- Бақыт Паванұлы, әңгімеміздің әлқисасын Темірғалы Нұрекеновтің өмірінен бастасақ. Себебі бүгінгі ұрпақ Темірғалы атамыз жайлы көп біле бермейді...

- Шынын айту керек, Темірғалы Нұрекенов көзі тірісінде ерекше сыйлы адам болған деседі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ол кісінің есімі ұмытылуға шақ қалды. Алайда біз - өткенін қастерлеп, тарихын бағалаған текті елдің ұрпағымыз. Тасқа басқан таңбадай еңбегі мен ерлігі, көрегендігі мен адами қасиеті сайрап жатқан бабамыздың есімін жаңғырта алмасақ - бізге сын.

Темірғалы Нұрекенов жайлы айтар болсам, атақты Нұрекен бидің немересі болған. Ол дін және қоғам қайраткері ретінде белгілі. Сүнниттер мағынасындағы исламды зерттеп, ата жолымен екі рет қажылыққа барып келген. Есілбай ауылына өз қаражатына 150 орындық намаз оқитын бөлмесі бар мешіт, жатақханасы мен асханасы бар медресе салдырған екен. Бұл мешіттің имамы әрі ұстазы Ғабдылуахит Хазірет Тіленшіұлы болған. Бұл кісі өте сауатты, оқымысты болған. Ол орыс, парсы, араб, татар сияқты бірнеше шет тілдерін жетік меңгерген. Сонымен қатар мал шаруашылығымен және саудамен айналысқан. Қала берді, Темірғалы Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар негізін қалаған «Алаш» қозғалысының қайраткері, сонымен қатар 1905 жылғы Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болып табылады. Тағы бір тарихи деректерде: Ресей Мемлекеттік кітапханасында Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың 1907 жылғы «Члены Государственной Думы» атты кітабы сақталған, сол кітапта Темірғалы Нұрекеновтің есімі жазылған. Мұнда 1907 жылы 12 ақпанда өткен Семей облысынан Мемлекеттік Думасының II шақыруына депутаттыққа ұсынып, сайланған, делінген.

- Тарихи дерек демекші, Темірғалы Нұрекенов пен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің байланыста болғаны рас па?

- Әрине, бұл - шындық. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Темірғалының ақылы, білімі және таңғажайып адамгершілік қасиеттері туралы жырлаған керемет өлеңдері бар.

Соның бірі:

Баласы Түйтеұлы Темірғалы

Жасында Мекке барып, болған қажы.

Қазақта алты алашқа атың шығып,

Депутат болған едің Думадағы, - дейді. Яғни, бұл өлең жолдары қос тұлғаның бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғанын анық көрсетеді. Тіпті, Мәшһүр атамыз өзінің бір жазбасында «Темірғалының есімі Москва мен Қазан қалаларына дейін әйгілі, оны Медине, Мекке, Стамбулда да біледі», деп жазған.

- Шыны керек, осындай тұлғаның есімін бүгінгі ұрпақтың білмеуі ұят-ақ! Дегенмен шарбақтылықтарға осы тұста зор алғыс айта кетсек артық етпес. Себебі бабаның есімін қайта жаңғыртып отыр. Сіздердің мұрындық болуларыңызбен Темірғалы Түйтеұлының кесенесі де көтерілді. Жалпы, осы бір ауқымды істің атқарылуына тоқталып өтсеңіз...

- Бабамыздың рухына құрмет көрсетіп, оның есімін мәңгі ұлықтау үшін, келешек ұрпаққа аманат ету мақсатында аудан әкімі Балғабай Ыбыраевтың бастамасымен Темірғалы Нұрекеновтің өмір жолы және елге жасаған қызметі туралы зерттеу жұмыстары қолға алынған еді. Яғни, архивтерді толықтай көтеріп, ел арасынан және ұрпақтарынан мәліметтер мен естеліктер көптеп жинақталды. Тіпті, іздеу жұмысы барысында біздің қыз-жігіттеріміз ол кісінің фотосуреттерін де тауып алды.

Темірғалы атамыз өзінің туған жері Есілбай ауылында жерленген болатын. Бұған дейін ол кісінің басы көтеріліп, ұрпақтары ескерткіш тас қойған еді. Уақыт өте келе, зираты ескіре бастады. Былтыр облыстық қоғамдық кеңес отырысында Темірғалы Нұрекеновтің мазарын тұрғызу туралы ұсыныс жасалды. Бұл ұсыныс аудандық қоғамдық кеңес отырысында да қолдау тапты. Осы отырыста қоғамдық кеңес төрағасы Александр Поляковтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай жобаларды жүзеге асыру мақсатында ауданда қоғамдық қор құру туралы ұсынысы да бірауыздан мақұлданып, соның нәтижесінде «Шарбақты елім - туған жерім» қоғамдық қоры өз жұмысын бастады.

Темірғалы Нұрекеновтің мазарының жобасын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған облыстық сараптама комиссиясы бекітті. Жалпы, осындайда қазақ «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді ғой. Осы бір ауқымды істің жүзеге асуына ауыл тұрғындары атсалысты деуге болады.

Негізі Темірғалы Түйтеұлын ауылдас-тары ұмытты деуге болмайды. Оған дәлел Есілбай ауылының тұрғындары 1992 жылы өз күштерімен ауылға жаңа мешіт салып, оны Темірғалы Нұрекеновтың атымен атаған-ды.

- Сонымен, бұл кесене де Шарбақты өңіріндегі киелі жерлердің қатарына еніп отыр ма? Сондай-ақ, кесененің құрылыс жұмысына, басы-қасында жүрген азаматтарға тоқталып өтсеңіз...

- Әзірге киелі жерлер қатарына енген жоқ. Бұл - біздің үлкен арманымыз. Болашақта бабамыздың жатқан жерін тек туристік маршрут картасында ғана қалдырмай, сакралды жерлер картасына енгізу бағытында жұмысымызды жалғастыратын боламыз.

Әуелгіде осы жұмыс басталғанда «қалай болар екен» деген күдік бәрімізде де болды. Себебі біткен іске қашанда сыншы көп қой. «Қалай болар екен?» деп бастаған ісіміздің сәтті әрі тез аяқталуына аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы Бақауовтың қолдауы, ауыл тұрғындарының сенімі үлкен күш берді.

Кесененің құрылыс жұмыстары басталмас бұрын аудандық қоғамдық кеңесінің шешімімен мамыр айында біздің қоғамдық қор екі жоба бойынша өз жұмысын бастады. Сол екі жобаның бірі Темірғалы Нұрекенов кесенесі еді. Мұндағы жұмыс тамыз айында басталды.

Кесенені салу үшін қоғамдық қор құрылтайшыларының шешімі бойынша құрылыс материалдарын Маңғыстаудан алдырып, құрылысшыларды да арнайы осы аймақтан шақырттық. Ал мазардың эскизі бірнеше нұсқаның ішінен таңдап алынды.

«Көп түкірсе, көл болар» дегендей, осы жобаны іске асыру барысында өз ықыластарымен көмек көрсеткен жаны жомарт азаматтарымыз да жетерлік. Мәселен, Ермек Жұмабаев, Александр Поляков, Виталий Соломкин, Мәдениет Қалтаев, Ширин Аслонов, Виктор Лямцев, Сергей Белявский. Бұл азаматтардың бәрі - біздің ауданымыздың тумалары. Сонымен қатар Шегірен ауылдық округінің азаматтары қорға арнайы қаражат аударса, көптеген мекеме қызметкерлері қорымыздың есепшотына өздерінің бір күндік еңбекақыларын берді. Бұл қаражат толығымен кесененің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарына жұмсалуда. Жоба аяқталғаннан кейін жерлестеріміздің алдында қоғамдық қорға келіп түскен қаражат бойынша толық есеп беруді көздеп отырмыз.

- Сауабы мол іс атқарған екенсіздер. Ал енді қалың бұқара кесененің салтанатты ашылуын тағатсыздана күтіп жүрген шығар...

- Әрине, жақсылықтың жаршысы болғанға не жетсін. Бұл кесенені шарбақтылықтар асыға күтіп жүр. Қазіргі таңда мазардың құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, тек айналасында абаттандыру жұмыстары ғана жүріп жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша 29-ыншы қыркүйек күні Есілбай ауылының маңына этноауыл құрып, Темірғалы Нұрекенов кесенесін салтанатты түрде ашамыз.

Шараға мемлекет қайраткерлерін, облысымыз бен ауданымыздың Құрметті азаматтарын, атамыздың ұрпақтарын және де осы жобаның іске асуына демеушілік көрсеткен азаматтарды арнайы шақырып, құран бағышталып, ас беріледі. Соңын ұлттық ойындармен аяқтау жоспарланған.

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz