Еліміз егемендік алған шақта бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген бір оқиға қазақ жұртын дүр сілкіндірді. Ол – осы уақытқа дейін әндерін айтпақ түгілі, есімін атауға батылымыз жетпеген Иманжүсіп Құтпанұлының ұзақ жылдар бойы жабысқан «бүлікшіл» деген жаладан ресми түрде ақталғаны.

Ұлағатты той

Салтанатты шаралар өткізу үшін ауылға кіре беріс жазық жер таңдалған екен. Бұл жерге қаланың бірқатар мекемелерінің және 5 ауылдық округтің киіз үйлері тігілді. Олардың әрқайсысының қарсы алдында ұлттық қолөнер, мәдениетке байланысты көрмелер ұйымдастырылды. Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко бастаған, жанында қалалық мәслихат хатшысы Мәдениет Омарғалиев, Қаршыға Шаяхметов, Светлана Қондыкерова секілді жергілікті азаматтар бар топ әрбір киіз үйдің алдында аялдап, қазақы дастарқаннан дәм татты. Сондай-ақ, Иманжүсіп Құтпанұлының өміріне байланысты сахналық қойылымдарды көрді. Мәселен, ауылдар кешегі күні халық қамын жеген ұлт қайраткері Иманжүсіптің елге танылған кезеңі, патша жандайшаптары мен кейінгі билікке келген совет өкіметіне қарсы әрекеттерін ашып көрсетуге күш салды. Азаттық аңсаған халық батырының айдауда салған әндерін аңыратып, жаламен ұсталған сәтін де бойды шымырлататындай жеткізіп берді.

Халық батыры Иманжүсіп Құтпанұлының қайраткерлігін кәсіби түрде сомдап, халыққа ұсынған облыстық Жүсіпбек Аймауытов атын- дағы қазақ драма театрының әртістері болды. Мерейтойға арнайы құрылған, безендірілген сахнада «Ғасырлар тоғысында» атты мерекелік бағдарлама осылай бастау алды. Иманжүсіп рөлін сомдаған актер Руслан Нығыманов қаһарманның күрескерлік, алыптық қасиетін, өнерінің қыр-сырын паш етіп көрсете алды.

- Бүгін біз әйгілі бабамыз, ұлттық қайраткер Иманжүсіп Құтпанұлының 155 жылдық мерейтойын атап өтуге жиналып отырмыз. Бүгінде Иманжүсіп Құтпанұлының ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Тәуелсіз елдің ұландары осындай өршіл, қайраткер болса керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осылай жүзеге асып отыр. Барлығыңызды бабамыздың мерейтойымен құттықтаймын! - деді Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко қазақ тілінде.

Жиналған көпшілік әкім құрметін жылы қабылдап, әрі қарай той-думанның куәсі болды.

Ақсулықтар Иманжүсіп Құтпанұлының 155 жылдығына арналған «Атам қойған шын атым - Иманжүсіп» атты аймақтық жас ақындар айтысын ұйымдастырды. «Желдірме» облыстық айтыскер ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбектің айтуынша, бұл жердегі мақсат – мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде айтыс өнерін насихаттау, ақындардың айшықты тілімен егемен еліміздің жетістіктерін көрсету, халқымыздың ұлылығын жырлау, Ақсу қаласынан шыққан атақты тұлғаларды насихаттау және жас ақындардың баптала түсуіне қолдау білдіру. Мұндай ұсынысты Ақсу қаласының әкімдігі қабыл алып, 10 ақынның оза шабуына жағдай жасапты. Сөз додасына Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Арман Қани бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Он ақынның сөз тартысының қорытындысы бойынша бас жүлдеге Айбек Оралхан ие болды. Бірінші орынды Павлодар ауданынан шыққан Алтай Қадырбек еншілесе, екінші орын ақсулық Ернар Құсановқа бұйырды. Үшінші орынға жас ақын Оразбек Саяхат қол жеткізді. Айтысқа қатысқан және жүлдегер ақындарға мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ұйымдастырушылар көпшілікке «Ғасырдың қаһарман тұлғасы - Иманжүсіп» атты фотосурет көрмесін ұсынды. Сонымен қатар мерекелік бағдарлама бойынша ұлттық спорт ойындарынан (қазақ күресі, теңге ілу, асық ату, аударыспақ, қошқар көтеру) сайыстар өткізілді. Мереке қонақтарына палау мен киіз үй алдында темір пешке пісіріліп жатқан ыстық бауырсақ таратылды. Бір сөзбен айтқанда, Құркөл ауылына, баба рухына арналған шараға келушілердің делебесін қоздырып, жігерін өршітетін шаралар жеткілікті болды.

Ақсулықтар ат бәйгесін де ұйымдастырды. 10 шақырымдық аламан бәйгеде Май ауданынан келген Қаратай Айбардың «Шайқас» атты сәйгүлігі топ жарып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

Мерейтойға арнайы келген Иманжүсіп Құтпанұлының немересі, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Раушан Иманжүсіп атасының құрметіне дүбірлі той ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

- Атамыз, қазақ халқының батыр ұлы Иманжүсіп Құтпанұлының 155 жылдығын ескеріп, той жасаған өңір басшылығына алғысымды айтамын. Менің әкем 1992 жылы атамыздың ақталу қағазын алды. Сол кезде ол маған: «Раушан, саған аманат айтайын, атаңның жатқан жерін анықта. Сосын, оның суреті де бар. Егер аманатымды орындай алсаң, тірі болсам рақмет айтамын, дүниеден көшсем аруағым риза болар», деді. Содан бері ұзақ уақыт бойы тынымсыз іздеумен жоқтаушысы болып келемін. Иманжүсіп атамыз ұзақ уақыт Ақмола өңірінде тұрып, кейін 1913 жылы «датқа болыңыз» деп қолқа салған соң Сыр бойына қоныс аударған. Сол жерде ел басқарды, би болды, 1916 жылы соғыс басталғанда қазақ жігіттерін қара жұмысқа бермейміз деп патша жарлығына қарсы шығып, Шиелі ауданының 1 мыңдай жігітінен әскер құрып, Бұқараға барып тұрған. Бір жылдан кейін қайтып келген. Жалпы, Қызылордада 18 жыл тұрған екен. Кейін билікке совет өкіметі келді, әрі қарай ашаршылық басталды. Осыған орай табылған бір құнды дерек, атамыздың 1928 жылы 40 түйемен Ақмолаға келетіні. Бүкіл Ақмола өзінің жақсы көретін сал-серісін қарсы алады. 1990 жылдардың басында Иманжүсіп атамыздың көзін көрген ақсақалдармен әңгімелескен едім. Солар айтады, керемет ұлағатты той болды деп. Бірақ жұрт жұтаңдыққа ұшыраған кезең еді. Сонда атамыз халыққа ақысыз астық таратып, оған ризашылық ретінде Ақмол өңірінің 50 жігіті Иманжүсіптей қаһарманын жарты жолға дейін шығарып салған екен. Астықты жол бойы ауылдарға үлестірген екен. Шілікті деген жердің, Әсемгүл деген әжеміздің туған жері, Тұрғанбай датқаның ордасы болған жер - сол жердің ақсақалдары әлі күнге дейін алғыс айтады. Киіз үйде аштықтан қатып жатқанда қолдарын жазып, алақандарына бидай салған Иманжүсіп екен. Енді бір ауылға барса, жұртшылық «қарақшылар маза бермей жүр» деп айтады. Имекең «мына менің мылтығымды алып қалыңдар, Мәмбетәлі деген төбешік бар, соған шығып төбеге атыңдар, дейді. Ауыл халқы солай істейді. Мылтықтың тарсылын естіген қарақшылар «Ойбай, мына ауылда Иманжүсіп бар екен ғой» деп қаша жөнеледі. «Кейін мылтығымды қайтарып бересіңдер» деген екен. Сеніп қалдырған адамы мылтықты сақтапты. Бірақ Имекең оралмайды. Содан өлім алдында жатқанда баласына тапсырыпты, «Иманжүсіптің бір ұрпағына берерсің, жоғалып қалмасын» деп. Шіліктіде жүргенімде бір ақсақал «қызым, үйімде бір мылтық сақтаулы, мен де қартайдым, алып кетсең» деді. Мен атама қатысты жәдігерлерді жинап жүрмін ғой. Қарасу, қазір Жібек жолы ауылында Иманжүсіп мектебінде сол қару сақталып тұр. Әлі мұражай ашылған жоқ. Жәдігерлерді жинаудамыз, дейді Раушан Нұрқанқызы.

Жаңаарқада емес, Ақсуда туған

Сахнада Иманжүсіп немересі тағы бір дүние айтты. Ол – Иманжүсіптің туған жері – яғни төртінші ауыл – қазіргі Қарағанды облысы Жаңарқа ауданында деген дерек. Профессордың айтуынша, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Іс қағазын толтырғанда Иманжүсіп елдегі туған-туысын қорғау мақсатында нақты туған жерін жасыруы мүмкін. «Жаңаарқа, төртіншіде тудым» дегенін өзі жазбаған, қылмыстық істі қараған тергеуші жазған. Сондықтан бұл анкеталық дерекке сенуге болмайды. Одан басқа, жасыл сиямен жазған қолтаңбасы бар, Таразда архивте сақтаулы. Иманжүсіп Құтпанұлының туған жері – Павлодар облысы, Ақсу жері. Алтыбай деген жерде жайлауы болған, қыстауы қазіргі Тереңкөл ауданына қарасты Песчаное станицасы деп жазады әкесі документтерде. Маған да осы аймақ ыстық, күш-қуат береді бойыма. Ақсудың адамдары да емен-жарқын. Әкімі Николай Васильевич Дычкодан бастап мынадай ұлағатты шараны өткізіп жатқаны зор мақтаныш тудырады, деді Иманжүсіп немересі.

Айта кетелік, осыдан 5 жыл бұрын, 2013 жылы Ақсу қаласында Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілген болатын. Сол кезде Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайы пайдалануға берілген. Оның құрылысына жергілікті ірі кәсіпорындар демеушілік еткен болатын.

Ал жуырда, Иманжүсіп Құтпанұлының 155 жылдығы қарсаңында Ақсуда, палуанның есімін иеленген спорт сарайында 2 спорт залы ашылғанын айта кетелік. Оның бірі ауыр атлетика, екіншісі бокс өнеріне машықтанушыларға арналған. Бұл жерде Ақсу қаласының №2 балалар мен жасөспірім-дерге арналған спорт мектебінің тәрбие-ленушілері шынығатын болады.

Ақын-импровизатор, композитор Иманжүсіп Құтпанұлы Павлодар облысының қазіргі Ақсу қаласының Құркөл ауылында туған. Жастық шағы Ақмола өңірінде, Ерейментау жерінде өткен.

«Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,
Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіңді алғам.
Есіл, Нұра, Ереймен, Қарақойтас,
Көзімнен бұл-бұл ұшты дүние жалған», -
деген қайран ер халқының қамын жеп патша өкіметінің де, өзі кейін үміт артқан кеңес өкіметінің де билігіне қарсы шығады. Еңсегей бойлы ер жігіт жастайынан бірбеткей, қайсарлығымен көзге түседі. Бұл жерде әкесі Құтпанның да қайраткерлік қабілеті орасан зор ықпал етеді. Өнерге де ғашық болған Иманжүсіп Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың шығармашылығына ынтыға ден қояды. Жарылғапберді, Естаймен, Жаяу Мұсамен кездеседі. Қорғансыз халықтың жағында ұлттың мүддесін көздей жүріп биліктің қаһарына ұшырайды.

1905-1912 жылдары Өскеменге, 1914 жылы Жетісуға айдалады. Совет өкіметінен де қуғын көреді. Ақыры 1930 жылдың 20 желтоқсанында ұсталып, абақтыға қамалып, 1931 жылы көктемде Әулие Ата маңында атылады. 1960 жылы Иманжүсіп Құтпанұлының ісі қайта қаралып, айыбы жартылай алынады. 1990 жылы толықтай ақталады. Өкінішке қарай, күрескер ақынның бізге жеткен мұрасы аз. «Сарымойын», «Әкем Құтпан», «Бұғылы мен тағылы», «Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай», «Қысырақтың үйірі жирен ала», «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын» секілді туындылары ғана белгілі. Әндерді қазақ музыкасын зерттеуші ғалым Александр Затаевич жазып алып, «Қазақ халқының 100 әні мен 500 күйі» атты жинаққа Иманжүсіптің әні деген атаумен енгізген. 2001 жылы шыққан «Иманжүсіп» (автор Раушан Нұрқанқызы Иманжүсіп) кітабында ақынның барлық әндері жинақталған.

Бүгінде Иманжүсіп Құтпанұлы қазақтың азаттық жолындағы күрескерлік рухын танытатын символға айналған. Оның 155 жылдық мерейтойын өткізу мәселесіне де жергілікті азаматтардың намыспен қарауы сондықтан.

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Иманжүсіп атамыздың 155 жылдығын атап өту ұсынысымен Ақсу қаласының әкімі Николай Васильевич Дычконың қабылдауына кірдім. Ол кісі әуелде ойланды, себебі қаржы қарастырылмаған, кейін қолдау білдіріп, арнайы қордың есебінен өткізуге келісті, - дейді белгілі ақын, Ақсу жерінің арқалы азаматтарының бірі, еңбек ардагері Қаршыға Қабыкенұлы Шаяхметов.

Осыдан екі айдай уақыт бұрын облыс орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық сарапшылық кеңестің отырысында Ақсу қаласында Иманжүсіп Құтпанұлының 155 жылдық мерейтойын жергілікті азаматтардың қаржысынан жиналған қордың күшімен өткізу туралы ұсыныс қаралғаны есімізде. Сарап- шылық кеңеске қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев та мұндай тағылымды істің ұйымдасты-рылуы ұрпаққа өнеге екенін бағалап айтқан. Міне, сол ұлағатты іс-шара іске асты. Халық та ырза, шынында да өнегелі дүние болды. Ақсу әкімдігі Иманжүсіп Құтпанұлы мұрасы – әндерінің жинағын да басып шығарған екен. Осылай, бір кезде жаламен жадыдан өше жаздаған Иманжүсіп қайта халқымен қауышты, мерейлі тойда қайта дүниеге келгендей болды.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ
Ақсу қаласының ауылдық аймағы, Құркөл ауылы.

saryarka-samaly.kz