Бала кезден тоғызқұмалаққа әуес болған Жанат осы ойынның қыр-сырын терең білуге тырысты. Үйренді де. Республикалық, халықаралық, дүниежүзілік ойындарда ел намысын абыроймен қорғады. Сонымен қатар, жеті жылдан бері аймақтағы жас өрендерге тоғызқұмалақ ойынын үйретуде.

- 2-ші сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет тоғызқұмалақ үйірмесіне бардым. Баламын ғой, басында құмалақтарды санау, есептеу қызық болып көрінді. Өсе келе облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, шыңдала бастадым. Тоғызқұмалақты толық игеру қаршадай кезімдегі арманым болатын. Бірақ ол кезде біздің өңірде төл ойынды егжей-тегжейлі үйрететін кәсіби маман жоқтың қасы еді. Диана Кенина, Серік Ақтаев секілді дарынды жас тоғызқұмалақшылармен бірге өз бетімізше іздендік, дайындалдық, жарыстарға қатысып жүріп, тәжірибе жинақтай бастадық. Жарыс спортшыны өсіреді, - дейді Ж.Қаймолдин.

Жалындаған жас жігіт 2015-2017 жылдары әлем чемпионатына екі мәрте қатысып, ел қоржынына қос бірдей күміс жүлде салды. 2016 жылы Азия чемпионатында асығы алшысынан түсіп, алтын жүлде ұтып алса, 2018 жылғы Азия ойындарында күміс медальді олжалаған екен.

Жеті жылдан бері облыстағы жастар мен жасөспірім- дерді жаттықтыратын Жанаттың шәкірттері де байрақты бәсекелерде аймақ намысын абыроймен қорғап жүр. Мәселен, күні кеше ғана Астана қаласында өткен «Ұлы дала рухы» фестивалінде Роза Райымбекова мен Жанат Қаймолдиннен тәлім алған Алмаз Серіков, Ақан Файзолла, Нұрсұлтан Сүлейменов, Аружан Әбдіханова, Диана Абай, Аяжан Егінбайлар топ жарды.

«Ынтасы бар жастарға төл ойынды үйренуге барлық жағдай жасалған», - дейді жаттықтырушы. Тіпті, үйірмеге келуге уақытыңыз бола бермесе, павлодарлық өнертапқыш Ернар Шамбаевтың «Мастер тоғызқұмалақ» ойынын смартфоныңызға көшіріп алуға болады.

2017 жылғы сараптама бойынша тоғызқұмалақтан Ақтөбе облысы көш бастаса, павлодарлықтар 2-ші орынға жайғасқан. Ал қызылордалық спортшылар үздік үштікті түйіндеген. «Аймақтағы тоғызқұмалақ ойынын бұдан да жоғары деңгейге көтеру үшін тоғызқұмалақ академия- сын ашуымыз қажет», - дейді Ж.Қаймолдин. Оның сөзінше, республикалық, халықаралық ірі жарыстарды экран арқылы бақылап, электронды және дыбыссыз тақталар орнатылатын болса, ойын деңгейі мен сапасы да артатын көрінеді.

Жанат Қаймолдин бүгінде шәкірттерін 29 қазан мен 5 қараша күндері аралығында Маңғыстауда өтетін командалық чемпионатқа дайындауда.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz