Шайқалған шаңырақ

Ағымдағы жылы Павлодар қаласында 1655 жұп неке қиған. Ал осы уақыт ішінде 1101 отбасының шаңырағы шайқалып, ажырасып кеткен. Бұл тек қала бойынша келтірілген мәлімет екенін ескерсек, облыс көлемінде орын алған мұндай жағдайдың деңгейін елестету қиын емес. Яғни, бір жылға жуық уақыт ішінде мыңдаған неке қиылып, мыңдаған жанұя ажырасады екен.

Шыны керек, бүгінде неке туралы куәлікке оңай қол жеткізуге болады. Бірге отбасы құруға ниет білдірген екі жас жергілікті азаматтардың хал актілерін жазу (АХАЖ) бөліміне барып, өтініш жазса жеткілікті. Егер екеуінде де электронды сандық қолтаңбалары болса - тіптен оңай. Олар үйден шықпай-ақ, неке қиюға өтініш бере алады. Бар- жоғы бір ғана айдың ішінде заңды түрде ерлі-зайыпты атанады. Дәл осылай ажырасу ісі де еш қиынға соқпайды. Мәселен, ерлі-зайыптылардың ортақ балалары, жылжымайтын мүлікке таласы болмаса, екіжақты келісім арқылы тағы да АХАЖ бөліміне барып, неке бұзуға арыз жазады. Ал электронды сандық қолтаңбасы барлар жоғарыдағыдай үйде отырып ажырасуға арыз бере алады. 2 күннің ішінде бұл шешімді ерлі-зайыптылардың бірі растаса жеткілікті. Бар-жоғы 1 айдың ішінде некелері заңды түрде бұзылады.

Сот шешімі қандай?

Егер арада алимент, мүлікті бөлу мәселесі туындаса, тараптар сотқа жүгінетіні белгілі. Ал сот бұл мәселені қалай шешеді деген сауал туындайды?

Мамандар ажырасуға итермелейтін басты мәселе - жас жұбайлар арасындағы түсініспеушілік, материалдық жетіспеушілік екенін айтады. Енді ғана отау құрған отбасы осындай қиындықтардан ажырасу арқылы ғана құтылғысы келеді екен. Ал нағыз мәселе ажырасудан кейін туындайтынын ескере бермейді. Мәселен, мүлікті бөлу, алимент төлеу, баламен көрісу тәртібін белгілеу оңай шаруа емес. Сотта қаралатын 100 істің ішінде төрт-бесеуі ғана арыздарынан бас тартуы мүмкін.

Павлодар қалалық сотының мәліметіне сүйенсек, биыл ажырасуға байланысты 1287 талап-арыз түсіп, оның 1254-і бойынша азаматтық іс қозғалған. Судьяның шешіміне сәйкес, 933 отбасы сот үстінде ажырасқан. Ал қалған 300-ден астам отбасы татуласып, арыздарын қайтарып алған. Аз да болса нәтиже жоқ емес. Бұл жағдайда салмақ судьяға артылатын көрінеді.

- Ажырасуға арыз берген ерлі-зайыптыларға 1-3 айға дейінгі аралықта ойлануға уақыт беріледі. Егер отбасы мүшелері болмашы дүниеге ұрсысып, арада түсініспеушілік туындаса, судья шаңырақты сақтап қалуға тырысады. Екі тарапты толық тыңдап, реніштерінің тарқауына уақыт береді. Істі қарауға әзірлену үшін 15 күн беріледі. Кей жағдайда осы уақыт ішінде де тараптар татуласып, арыздарын кері қайтарып жатады. Ерлі-зайыптылар ойлануға берілген уақытты пайдаланған соң, іс 2 айдың ішінде қаралып, шешім шығарылады, - дейді Павлодар қалалық сотының өкілдері.

Ал халыққа қызмет көрсету орталығы ажырасу жөнінде сот шешіміне қарап, бар болғаны 2 күннің ішінде некені бұзады екен.

Қашықтықтан ажырасу - қоғам дерті

ҚР Еңбек ері, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, 2015 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жеңімпаз атанған Ришат Әміренов некені және ажырасуды тіркеуді электронды жүйеден алып тастау керектігін айтады. Өйткені бұл мәселеде отбасының тағдыры тұр.

- Бұрын некеге тұру салтанатты жағдайда, куәлардың қатысуымен жүргізілетін. Бүгіндері неке куәлігін алу үшін АХАЖ-ға барып, алып кету жеткілікті болып отыр. Кезінде шаңырақ құруға өтініш білдіргенде ойлануға уақыт берілетін. Ажырасу жөнінде шешім қабылдау оңай болмайтын. Ерлі-зайыптылардың мұндай қадамға бармауына екі тараптың ата-анасы жол бермеуі тиіс деп ойлаймын. Қазіргі уақытта отбасының ортасына екі жақтағы ата-ана жиі араласып, санасатын заманға жеттік. Жұбайым екеуіміз 3 қызымызды құтты орындарына қондырып, ұлымызды үйлендірдік. 8 немере-жиеніміздің қызығын көріп келеміз. Құда-құдағиларымызбен татумыз, балаларымыздың бақытты ғұмыр кешуі жолында еңбектеніп келеміз. Шаңырақ көтермеген ұлым мен тұрмыс құрмаған қызым бар. Оларға да отбасы құндылықтары жайында жиі ақыл айтамыз. Өйткені отбасын құру – өмірдегі жауапты іс. Сондықтан қашықтықтан ажырасу ісін тоқтатқанымыз жөн, - дейді Р.Әміренов.

Бұл мәселе жөнінде Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Элина Паули былай дейді:

- Шыны керек, ажырасу деңгейінің азаймай тұрғаны өкінішті. Биыл Татарстанға барғанымда мешітте отбасы құруға ниет білдірген жас жұпты көрдім. Олар отбасы кабинетіне кіріп, мамандардан дәріс алып, жанұяда ер мен әйелге жүктелетін міндеттерді тыңдады. Мұндай жауапты қадамға үлкен дайындықпен келеді екен. Біздің өңіріміздегі АХАЖ бөлімдері ажырасуға өтініш білдірген- дерге кездесу ұйымдастырып, психологтың көмегіне жүгінуге мүмкіндік берсе, ерлі-зайыптыларды татуластырады деген ойдамын, - дейді ол.


Отанның тірегі – отбасы. Оның бұзылуы кінәсіз сәбилердің жетім атануына, елімізде балалар үйінің көбеюіне әкеліп соғады. Egov.kz сайтына кіріп қалсаңыз, некеге тұру және некені бұзуға электронды түрде өтініш беріп, некеге тұру туралы анықтаманы онлайн режимде алуға болады. Заман көшінен қалмаймыз деп жүріп, болашақта отбасын бір демде ажырастыра салу дәстүрімізге еніп кетпесе болғаны...


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz