Біздерде мынадай бар, мынадай бар

Иә, кез келген үй бұл бағдарламаның басты талабына сай келе бермейді. Сондықтан бағдарламаға қатыса алатын үйлердің тізімі түзілді. Бұл баспаналар жаңа болуы міндетті. Яғни, пәтерді алатын азамат сол баспананың алғашқы қожайыны атануы қажет. Міне, осы көрсеткіштерге келетіндерін біздің облысымызда да анықтап, тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін екінші деңгейлі банктердің қолына ұстатты.

Сонымен тізімге енгендері: Павлодар қаласында Академик Сәтбаев көшесі, 316/1 («Европолис» ЖШС), Генерал Дүйсенов көшесі, 22 (Баянауыл ТК), Суворов көшесі, 53 және 54 («Project City Group» ЖШС), Тәуелсіздік даңғылы, 233 («Шаңырақ-14» ЖШС), Академик Сәтбаев көшесі, 273 мекенжайындағы үйлер. Екібастұз қаласынан «7-20-25» бағдарламасы бойынша Энергетиктер көшесі, 106 мекенжайындағы үйден пәтер алуға болады.

Қарап отырсаңыз, нарықта ұсыныс бар. Бірақ, олардың қарапайым халыққа қаншалықты қолжетімді екенін аталмыш құрылыс фирмаларының өкілдерінен сұрап көрдік. Алдымен Академик Сәтбаев көшесі, 273 мекенжайындағы үйдің өкілі Рустамбек Төлеутемірұлымен тілдескен едік.

- «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтерлерді көруге келушілер қатары көп. Қызығып та жатыр. Бірақ, шыны керек, көбінің шамасы жетпейді. Өйткені, біздегі пәтерлердің шаршы метрі көлемді. Сәйкесінше, бағасы да арзан болмайды. Негізі, тұрғындар көбінде қалтасына қарай 30-50 шаршы метр көлеміндегі пәтерлер іздейді, - дейді Рустамбек Төлеутемірұлы.

Айтуынша, мұнда бір бөлмелі пәтерлер жоқ. Екі бөлмелі пәтерлердің ең кішісі 72 шаршы метрден басталады. Үш бөлмелілер 95 шаршы метр шамасында. Ал әрбір шаршы метрдің құны 150 мың теңгеден жоғары бағаланып отыр. Бұл үйдің құрылысы толық аяқталыпты. Қалалық әкімдік тарапынан айналасы абаттандырылып, сыртқы кәріз жүйесі тартылуы тиіс.

Суворов көшесіндегі екі үй мен Тәуелсіздік даңғылындағы бір үйдің өкілі Абылайхан Әбдірахманов қазіргі таңда сатылымға шығарылатын 80 пәтердің барын айтады. Олардың арасында шаршы метрі 39-40 болатын бір бөлмелі, 69-78 шаршы метрлік екі бөлмелі және ауданы 78 шаршы метрден жоғары үш бөлмелі пәтерлер бар. Қарап отырсаңыз, мұндағы пәтерлерді ауданына қарай халыққа қолжетімді деп санауға болады. Алайда, аталмыш үйлерде бір шаршы метрдің құны 174 мың теңгеден басталады. Сәйкесінше, құны шарықтап шыға келеді. Фирма өкілінің сөзіне сенсек, бұл баспаналарды да қарап, жоспарын түзіп кетіп жатқандар жетерлік. Көбі құжаттарының банктердің қарауында екенін алға тартуда.

Тағы бір тұрғын үй бар. Былай қарағанда жаңа деуге аса келіңкіремейді. Өйткені салынған жылы – 2009. Ол – Генерал Дүйсенов көшесі, 22 мекенжайындағы үй. Осыдан тоғыз жыл бұрын салынып, қолданысқа берілгенімен, бір подъезі толығымен сатылмай, сол қалпы тұрыпты. Құрылыс фирмасы осы пәтерлерді сатылымға шығарып отыр. Былай салмақтап қарасақ, тоғыз жыл бұрын шаршы метрдің, құрылыс материалдарының құны бүгінгіден арзан еді ғой. Енді құрылыс фирмасы бағдарлама арқылы пәтер сатқанда қазіргі бағамен саудалауы қаншалықты қисынды? «Тағы тұрғындар ұтылып, бизнесменнің қалтасын қампайтып жатқан жоқпыз ба?» деген ой да келеді...

Ал осы үйді салған «Баянтау» тұрғын үй кешенінің өкілі Гүлнәр Сәбитқызының мәліметі бойынша, мұнда бір бөлмелі екі пәтер, үш бөлмелі – үш және төрт бөлмелі бір пәтер қалыпты. Бір бөлмелі пәтерлердің екеуі рәсімделу үстінде көрінеді. Мұндағы бір бөлмелі пәтерлердің шаршы метрі – 62 және 68. Ал үш және төрт бөлмелі пәтерлерді кең сарай десеңіз болады. Өйткені, олардың аудандары, сәйкесінше 134 және 236 шаршы метр көлемінде. Ал бір шаршы метрдің құны 153 мың теңге шамасында.

- Клиенттеріміз құжаттарын алып, банктерде жүр. Рәсімдеу өте ұзақ үрдіс. Сондықтан пәтерлерді сатпай, ұстай тұру үшін алдын ала кепіл төлем қалдырғандар да бар, - дейді Гүлнәр Сәбитқызы.

Байқаған боларсыз, әр тұрғын үйдегі шаршы метрдің бағасы әртүрлі. Нарық болған соң жеке құрылыс иелері өз бағаларын алға тартады. Ары қарай тұрғындар қалтасына, банктердегі шешімге қарай қадам жасайды. Бастысы, пәтер құнының жиырма пайызын жинап, басыңызда жеке баспанаңыздың жоқтығын, төлем қабілетіңізді дәлелдесеңіз болғаны.

Алғашқылары

Бағдарлама ресми түрде қолданысқа енгізілгеннен бері «7-20-25» бағдарламасын пайдалануға еліміз бойынша ниет танытқандар көбейгені айтылып жатыр. Мақұлданған өтінімдер саны да өсіпті. Бірақ, біздің өңірде барысы баяу. Мәселен, бүгінге дейін небары 12 тұрғыннан өтініш түсіп, тек оның бесеуі ғана мақұлданыпты. Айта кетейік, оның үшеуі бағдарлама бойынша Центркредит арқылы, екеуі АТФ банктен тұрғын үй несиесін алуда. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бағдарлама бойынша алғашқы несие алған азамат Астанадан баспаналы болуды жөн санады. Центркредит банкінен тағы бір азамат елордадан пәтерлі болыпты. Ал үшіншісі Павлодардан баспанаға қол жеткізбек. АТФ банкінің бір клиенті Астанадан пәтер таңдаса, екіншісі Павлодардан меншік мекеніне ие болмақ.

ҚР Ұлттық банкі Павлодар облыстық филиалының бас маманы Болат Омаровтың айтуынша, пәтерлі болуға ниет танытып жатқандар аз емес. Тек банктің талаптарынан өтетіндер шамалы. Сонымен қатар, бағдарламаның баяу жүзеге асып жатқанын Ұлттық банк өкілі заңды құбылыс деп санайды. Яғни, енді ғана қолға алынған бастама біраз уақыттан кейін ғана қарқын алады.

Тағы бір ескеретіні, «7-20-25» бағдар- ламасы арқылы тұрғындарға займ беруге ниет танытқан екінші деңгейлі жеті банк тіркелгенімен, олардың тек үшеуі ғана құжат жүзінде тұрғындардың өтінімін қабылдай алады. Б.Омаровтың мәлімдеуінше, олар – Центркредит, АТФ және Халық банктері. Қалған төртеуі – Еуразия, Цесна, РБК банктері мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бас кеңселерінде құжаттық рәсімдеу іс-шаралары әлі аяқталмапты. Бұл банктер де іске кіріссе, мақұлданған өтінімдер саны өседі деген үміт бар. Ұлттық банктегілер кез келген жаңашылдық уақыт өте келе жетілдіріліп, жемісі де молаятынын алға тартып отыр.

Ұсыныс та көбейсе...

Ұлттық банк өкілі сұранысқа сай ұсыныс та көбейсе, бағаның да арзандауына әсер етеді деген болжамын бүгіп қалмады. Яғни, бәсекелестік күшейсе, халықтың қалтасы көтеретін нұсқалар да табылып қалады. Ал нарық талабы бойынша әр құрылыс иесінің өз бағасын қоюы – заңды.

Иә, бағдарлама аясындағы баспаналар құнына әсер етуді Үкімет те ойластыра бастады. Мәселен, жуырда Елбасының бағ- дарламасын жүзеге асыратын «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков өңірлерге 150 млрд. теңге бөлу мүмкіндігі барын айтты. Яғни, бағдарлама бойынша тұрғын үй жетіспей жатқан аймақтарға қаржы бөлініп, әкімдіктер сол ақшаға үй салатын болады.

Жалпы, елімізде «7-20-25» бағдар- ламасына сай келетін 3 мың пәтер болса, соның жартысын тұрғындар сатып алыпты. Ал қалғаны аздық етуде. Сондықтан қаржы қарастырылмақ. Қазіргі таңда әкімдіктермен оны жүзеге асырудың тетіктері пысықталуда. Демек, келесі жылдан бастап, «7-20-25» бағдарламасына арнайы үйлер салына бастайды. Мамандар үй құрылысына жұмсалатын қаржы әрбір екі жылда қайтып келіп, құрылысқа салынып отырады деген болжам жасалуда. Тіпті, ипотекалық ұйым Шымкент қаласына 20 млрд. теңгені бөліп те үлгеріпті.

Негізінен, баспаналы болуда төлем қабілетін дәлелдеу көпшілікке қиындыққа соғатыны сөзсіз. Себебі, тұрғындардың көбінің табысы жете бермейді. Бұған дейін алған міндеттемелері де бар. Сондықтан тұрғындар шаршы метрдің бағасы арзандатылса деген ниетте. Дегенмен, банктер өтінім иесіне қосымша қарыз алушыны қолдану мүмкіндігін беретінін еске саламыз.

Хитке айнала ма?

Бәлкім, мына бір бастама төлем қабілеті төмендерге оң әсерін тигізіп қалар. Өйткені, тұрғын үй нарығында жаңа үй қашан да бұрыннан қолданыстағыдан әлдеқайда қымбат. Ал халық 20 пайыздық жарна салып, «7-20-25» бағдарламасы арқылы ескі үйлерді де алуға ниетті. Бірақ, бағдарламаның талабы басқа еді. Енді ипотекалық ұйым «Баспана-Хит» деген жаңа өнімін ұсынып отыр. Бұл «7-20-25» бағдарламасынан бөлек жүзеге асады. Бір сөзбен айтқанда, жеңілдікті несие. Бірақ, мұнда да тұрғын үйдің құнының 20 пайызы көлемінде алғашқы жарна болмақ. Ал жылдық пайыздық мөлшерлеме 10,75 пайыз болады. Ал тұрғын үй несиесі 15 жылға дейін беріледі.

Басқарма төрағасы дәл осы «Баспана-хит» атты жаңа өнімдері ел арасында хитке айналады деген ойда. Бұл бастама еліміздегі ипотекалық нарықтың дамуына әрі тұрғындардың баспаналы болуына оң әсер етеді деген сенім де жоқ емес.


Түйін:

Елбасы халықты баспанамен қамтудың тиімді тетігі ретінде «7-20-25» бағдарламасын енгізді. Яғни, жылдар бойы пәтер құнын немесе оның жартысын жинауға қауқары жетпейтіндерге жиырма пайызын ғана салып, баспаналы болу мүмкіндігін берді. Енді оны жүзеге асыруда банктер мен құрылыс фирмалары өздерінің қамын ойлап, тұрғындардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмесе деген ой келеді. Ол үшін, әлбетте, бәсеке мықты болуы керек. Бұл ретте, әкімдіктер арқылы аталмыш бағдарлама аясында салынатын жаңа үйлерден үміт көп. Ендеше, үміт оты сөнбесін деп тілейік.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz