«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен Мұса мырза Шорманұлының мерейтойына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ораз Серікбай қажы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, облыс әкімі Болат Бақауов, Мұса мырзаның ұрпақтары, елімізге танымал ғалымдар, т.б. қатысты. Айтары жоқ, тойға аймағымыздан, алыс-жақыннан ат арытып келгендердің қарасы қалың болды.

Хакім Абай: «Мұса мырза Арғын баласының ішінде қолынан іс келетін, тілінен май таматын адам еді. Жаңа туып келе жатқан заманның қатпарлы құбылыстарын дәл түсінген жан еді» деп сипаттама берген екен. Міне, осындай біртуар ұлы тұлғаны ел болып еске алып, еңбегі мен қызметін жұртшылыққа кеңінен таныстыру ісінде Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, химия ғылымының докторы, профессор Алтынбек Нухұлы бастаған ел азаматтары екенін бұған дейін жазған болатынбыз.

1818 жылы туып, 1884 жылдың аяғында Омбыда дүниеден өткен Мұса Шорманұлына туған жері Теңдік ауылынан топырақ бұйырған екен. Бұған дейін 8 адамның зираты бар деп келген көне қорымды тазарту жұмысы жүргізілгенде 26 адамның жерленгені анықталыпты. Сөйтіп, зират аумағы тазартылып, абаттандырылып, қоршалды, Мұса мырзаның басына кесене тұрғызылды.

Мерейтой күні мұсылмандық дәстүр бойынша жұртшылық алдымен ауыл сыртындағы кесенеге жиналып, марқұмның әруағына тәу етті. Кесененің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Серікбай қажы Мұса мырзаның қайраткерлігіне тоқтала келіп:

- Мұса бабамыз - мешіт, медресе салып, Мәшһүр бабамыздай игі жақсыларды ұрпақтан- ұрпаққа, иісі мұсылманға өнеге етіп қалдыруға себепкер болған адам. Құрметті қауым, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы және өз атымнан арнайы келіп, бүгінгі қуаныштарыңызбен бөлісіп, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпіз. Тәуелсіз еліміздің бірлік пен ынтымақ жолындағы әрбір бастамасы жалғасын тауып, сол арқылы Мұса мырза сынды бабалардың өнегесін дәріптей білуіміз керек, - деді.

Облыс әкімі Болат Бақауов Мұса Шорманұлының өз заманында патшалы Ресейге қазақ елін танытып, халқына адал қызмет еткендігін, ағартушылық жолында атқарған істерін айтты.

- Мұса Шорманұлы бойындағы ақыл-парасаты, әділдігі, талабының арқасында Орта жүзге кеңінен танымал болды. Болашақты ойлап, сол үшін қызмет еткен бабамыз Сібірде шыққан баспасөздерге этнографиялық зерттеу материалдарын жариялап, түрлі деңгейдегі көрмелерге қазақ елі туралы құнды дүниелерді ұсынып отырған. Осындай игілікті істер атқарған Мұса Шорманұлының есімі мен даңқын бүгінгі, ертеңгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Мұса бабамызға арналып тұрғызылған бұл кесене облысымыздың «Киелі орындар картасынан» өз орнын табады, - деді.

Кесененің ашылу салтанатында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Мұса Шорманұлының қайраткерлігі мен ағартушылық саласындағы атқарған істерін айтты.

- Мұса мырзаның ісі ел үшін қымбат. Оның ағартушылық жолынан Қаныш Сәтбаев сынды талай-талай талапты қазақ жастары ілім-білім жолына түсті. Ахмет Байтұрсынов: «Басқалардан кем қалмау үшін біз білімді, күшті, бай болуымыз керек. Бай болу үшін кәсіппен айналысуымыз керек» деген-ді. Міне, ел ішінде «Үлкен мырза» атанған бабамыз салған игі жол осы еді, - деді.

ПМПУ-дің ректоры Алтынбек Нухұлы сөз сөйлеп, көпшілікті мерекемен құттықтады.

- Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойына орай қолға алынған игі істі қолдаған облыс әкімі Болат Бақауовқа ел ризашылығын білдіргім келеді, - деді Алтынбек Нухұлы. – Қазақ Абайдың даналығымен, Шоқанның шарапатымен, Қаныштың ғалым-дығымен мақтанады. Осы үш тұлға Шорман әулетімен табақтас, дәмдес болған. Осы кесенеден онша алыс емес жерде Шорман бидің, Мұса мырзаның үйлерінің орнына және Сәдуақас Шорманов салған мектептің орнына белгі тастар қойылды. Сол мектепте Қаныш Сәтбаев оқыды, кейін сабақ берді. Осы жерде Шоқан болған, осы зираттың ішіне Мұса бабамыздың анасы Топан бәйбіше жерленген. Ендеше атақты Шыңғыс төре Уәлиханов енесінің басына келіп, құран бағыштамады деп кім айта алар?! Әне, анау Алабас тауы, Керегетас тауы, Керегетас тауының етегінде Бұқар баба жерленген. Осыдан 60 шақырым жерде Мәшһүр бабамыз жерленген. Мына төбенің астында Қаныш Сәтбаев туған, ол жерде ғалымның ата-анасы жатыр. Осындай игі жақсылар туып-өскен, мәңгілік жай тапқан аумақтың ортасынан Мұса мырзаның кесенесі көтерілді. Кесене аумағына қойылған тастарға әйгілі тұлғалардың Мұса Шорманұлы жайлы жазған сөздері жазылды. Кезінде Мұса мырзаның асына он мың адам жиылған екен. Сол он мың адамның ұрпақтары бүгін осы мерейтойға келіп отыр. «Бақ, қайда барасың?» дегенде «Бірлігі бар елге барамын» деген екен. Ақ түйенің қарны жарылған бүгінгі күні осы жақсылыққа атсалысқан азаматтардың баршасына алғыс білдіремін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бабалардың өнегесі, үлгісімен ұрпақтарды тәрбиелеуіміз керек. Халыққа жақсылардың шарапатын беріп, елімізде құт-береке салтанат құрсын! – деп игі тілегін білдірді.

А.Нухұлы бірегей кесене құрылысына қатысқан азаматтардың есімдерін атап, құрмет көрсетті. Солардың арасында белгілі кәсіпкер Жұмабек Қамзин де бар. Оның кесене салудағы тәжірибесі ұшан-теңіз.

Айта кетелік, ақ шаңқан кесененің биіктігі - 9 метр, жоғарғы жағы тәж бен кітапқа ұқсас бейнеленген, бұл Мұса мырзаның аға сұлтандығы мен ағартушылық еңбегін таныту мақсатында жасалған. Кесенеде 1885 жылы Екатеринбургтен әкелініп қойылған мәрмәр құлпытас тұр.

Салтанатта Мұса Шорманұлының ұрпақтары атынан экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Дүйсенов те сөз сөйлеп, атасының өмірі мен қайраткерлігін тілге тиек етті. Серікбай қажы құран оқып, дұға бағыштады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, аз уақытта қолға алынып, бой көтерген кесене сәулетіне, тазартылып, қоршауға алынған аумағындағы басқа да зираттарды көрген көпшілік ризашылықтарын білдіріп жатты...

Бұл күні ауылдан шеткерірек алаңқайға Ертіс, Железин, Баянауыл аудандарының, ПМПИ, Теңдік ауылының, басқа да өңірлердің тіккен киіз үйлерінде жиылған көпшілікке ас берілді. Алаңқай төріндегі биік сахнада, киіз үйлер жанындағы сахналарда аймағымызға танымал өнерпаздар, аудандардың өнерлі жастары концерт қойды. Әуеде сап түзеген ұшақтардан шашу шашылды. Мерейтойдан бір күн бұрын мәдениет үйі ашылған екен. Той күні мәдениет үйінің екінші қабатында музей ашылды. Онда Теңдік ауылының тарихы мен осы жерден шыққан, нақтырақ айтқанда Бұқар бабамыздан бастап, бүгінгі Кемел Ақышевқа дейінгі тұлғалар жайлы мәліметтер қойылыпты.

- Ауыл кішкентай болғанымен, бұл жерден ғылым, білімге, қазақ өркениетіне үлес қосқан Бұқар жырау, Шорман би, оның әулеті, Мұса мырза, Үкібай би, Шоқан Уәлиханов, Әбікей, Қаныш Сәтбаевтар, «Алтын адамды» тапқан Ә.Марғұланның шәкірті Кемел Ақышев сынды белгілі тұлғалар шыққан. Ауыл тарихына қоса, сол атақты тұлғалар жайлы мәліметтерді қамтуға тырыстық, - дейді ПМПУ-дің Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапханасының директоры Роза Игібаева. – Белгілі әнші Майра Уәлиқызы жайлы да мәліметтер қойылды. Майра әнші өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында Мұса мырзаның Біләл атты ұлынан туған Жармұханбетке (Жаржан) тұрмысқа шыққан. Жаржан көп өмір сүрген жоқ, сырқаттанып қайтыс болған соң, Майра Павлодарға қайтып оралған.

Музейге мәліметтер жинақтауға Баянауылдағы Қ.Сәтбаев атындағы мемориалды музейі, Семейдегі Абай мемориалды музейі, Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж қол ұшын берген екен. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Мұса мырзаның мерейтойын өткізуге, кесенесін салысуға атсалысқан азаматтардың да есімдері жазылып, олар жайлы да мәліметтер қойылған екен. Университет бұған дейін танымал тұлғалар жайлы 8 деректі фильм шығарса, соның бірі Мұса Шорманұлының өмірі мен қызметіне арналған.

Бұл күні түстен кейін М.Шорманұлына арналған пле- нарлық мәжіліс болды. Онда «Мұса Шорманұлы» атты деректі фильм көрсетіліп, С.Жақсыбаев, А.Нухұлы, Е.Рахимовтың орыс тілінде «Муса Шорманов» атты ғылыми монографиясының, А.Нухұлының бас редакторлығымен қазақ тілінде шыққан «Мұса Шорманұлы» атты әдеби жинақтың тұсаукесері болды. «Ақылға дана кен еді...» атты облыстық ақындар мүшәйра-сының қорытындысы жарияланды. 1-ші орынды қарағандылық ақын Айзада Рақымжанова, 2-ші орынды павлодарлық ақын Қуанышбек Шарманов иеленді.

Мерейтой барысында спорт ойындарының жарысы өтті, аламан бәйге ұйымдастырылды. 30 шақырымдық аламан бәйгеге Павлодар, Қарағанды, Жамбыл, Ақмола облыстарының жүйріктері қатысты. Бас бәйгеге тігілген «LADA Granta» автокөлігін шашасына шаң жұқтырмай келген «Сенім» атты жүйріктің иесі, павлодарлық Бақтияр Байзақов еншіледі. 2-ші орынды Теңдік ауылының тұрғыны Қуаныш Нухиннің «Дос» атты жүйрігі иеленіп, мотоциклге қол жеткізді. 6 шақырымдық жорға жарыста петропавлдық Арман Қабдоллаевтың жорғасы бас жүлде - ақшалай сыйлық иеленді. 15 шақырымдық тоқ бәйгеде Теңдік ауылының тұрғыны Михаил Жексембаевтың жүйрігі мәреге бірінші жетіп, ол да бас жүлде - «LADA Granta» автокөлігін иеленді. 2 салмақ санаты бойынша өткен «Қазақ күресінде» 66 келіге дейінгі салмақта баянауылдық палуан Арман Әкімбеков, 90 келіге дейінгі салмақта баянауылдық Мұқтар Дәлелханұлы жеңімпаз атанды. Қос палуан Теңдік ауылының тұрғындары тіккен екі жылқыны тақымға басты.

Ұлылар мекеніндегі ұлы тойдан ұлағатты із қалды. Мұса мырза Шорманұлының есімі жаңғырды, екі тілде кітап жарыққа шықты, кесенесі бой көтерді, музейі ашылды, мерекеге келген үлкен-кіші, кәрі-жас баба өмірі мен қызметінен ой түйді.

Бұл бір есте қаларлықтай, айта жүрерліктей парасат өлшемі биік, мерейі үстем, көңілге шат сыйлаған үлкен той болды.

Сая МОЛДАЙЫП

Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz