Қайырбек СҮЛЕЙМЕНОВ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы:

- Иә, полицейлер беделінің төмендеуі дағдарыстық деңгейге дейін жетті. Бұл келеңсіздік жұмыс сапасына ғана қатысты емес, ол полицейлердің тәртібіне байланысты болып отыр. Ішкі істер органдарының жеке құрамдарында төтенше жағдайларды ескертіп отыратын қатаң әрі мақсатқа бағытталған жұмыстар атымен жоқ. Сондықтан полицияның беделі жұртшылық арасында күмән тудырып, түрлі әңгімелер туындай бастады. Өз басым түпкілікті реформа қажет дегенмен келісе қоймаймын. Бұл тарапта полицейлердің өз ішіндегі қарым-қатынас жүйесіне өзгеріс енгізуге күш салып, жағымды имиджді содан бастау керек. ІІМ-дегі ахуал толықтай бақылаудан шыққан деп айтуға келмейді. Біз кейде қызметкерлердің басым бөлігі өз міндеті мен антына адал бола отырып еңбек ететінін ұмытып кетеміз. Сондықтан полицияның беделін көтеру үшін ешқандай жаңа рецепті ойлап табудың қажеті жоқ. Ең бастысы, көбірек жұмыс істеп, кемшілікті көре білу қажет. Басшылар өздеріне бағыныштыларға тәуелді болмай, олардан моральдік құқықты орында талап ете білсе, барлығын уақытында түзеп алуға болады.


Айзада ҚҰРМАНОВА, Мәжіліс депутаты:

- Полиция қызметінің мақсаты – халыққа қорған бола білу. Қиын да жауапкершілігі мол қызметін адал атқарып, халықтың алғысына бөленіп жүрген полицейлер аз емес. Дегенмен де, ара-тұра кездесіп қалатын олқылықтар, олардың атына айтылатын сындар да жеткілікті. Мәселен, аймақтарға шығып, халықпен кездесулер ұйымдастырғанда тұрғындардың жиі айтатын шағымдарының бірі - полиция басшыларына кіруде, оларға арыз-шағымын өз аузымен жеткізуде үлкен қиындыққа тап болады екен. Полиция ғимараттары биік қоршаудың ішінде, кіреберістеріне дейін күзет тізіліп тұрады. Көмек, араша іздеп, үміттеніп барған адамға мұндай жағдай суық әсер туғызады. Ал халық полициядан жасқанбауы, қорықпауы керек. Азаматтар оларды тек жазалаушы деп қабылдамауы тиіс. Керісінше, одан өз қорғанын, қамқоршысын табуы керек деп ойлаймын.

Осы тұрғыда кешенді әрі келелі реформа болуы тиіс!


Бағдат МУСИН, «BeInTech» компаниясының құрылтайшысы:

- Құқық қорғау қызметінің жүйесін заманға сай ету - өте толғақты мәселе. Бұл тарапта бір ғана реформамен шектелу дұрыс қадам болмас еді. Ең алдымен өзгерісті полиция қызметкерлерін жаңартудан бастаса абзал. Барлық қызметкерлерді штаттан бір демде шығарып, қызметке жаңадан азаматтарды қабылдап, олармен жүзбе-жүз әңгмелесулер жүргізу қажет. Әрқайсысы жеке дара тестілеуден өтіп, барынша тексеріліп барып жұмысқа алынса. Міне, сонда нағыз ашықтық қалыптасар еді. Бұған қоса, қызметтік шен алғысы келетіндер, мысал үшін лейтенанттан бастап полковникке дейін арнайы емтиханнан өтуі тиіс, меніңше. Бізде соңғы жылдары мейлінше жұмсартылған заңдарды қатаңдату да полицияның абыройын көтереді. Қылмыстың ұсақ-түйегі болмайды. Жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткендерден бастап ұсақ қылмыс жасағандарға дейін лайықты жазасын алуы керек.

Сосынғысы, Ішкі істер министрлігінің құзыретінен кейбір міндеттер алып қойылса. Мәселен, азаматтарды құжаттандыру мен көлік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына, қылмыстық атқару жүйесін әділет жүйесіне сеніп тапсырса болады. Ал полицейлер азаматтардың құқығын қорғаумен, қылмыспен күресумен, заң бұзушылықтың алдын алумен шұғылдансын. Ең ақыры 102 телефон қызметін ІІМ-нен шығарып, балама түрде 911 қызметін іске қосу керек. Ол арқылы біртұтас іздеу жүйесін құруға мүмкіндік бар.


«Алаңды» үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz