Бірінші кезекте 19 түрлі азық-түліктің бағасы, оларды сауда орындарына жеткізу мәселесі жергілікті биліктің басты назарында болуы тиіс. Алайда, кейбір аудан басшылары бұған салғырт қарайтынға ұқсайды. Бұлай деуімізге негіз бар. Облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Дастан Рыспеков облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиын барысында Тереңкөл ауданында әлеуметтік маңызы бар 8 тауардың, Железин ауданында 5 өнімнің, Успен, Павлодар және Ақтоғай аудандарында 4 азық-түліктің бағасы қымбат екенін айтты. Мәселен, Тереңкөл ауданында күріштің бір келісі 300 теңгеге саудалануда. Салыстырар болсақ, Ертіс ауданында бұл өнімнің келісі 220 теңге тұрады.

Ал Железин ауданында ұнның бір келісі – 98 теңге. Облыс бойынша орташа баға – 81 теңге. Сонымен қатар, аймақ көлемінде қанттың бір келісі орташа алғанда 220 теңгеге саудаланса, Павлодар ауданының тұрғындары 251 теңге төлейді. Баянауыл ауданында азық-түлік бағасы тіпті шарықтап тұр. Айталық, мұнда нанның бір келісі 143 теңгеге, картоптың келісі 124 теңгеге, сәбіздің келісі 182 теңгеге бағаланып отыр. Аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің айтуынша, мұндай дерек шындыққа жанаспайды.

- Біздің ауданда бір келі нанның орташа бағасы – 120 теңге. Статистиканы жүргізетін мамандардың дүкендерде жоқ бағаны қайдан алатыны түсініксіз. Аудан көлеміндегі сауда орындарында мұндай баға жоқ, - деп таңданыс білдірді О.Қайыргелдинов.

Осы орайда аймақ басшысы Болат Бақауов әкімдердің статистикалық мәліметтерді жинап, саралайтын мамандармен бірлескен жұмыстың жоқтығын сынға алды.

- Таяуда аудан әкімдерінің бірі жергілікті жердегі статистика басқармасы басшы-сының аты-жөнін атай алмады. Бұл аудан-қала басшыларының немқұрайлығы мен статистикаға деген салғырттығын айқын аңғартады. Жергілікті әкімдер статистиканың қалай, қашан және қайда жүргізілетінін жақсы білуі тиіс. Тіпті, олармен бірге жүріп, кем-кетік жерлерді қаперге алуы қажет. Бірақ, іс жүзінде олай болмай отыр. Сондықтан мәліметтерді жиында бір-ақ біліп, «бізде мұндай баға жоқ» деп таң қалады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аудан-қала инспекторларының арнайы барып, мәселені жіті тексеруін тапсырамын, - деді Б.Бақауов.

Бұл ретте өнімдердің қымбаттығын болдырмас үшін тұрақтандыру қорындағы азық-түлікті сатып алу қажеттілігі айтылды. Дастан Рыспековтің айтуынша, қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 176 тонна қант, 64 тонна күріш бар. Қант пен күріш бағасы шарықтап тұрған аудандар осы қордан өнім алып, соның есебінен баға төмендеуі тиіс.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар-ларының бағасы назардан тыс қалмауы қажет. Айталық, бүгінгі күні облыс шаруалары картоп пен көкөніс жинауға, оларды алқаптан сатуға кірісіп кетті. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің айтуынша, картоптың келісі 45 теңгеден, сәбіз 48 теңгеден, қызылша 65 теңгеден және қарбыз 17 теңгеден босатылуда. Жалпы, облыс бойынша 500 мың тонна картоп жиналады деп жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі Ресей мен Өзбекстанға экспортталып, үш мегаполис - Астана, Алматы және Шымкент қалаларына жөнелтілмек. Аймақ басшысы Болат Бақауов картопты жинау және сатумен шектеліп қалмай, оны сақтау мәселесіне де баса мән беру керектігін қадап айтты. Осы орайда балабақша мен мектептерді сапалы азық-түлікпен қамту жағдайына атүсті қарамауды тапсырды.

- Өткен жылы кейбір білім беру мекеме-лерінің асханаларында балаларға шіріген картоп, сәбізден әзірленген тамақтардың ұсынылғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Биыл мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Мектеп асханаларын азық-түлікпен қамту мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек, - деп тапсырды Б.Бақауов.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында асханалардың бірыңғай желісін ұйымдастыру бойынша жоба ұсынылып, қазір жан-жақты қарастырылып жатқанын айтты.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz