керек, егін шаруашылығы ауа райына тәуелді ғой. Сондықтан күннің қолайлы болуын қалаймыз. «Қазгидромет»-тің мәліметтеріне сүйенсек, алдағы екі аптада күн жылы болады деп күтілуде. Осы жайма-шуақ күндерді диқандар, әрине, барынша пайдаланып қалуға тырысады. Картоп пен көкөніс уақытылы жиналады. Оған аса қауіп жоқ. Бастысы, дәнді дақылдарымызды мерзімінен кешіктірмей, қамбаға түсірсек жақсы, - дейді Б.Рақымжанов.

Басқарманың берген мәліметі бойынша, бүгінде аймағымызда 350 мың гектардан 401 мың тонна дәнді дақыл орылған. Яғни, жалпы егіс көлемінің 48 пайызынан егін алынды. Айта кетейік, биыл облыста 1 млн. 55 мың гектар алқапқа егін егілді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 5,3 пайызға көп. Нақтысы, өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемі 50 мың гектарға артты. Аталған алқаптың 729 мың гектарына дәнді дақылдар егілсе, 215,9 мың гектарда майлы дақылдар өсірілді. 82,2 мың гектарды жем-шөп дақылдары алып жатыр. Одан бөлек, 17,8 мың гектарда - картоп, 9,8 мың гектар алқапқа көкөністер мен бақша дақылдары отырғызылған.

Мамандардың айтуынша, егіннің шығымдылығы да биыл жақсы. Мәселен, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 11,4 центнерді құрап отыр. Былтыр осы шақтағы орташа көрсеткіш 10 центнер болған.

Байболат Мырзамбекұлы картоптың да айтарлықтай бөлігі қазып алынғанын айтты. Бүгінде 9,2 мың гектардан жиналған. Сонда жалпы картоп алқабының 52 пайызынан өнім алынды. Мұнда да өнімділік көңілге қонымды. Гектарынан 274 центнер өнім өнген. Жалпы, 251 мың тонна «екінші нан» қоймаға жөнелтілмек. Көкөністерге келетін болсақ, 2,7 мың гектардан өнім жиналған. Бағбандарға гектарынан 268 центнер көкөніс бұйыруда. Ал бақша дақылдарының 99 пайызы жиналыпты. Қазіргі таңда 79 мың тонна бақша өнімі тұтынушыға жол тартуда. Мұндағы орташа өнімділік – гектарынан 280 центнер.

Басқарма өкілі егін орумен қатар малдың азығын әзірлеу де қатар жүргізіліп жатқанын айтты. 1 млн. 450 мың гектар шабындық жерден шөп шабылған. Бұл - мұндай алқаптың 99 пайызы. Нәтижесінде 1170 мың тонна пішен дайындалыпты. Жоспар асыра орындалған. Орташа өнімділігі былтырғыдан жоғары. Мысалы, биыл гектарынан орта есеппен 8,1 центнер алынса, өткен жылы орташа өнімділік гектарынан 6 центнер болған.

Сала мамандары техника мен жанар-жағармайдың жеткілікті екенін мәлім етті. Облыстың күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының қажеттілігі 21 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде шілде айына – 6 мың тонна, тамызға – 7 мың тонна, қыркүйекке – 8 мың тонна. Бөлінген жанар-жағармай көлемінің ақшасы толық төленіп, 8,8 мың тоннаға жуығы шығарылыпты.

Басқармадағылар егін жинау жұмыстарын, мал азығын дайындау барысын әрі арзандатылған дизель отынын іріктеу мәселесін бақылауда ұстап отырмыз, дейді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz