«Ертістің» жеңілісін көрген сайын: «Келесі ойында жеңеміз!» деп сабыр сақтайтын жанкүйерлер жергілікті команданың Петропавлдың «Қызылжарымен» өткен ойынына үлкен үміт артқаны рас. Кездесу өзімізде ұйымдастырылғандықтан «Ертістің» жеңісті жұлып алуға да мүмкіндігі мол еді. Алайда, жағдай мүлдем басқаша сипатта өрбіді.

Ойын бастала салысымен павлодарлық команда білгенінен жаңылды. Кездесудің 6-шы минутында «Ертістің» қорғаушысы Александр Кислицын допты қақпашыға қайтару сәтінде қателесіп, «Қызылжар» футбол клубының капитаны Тимур Молдиновке допты беріп қойды. Қақпашы Джурхан Бабахановпен бетпе-бет келген Тимур мүлт кеткен жоқ. Есеп - 0:1. Дәл осы доп кездесудің тағдырын шешкені анық.

Матч соңынан кейін баспасөз мәслихатын өткізген «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров алаңдағы төрешіге көңілі толмаған-дығын айтты:

- Өкініштісі, кейбір ойындардың тағдыры жасыл алаңнан тыс жерде шешіледі. Алаңға шыққан төрешінің көңіл-күйін алғашқы минуттан-ақ аңғару қиын болған жоқ. Мен «Ертіске» қайта оралғаннан бері тек 1 ойында ғана төреші әділ қазылық етті. Бұл Петропавлда өткен кездесу еді. Бүгінгі сүреңсіз ойын үшін қолдауға келген жанкүйерлерден кешірім сұраймын, - деді бас бапкер.

Ел біріншілігін 5 рет ұтқан атағы дардай команданың биылғы маусымда сүреңсіз ойын көрсеткені қалай? Турнир кестесінің ең соңғы орнына жайғасардай «Ертістің» басына не күн туды? Бұл туралы облыстық футбол федерациясына біраз жылдар бойы басшылық еткен Мұхит Омаров былай дейді:

- Жыл басынан бері «Ертіс» футбол клубына бас бапкер болып кім келіп, кім кетпеді? Футболшылар біріншісіне үйрене бастағанда ол қызметінен кетеді де орына басқа бапкер келеді. Осыдан команданың берекесі кетті. Осы салада көп жыл қызмет еткендіктен футбол – сырттай кесіп-пішуге болмайтын спорт екендігін жақсы біле- мін. Бапкер мың жерден тәжірибелі болғанымен, коман-даға керек дүниені дөп басып тауып бере алмауы мүмкін. Жаттықтырушы тек команданың физикалық дайындығына жауапты десек қатты қателесеміз. Бас бапкер психолог болуы керек. Командадағы әрбір ойыншыны жеке-жеке түсіне алма-йынша, ол өзінің бапкерлік қызметін толық атқарған болып есептелмейді. «Ертістің» қазіргі бас бапкері Димитар Димитров осыдан бірнеше жыл бұрын «Ертіс» клубының бас бапкері қызметіне келгенінде 5-6 ойыншысын өзімен бірге сырттан ала келді. Соның нәтижесінде команда тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Легионерлер команда сапынан кеткен соң жағдай баяғы таз қалпына қайта келді. Бұл жерде нақты жұмыс жасау керек. Құр даурыққаннан ештеңе өнбейді. Бапкер клубтағы ойыншылардың жағдайын толыққанды түсінбейінше, шаруа оңға баспайды. Команда жағдайы өте қиын кездерде жоқтан бар жасап «Ертісті» тығырықтан алып шыққан бапкерлердің бірі - Талғат Байсуфинов еді. Бізге осындай намысын бәрінен биік қоятын азаматтар керек, - деді Мұхит Мүрсәлімұлы.

Қалай десек те, «Ертістің» бүгінгі нәтижесі көңіл көншітпейді. Маусым соңына дейін «Ертісті» алда 8 ойын күтіп тұр. Оның 5-уі сырт алаңда өтсе, 3-уі Павлодарда өтеді. «Ертіс» Премьер-лига аясындағы кезекті кездесуін 22 қыркүйекте сырт алаңда шымкенттік «Ордабасыға» қарсы өткізеді. Турнир кестесінің 4-ші орнында тұрған «Ордабасының» ұпайдан шашау шығара қоюы екіталай.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz