Өзекті мәселелер қаралды

Облыстық мәслихат жұмысының негізгі бөлігін кезекті және кезектен тыс сессия отырыстары құрайды. Мұндай ауқымды жиындарда аймағымыздағы маңызды мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастыру – депутаттарға жүктелген міндет. Барлық жиындар облыс әкімі мен орынбасарлардың қатысуымен өткізіледі. Ағымдағы жылы мәслихат сессиясының 5 отырысы ұйымдастырылып, 57 мәселе қаралды. Сонымен қатар, мәслихат жұмы- сында 5 тұрақты комиссия жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Жыл басынан бері бұл бағытта 16 отырыс өткізіліп, 29 мәселе қаралды. Мамыр айында өткен тұрақты комиссияның отырысында өңірде ВИЧ, СПИД және туберкулез дертіне шалдыққандардың қатары артып келе жатқаны сөз болды. Өкінішке қарай, облысымыз ВИЧ инфекциясының 15-49 жас аралығындағы адамдарда таралу деңгейі бойынша республикада көш бастап тұр. СПИД орталықты қаржыландыру мәселесі республикалық бюджетке берілген соң, кейбір профилактикалық бағдарламаларға қаражат бөлінбей келеді. Аталмыш жағдай бойынша депутаттар ҚР Парламентіне хат жолдаған болатын. Атап өтерлігі, соңғы 5 жылда туберкулез дертіне шалдығушы-лардың қатары 35,5 пайызға төмендеді.

Өңірде кәмелет жасына толмаған қыз- дардың ерте жүкті болуы да маңызды мәселелер қатарында. Бұл ретте ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында жасөспірімдер жиі баратын кинотеатр-ларда әлеуметтік бейнероликтер көрсету, смс-хабарлама жолдау, әлеуметтік желі арқылы ақпарат тарату, жастар бастамаларын дамыту орталықтарында мамандар кеңесіне жүгіну сынды ұсыныстар тасталып, қабылдануы үшін мемлекеттік мекемелердің назарына жолданды.

Жасөспірімдердің көпқабатты тұрғын үйлерден құлауы мәселесі «Қауіпсіз терезе» акциясын ұйымдастыруға себеп болды. 2017 жылы 22 бала биіктен құласа, 7-еуі өмірімен қош айтысты. Шара барысында пластикалық терезені сапалы орнататын кәсіпорын өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, ата-аналар, мектепке дейінгі мекеме басшылары арасында түсіндіру жұмыстары өткізілді. Ағымдағы жылы 10 бала биіктіктен секірсе, оның 3-еуі бақилық болды. Бұл жағдай Екібастұз қаласында өзекті болып отыр. Өйткені, қайғылы оқиғаның екеуі кеншілер шаһарында орын алды. Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бірінші кезекте ата-ана жауапты болуы тиіс.

Еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі де өзекті болып отыр. Бұл бағытта жүргізілген тексеру шаралары барысында 136 заңбұзушылық анықталды. Нәтижесінде жұмыс берушілерге 44 ескерту жасалып, 52-сі әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл мәселені шешу үшін депутаттар қауымы Павлодар және Шарбақты аудандарындағы елді мекендер мен Ақсу қаласындағы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында жасалатын келісімшарт пен қажетті құжаттар тізімімен таныстырды. Бұдан бөлек, депутаттар өзге де мәселелер жөнінде тиісті атқарушы органдарға сауал жолдайды. Мәселен, биыл 121 депутаттық сауал жіберілді. Олардың қатарында ауланы абаттандыру және асфальт төсеу, ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамту, әлеуметтік нысандардың құрылысы, атмосфераның ластануы, жылу маусымына қатысты т.б. мәселелер бар.

Экологиялық ахуал - тұрақты назарда!

Биыл Павлодар облысында экология жылы жарияланды. Бұл ретте аймағымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Павлодар – Қазақстанның қуатты өндіріс орталығы екені ескерсек, жыл сайын атмосфераға шығарылатын қалдықтардың көлемі артып келе жатқаны анық. Сондықтан бұл мәселе де депутаттардың назарында. Олардың белсенді әрекеті нәтижесінде қоршаған ортаны қорғау мақсатында 15 өнеркәсіп кәсіпорны басшыларымен меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану және қоғам белсенділерімен бірге Ақсу, Павлодар қалаларындағы кәсіп-орындардың санитарлық қорғау аймағына рейд ұйымдастырды. Алматылық кәсіпорын Ақсудың санитарлық қорғау аймағындағы ауа құрамына зерттеу жүргізіп, сараптама нәтижесі көмірқышқыл газының деңгейі қалыпты екенін көрсетті. Сонымен қатар, «Каустик» акционерлік қоғамы зертхана-сының мамандары ауа құрамына талдау жүргізіп, Былқылдақ өзенінен сынама алды. Сараптама ауа құрамындағы зиянды заттардың көлемі нормадан аспайтынын анықтады. Жарты жылда депутаттар бұл бағыттағы мәселелерді шешу мақсатында қала-аудандарды аралап, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Облысымызда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді шаралар қолға алынуда. Атап өтерлігі, ақпан айынан Павлодар қалалық №36 мектепте экологиялық марафон шарасы бастау алды. Оның аясында мектептерде сұрыптап, яғни қағаз, пластик, шыны сияқты басқа да қоқысты жеке-жеке жинау жүйесі қолданылуда. Бұл жаңашылдық қоқысты бөліп тастау мәдениетіне баулуға бағытталған. Сұрыпталған қатты қалдықтарды бөлек жинау оны қайта өңдеу бағытындағы шараларды жедел жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндай бастама білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен мәдени ошақтарда да жүзеге асырылуда. Мәселен, бүгінде 717 мекеменің 267-інде қоқысты жеке-жеке жинауға арналған контейнерлер орнатылды.

Дәстүрге айналған, сәуір айында өткізі- летін тазалық айлығында облыстық мәслихат аппараты мен балалар үйінің ұжымымен бірлесіп жас шырша мен теректер отырғызылды. Депутаттардың көпшілігі еңбек өкілдерімен бірге өзіне берілген аумаққа абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Осы ретте, қала жұртшылығына өз тұрғын үйлерінің ауласын таза ұстауға кеңес бергім келеді.

Жол сапасы бақылауда

Аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау мәселелері де депутаттардың назарынан тыс қалған емес. Ағымдағы жылдың ақпан айында облыстық мәслихат депутаттары қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдерімен Павлодар қаласындағы «Детский мир - Антошка» дүкеніне барып, ойыншықтарға сараптама жасады. Бұл ретте 11 балалар тауарына талдау жасалып, нәтижесінде 3-еуі Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Аталмыш тауарлар сатылымнан алынып, дүкен басшылығына ескерту жасалды. Сонымен қатар, депутаттар сәуір айында шыбын-шіркеймен күрес жүргізу ісіне де белсенді араласып, жәндіктерді улауға арналған химиялық дәрілердің сертификаттарын тексерді. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы «Рахмет» базарында «Нитрат- сыз денсаулық» акциясы ұйымдастырылды. Жұртшылық арасында тамақтану кезінде санитарлық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сәуір-мамыр айларында 2017 жылы қысқы мезгілден кейін жөндеу жүргізілген республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың сапасына мониторинг жүргізілді. Барлық ескертпелер мен тапсырмалар қала-аудан әкімдеріне жолданды. Ал ағымдағы жылы жөндеуден өткізілген жолдардың жағдайы қыркүйек-қазан айлары аралығында тексеріледі. Бұдан бөлек, күндізгі және түнгі уақыттарда автожолдарда өтетін ауыр жүк көліктерін тексеру мақсатында арнайы рейд ұйымдастырылуда. Шамадан тыс тиелген жүк жолдардың асфальтін күйрететіні белгілі. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылысы, күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі мен олардың уақытында аяқталуы да бақыланады. Қазіргі уақытта Усолка шағын ауданында бассейннің құрылысы мен «Сарыарқа» шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Облыстық мәслихат депутаттары қала және аудан депутаттарымен бірлесіп Оңтүстік өңірден көшіп келген 128 отбасының үйіне барып, жағдайларымен танысты. Бұл ретте олардың баспана және жұмыспен қамтылуы, балалардың мектепке орналасуы мәселе-леріне көңіл бөлді. Аймағымызға көшіп келген отбасылардың басым көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын жаудырып жатқанын атап өткен жөн.

Болашақ кілті - білімде

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесімен бірлесіп, жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Табысқа жету жолы» жобасына қатысты. Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада «Ата-аналарымыздың мамандығымен танысу» акциясы өткізілді. Облыстық мәслихат депутаты Александр Поляков басқаратын «Победа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дуалды оқыту орталығы ашылды. Онда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің агротехникалық факультетінде білім алатын студенттер оқиды. Оқу орталығында сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Бір топта 10-15 студент өз жетекшілерімен бірге сабаққа қатысып, тәжірибеден өтеді. Аталмыш серіктестік көп жылдар бойы жоғарыдағы университетпен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Агротехникалық факультетте студенттер 5 мамандық бойынша білім алады. Оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық мәслихат депутаты Анатолий Бойчин қалалық №17 мектепте «Қаржылық сауаттылық» жобасын бастап, мамандандырылған кабинеттің жабдықталуына жағдай жасады. Бұл курс оқушылардың отбасылық бюджетін есептеуге, банк технологиясын меңгеруге мүмкіндік береді. Осы орайда, банк саласының өкілдері облыс орталығындағы 37 мектепте арнайы оқу жүргізуде.

Көмек қолын созды

Мәслихат депутаттары көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуда. Мәселен, Қайрат Әбішев өз сайлау учаскесінде өрттен зардап шеккен 8 бала тәрбиеленіп жатқан отбасыға қаржылық көмек көрсетті. Сонымен қатар, Павлодар аудандық мәслихат депутаты Айтуған Шайхимовпен бірлесіп, 6 жастан 16 жасқа дейінгі 5 баланы асырап алған көпбалалы отбасыға қолдау білдірдік. Депутаттар су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындарға 7 млн. теңге көлемінде көмек көрсетті. Бұдан бөлек, «Мектепке жол» акциясына да белсенді қатысып, 6 млн. теңгеге оқуға қажетті құралдар сатып алынды.

Мәселесі бар тұрғындар депутаттарға тек қоғамдық қабылдауда ғана емес, сайтымызға да кіріп, өз ұсыныстарын қалдыра алады. Мұндай қарым-қатынас көптеген мәселелерді шешуге көмектеседі деген сенімдемін.

Жазып алған – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz