Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналған ата басылым қашан да халықпен бірге. Басылымның алғашқы редакторы Бейсенбай Кенжебаев болса, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов та осы басылымның шекпенінен шықты. Тізе берсек қарашаңырақтың алтын босағасынан түлеп ұшқан қаламгерлердің санынан жаңыласыз. Газет ұжымының тоқсан жылдық дүбірлі тойды Шарбақты жерінен бастауының өзіндік себебі де жоқ емес. Биыл Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, Шарбақты өңірінің тумасы Мұзафар Әлімбаевтың туғанына - 95 жыл. Ел сөзін сөйлер қаламгердің «Сарыарқа самалы» газетімен етене жақын болғандығына тарих куә.

«Ақын оқыған ата басылым» деген атаумен аудан орталығындағы Абай атындағы қазақ мектебінде өткен рухани-сазды кешке ақынның жерлестері тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Шарбақтылық көзі қарақты оқырман газет ұжымын жылы қарсы алды. Мұзафар Әлімбаевтың кіндік қаны тамған жер - Жылыбұлақ ауылынан келген ақсақалдар мен ауылдастары көрермендер қатарын толықтырды.

Салтанатты шараның шымылдығын өлеңмен ашып, жырдан шашу шашқан айтыскер ақын Қайролла Хафиздің өнерін жұрт ыстық ықыласпен қабылдады. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев газеттің кешегісі мен бүгінгісіне кеңіне тоқтала келе:

- Шарбақты ауданы - қашан да біз үшін ыстық мекен, қасиетті жер, ордалы аймақ. Бұл жерде кешегі Естай атамыздың қол жетпейтін арманына айналып, дүниеге өлмес махаббат әнінің келуіне себепші болған Қорлан апамыздың ізі қалған. Тарихшылардың зерттеуінше, Естайдың Қорлан әнінің өлеңі қазіргі «Сарыарқа самалы», бұрынғы «Кеңес туы» бетінде шығып, елге кеңінен таралған. Мұзафар Әлімбаев атамыздың да алғашқы қарлығаш жырлары осы «Қызыл ту» газетінде жарық көрген. Ендеше газет пен Шарбақты ауданының арасындағы байланыстың тарихы тереңде. Бүгінде газеттің аудан басшылығымен қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Осындай кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан әкімі Балғабай Жұмағұлұлы Ибраев бастаған іскер азаматтарға алғыс білдіремін. Тоқсан жылдық дүбірлі тойымызды Мұзағаның ауылдастарына сәлем беруден бастағанды жөн санадық, - деді Нұрбол Қанатбекұлы.

Ал Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Ризагүл Неғманова қазақтың біртуар ұлы Мұзафар Әлімбаевтың 95 жылдығы туған жерінде кең көлемде атап өтіліп жатқандығын айтты.

- Қазақ жастарының музасына айналып, балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Мұзафар атамыз - қазақтың бағына туған аймаңдай ақын. Дара тұлғаның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында ауданда бірқатар шаралар өткізілді. Мәселен, биыл біз тұңғыш рет I Мұзафар оқуларын ұйымдастырдық. Ақынның бала көңіліндей кіршіксіз жыр жауһарларын жаттап өскен жас ұрпақ ертең халқының қамын жейтін азамат болып өсеріне үміт артамыз, - деді ол өз сөзінде.

Шара барысында аудандық I Мұзафар Әлімбаев оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Бекболат Арсен, Назерке Қабдолла, Альмира Есімханова, Милана Тезекбаевалар ақын өлеңдерін жатқа оқып берді.

Бұдан соң сөз кезегін алған облыстық «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің» әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ербол Қайыров Мұзафар Әлімбаевтың музейде сақталған жеке заттары мен қолжазбаларына тоқталып өтті. Оның сөзінше, музей қорында ақынның шапаны, домбырасы, қаламсабы, тағы да басқа жеке тұтынған заттары мен қолжазбалары сақталған. Сондай-ақ, Е.Қайыров қазақтың тау тұлғасына құрмет білдіріп, музей ұжымы мен ақынның жерлестерін жолықтырып отырған «Сарыарқа самалы» басылымының өкілдеріне ризашылығын білдірді.

- Мұзаға - қазақтың маңдайына біткен асылы. Қазақтың бары мен нары. Кешегі Бұқар жыраудай буырқанған, Мәшһүр Жүсіптей жұмырланған, Сұлтанмахмұттай сұлуланған, Мұзағаңдай мұраланған қазақ әдебиеті ешқашан өлмейді. «Сарыарқа самалы» газеті тоқсан жылдық торқалы тойының қарсаңында игі бастаманы қолға алып отыр. Осы кеш барысында біз, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұжымы, газет пен Мұзафар Әлімбаевтың тарихи дүниелері мен құнды жәдігерлерінен жасақталған көрме ұйымдастырып отырмыз, - деді Е.Қайыров.

Шараға қатысушыларға Мұзафар Әлімбаев пен аймақтың ата басылымы – облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің өмір тарихына байланысты сұрақтар қойылды. Сауалдарға дұрыс жауап берген көрермендер облыс орталығында орналасқан «ҚазӨнер» мультибрендтік дүкенінің арнайы сертификаттарына ие болды. Ою-өрнектермен көмкеріліп, былғарыдан жасалған ұлттық нақыштағы құнды бұйымдарды сататын «ҚазӨнер» дүкені аймақтағы бірден-бір сауда орны екендігін атап өткен жөн.

Ата басылым үшін оқырман ойы, ауылдағы ағайынның қуанышы мен жұбанышы қашан да маңызды. Бұл ретте басылым ұжымы редакцияға үнемі хат-хабар жолдайтын тұрақты авторларын ұмыт қалдырған жоқ. Басылымның балаларға арналған «Айналайын» қосымшасына балғын жырлары мен тырнақалды туындыларын үзбей жолдап тұратын мектеп оқушылары Айсана Жиенбаева, Әдемі Әбусейітова, Милана Тезекбаева, Альмира Есімханова, Олжас Жандырбаевтар Алғыс хаттармен марапатталды. Облыстық басылымның тұрақты авторы, журналист Данияр Қызыр да марапаттан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ басылымға серіктес болып, үнемі қолдау білдіретін жергілікті кәсіпкерлер Евгений Кузьминов пен Мәдениет Қалтаевтар құрметке бөленді.

Шараны қорыта келе аудан әкімінің орынбасары Ризагүл Алексейқызы оқырмандармен емін-еркін сұхбаттасып, газет пен ақын туралы мол мағлұмат беріп, үлкенді де, кішіні де ұмыт қалдырмай, тағылымды да қызықты ерекше форматтағы кеш ұйымдастырғаны үшін облыстық «Сарыарқа самалы» мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұжымдарына алғыс айтты.

Кеш барысында аймақтың айнасына айналып, халықтың барын бағалап, жоғын түгендеуге атсалысып жүрген «Сарыарқа самалы»газетінің ұжымына шарбақтылық ағайын ақ көңілден ақжарма тілектерін жеткізді. Ауыл ақсақалы, қасиетті Мекке мен Медине жеріне барып, қажылық парызын орындап келген Ахат қажы Қаткенов қонақтарға ақ батасын беріп, сәт сапар тіледі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері, жас әнші Ержан Шәріпхан Мұзафар Әлімбаевтың сөзіне жазылған «О, Маралдым, Маралдым!» әнін орындап, әсерлі кешті одан әрі ажарландыра түсті.

Рухани-сазды кеш соңында шарбақтылықтар «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің» ұжымы ұйымдастырған көрмені тамашалап, М.Әлімбаевтың жеке заттарымен, қолжазбаларымен, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің өткенінен сыр шертетін құнды жәдігерлерімен танысты.


«Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы басылымның торқалы 90 жылдығына орай жұртшылық арасында кездесулерді жалғастырмақ ниетте. Бұл тарапта облысқа қарасты қала-аудандарда оқырмандармен кездесулер ұйымдастыру жоспарлануда. Рухани шараларға жергілікті жерлердің азаматтары қолдау танытып, жанашыр ағайын көңіл тоятын игілікті істерге бастамашы болады деп сенеміз.


Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz