Болат Жұмабекұлы жұмыс сапарын «Ақсу жылыжай комплексі» жылыжайынан бастады. Қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрған «Ақсу жылыжай комплексі» ұжымы бүгінде өздерінде өсіретін өнімнің 40 пайызын Павлодар өңіріне, 30 пайызын Астана қаласы мен еліміздің басқа да аймақтарына саудаласа, қалған 30 пайыз көкөністі Ресейдің Омбы, Новосібір, Барнауыл облыстарына экспорттайды.

Бұдан соң облыс әкімі Б.Бақауов Ақсу ферроқорытпа зауытының қалаға жылу тарататын қазандығында болды. 70 мың тұрғыны бар шаһарға жылу беретін қазандықтың бүгінде жөндеу жұмыстары аяқталған.

- Қысқы маусымға біз толықтай дайынбыз. Қазіргі кезде балабақшалар мен мектептерге, ауруханаларға жылу берілді. Алдағы апта басында тұрғын үйлерге де жылу беруді бастаймыз. Дайындық ойдағыдай. Жылыту науқаны бойынша биыл ешқандай мәселе туындамауы тиіс, - дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының бас инженері Игорь Кулешов.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамына да арнайы барды. Аталған корпорация қалаға қарасты Ақсу кенті тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуге жауапты. Бүгінде кәсіпорындағы №5 энергия блогына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда бұл жағдай кәсіпорын жұмысына кедергісін келтіріп жатқан жоқ. Корпорация тұрғын үйлерге жылу беру жұмысын бастап кеткен.

- Облыстағы жылыту станциялары- ның барлығы қыс маусымына дайын. Талапқа сәйкес арнайы құжаттары да бар. Өңірімізде нормативтік көмір қоры бар. Әлеуметтік нысандардың барлығы 100 пайыз қатты отынмен қамтылған. Тек жеке секторларға көмір тасымалдау бойынша олқылықтар бар. Біз бұл туралы бірнеше мәрте ескерткен болатынбыз. Жекеменшік үйлердің иелері алдын ала көмірмен қамтамасыз етілуі керектігін тағы да атап өткім келеді,- деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Айта кетерлігі, Ақсу шаһарында салынып жатқан жаңа қазандықтың құрлысы қарқынды жүргізілуде. 2017 жылдың қыркүйек айында іргетасы қалана бастаған қазандық 2019 жылдың күзінде пайдалануға берілмек. Ақсу шаһарын түгелдей жылытуға қауқарлы жаңа нысанда барлығы 6 қазандық орнатылады деп жоспарланған. Бүгінде құрылыс жұмыстарына 125 жұмысшы мен 18 техника жұмылдырылған.

Ақсу қаласы, Астана көшесі, 58-үйдің қаңырап бос тұрған 4 подъезіне биыл жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 8 қабатты бұл үйде 102 пәтер бар. Тоқсаныншы жылдардың басында бой көтерген ғимараттың тең жартысы осы күнге дейін пайдалануға берілмеген. Бүгінде аталған нысанды қалпына келтіру жұмыстарын «АМБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолына алған. Бастаған ісін аяқсыз тастаған мер- дігерлердің жауапсыздығынан тоз-тозы шыққан көпқабатты үйдің құрылыс жұмыс- тарымен аймақ басшысы Б.Бақауов танысты. Жауапты мердігер басшылығы жырға айналған тұрғын үйдің құрылысын уақытында аяқтап, жыл соңында көпқабат- ты үйді пайдалануға беретінін айтты.

Бұдан соң аймақ басшысы Ақсудағы №14, №15 шағын аудандардағы жеке тұрғын үй құрылысы басталған аумақтар- ды аралады. Бүгінде белгіленген 380 жер учаскенің 64-інде ғана құрылыс жүргізілуде.

- Осы аумақтан үй салуға ниетті адамдар осыдан 10 жыл бұрын кезекке тұрып қойған. Алайда, көпшілігі құрылыс жұмыстарын бастауға асығатын емес. Жер телімін алған азаматтар биыл үйдің іргетасын қалап, келер жылы құрылысты толықтай аяқтауы тиіс. Талапқа көнбеген жағдайда біз олардың жер телімдерін алып, үй салуға ниетті басқа азаматтарға ұсынатын боламыз, - деді Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко.

Айта кетерлігі, осы аумақтан жер телімдерін алған азаматтардың басым бөлігі - Ақсу ферроқорытпа зауыты мен Еуразиялық топ құрамына кіретін «ЕЭК» АҚ-ның жұмыскерлері. Осыны ескерген аймақ басшысы құрылыс сапасы мен қарқынын арттыру үшін ERG компаниясы басшылығымен сөйлесетінін айтты.

Биыл Ақсу қаласындағы 15 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Облыс әкімі Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында шаһардағы Ленин көшесі, 20-үйдің ауласында болып, тұрғындармен кездесті. Жаңа спорттық нысандармен жабдықталып, арнайы қорғаныш қабаты бар жабындық төселген аулаға қала тұрғындары дән риза. Аталған ауланы қалпына келтіруге облыстық және жергілікті бюджеттен 16 млн. теңге қаражат жұмсалған.

Бұдан соң облыс әкімі Б.Бақауов Ақсу балалар ЕКО техноорталығында болды. Шаһардағы ұстаздармен, ата- аналармен арнай кездесіп, қатысушылардың білім саласы төңірегіндегі ой-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Алпысбай ХОНЖ
Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz