Өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарынан» жеңілген соң павлодарлық бапкерлер команда сапына өзгерістер енгізген еді. Мәселен, «Ертістің» қазіргі құрамы сапындағы белді ойыншылардың бірі португалиялық футболшы Угу Секу ойынға алғашқы минуттан араласты.

Ойын бастала салысымен оңтүстіктің оғландары ойын тізгінін қолға алып, ұтымды шабуылдар ұйымдастыруға бел байлады. Алайда, «Ертістің» ойыншылары қорғаныста сауатты ойнап, қарымта шабуылдарды дер кезінде ұйымдастыра білді. Ойынның 36-минутында «Ертіс» ойыншысы Угу Секу команданың жартылай қорғаушысы Карлос Фонсеканың берген добын ұтымды пайдаланып, қарсыластар қақпасына гол соқты.

Ойынның екінші жартысында да алаң иелері бірнеше шабуыл ұйымдастырғанымен таразы басын теңестіре алмады. Кездесудің 57-минутында шымкенттік ойыншы Лука Муженяк алаңнан қуылды. Ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда 10 ойыншымен өнер көрсетіп жатқан «Ордабасы» өз қақпасына тағы бір гол жіберіп алды. Бұл жолы «Ертіс» клубының жартылай қорғаушысы Павел Шабалин 30 метрлік қашықтықтан қарсыластар қақпасын дәл көздеген еді.

«Ордабасы» - турнир кестесінің 4-орнында тұрған команда болғандықтан көпшілік оңтүстіктік команда жеңіске жетеді деп алдын ала болжаған. Алайда, жерлестеріміз жүйелі ойын үлгісін көрсетіп, үміт отын қайта жаққандай болды.

«Ертіс» ел чемпионаты аясындағы келесі ойынын 26 қыркүйек күні сырт алаңда Ақтөбенің «Ақтөбе» футбол клубына қарсы өткізеді. Жерлестеріміз 30 қыркүйек күні өз алаңында «Атырау» командасын қабылдайды.

А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz