Аймақ басшысының сөзінше, өңірде оқушылар футболын дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Міне, соның нәтижесінде жас футболшылар республикалық турнирлерге қатысып, облыс намысын абыроймен қорғап жүргенін атап айтты.

- Елбасымыз бір сөзінде «Қазақстан халқының кем дегенде 30 пайызы спортпен шұғылдануы керек» деген болатын. Міне, соны орындау - біздің міндет. Біздің облыста да бұқаралық спортты дамытуға бағытталған көп жұмыс істелуде. Өткен жылы Ақсу, Павлодар және Екібастұз қалаларында осындай бес спорттық алаң ашылды. Жұмыстар биыл да жалғасуда. Биыл ұзындығы 50 метр болатын бассейн тағы ашылады. Сонымен қатар, 2019 жылы облыс көлемінде үш спорттық кешеннің құрылысы басталады. Бүгін спорт алаңы ашылып жатқан №22 орта мектебінің оқушылары талай спорттық додаларда жетістікке жетіп жүр. Спортшылардың жеңісті жолы жалғасады деген сенімдеміз, - деді Болат Жұмабекұлы.

Мектеп директоры Майра Мәмбетованың сөзінше, спорттық алаңның құрылысына облыстық бюджеттен 44 млн. 600 мың теңге бөлінген. Бұл алаңда футбол ойынын ғана емес, спорттың басқа да көптеген түрін өткізуге болады. Мысалы, баскетбол, стритбол, воркаут спорт түрлеріне арналған құрылғылар бар. Сондай-ақ, жеңіл атлетика жарыстарын ұйымдастыруға да мүмкіндік бар.

- Біздің мектептің ғимараты 1981 жылы салынған. Қазіргі таңда оқу ордасында 1800 бала екі ауысыммен оқиды. Бүгінгі күнге дейін бізде мұндай заманауи спорт алаңы болған жоқ еді. Сондықтан бүгін біздің мектеп ұстаздары мен оқушылары үлкен қуанышты жаңалықтың куәсі болып отыр, - деді директор.

Осы күні жаңа алаңда 2018 жылғы республикалық «Былғары доп» турнирінің жеңімпазы атанған Б.Момышұлы атындағы №22 орта мектеп оқушылары мен облыстық «Былғары доп» ойынының жеңімпазы - №39 орта мектеп командасы арасында жолдастық кездесу өтті.

Т.САХАБА.

saryarka-samaly.kz