«Өлеңті жазулары» - Ертістің Павлодар өңірі ескерткіштерінің ішіндегі ертеден келе жатқан көркемөнер туындысы болып табылады. Ол Өлеңті өзенінің сол жағалауында оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде орналасқан. Көне ескерткіш жайлы тарихшы Қайрат Батталов:

- Өзеннің оң жағалауына қарсы қараған террасаның баурайында ірі ақшыл қоңыр түсті палеогендік құмдақтың беті ашылған. Табылған археологиялық материалдарды зерделей келе, бұл жерде ғибадатхана болған деген болжам бар. Бейнесі бар тастар террасаның баурайында жатыр, олар түстен кейінгі уақытта жарық болып көрінеді. Ескерткіш ежелгі малшылардың салт-жоралғылық орны. Бұл Солтүстік– Шығыс Сарыарқа далаларында энеолит, қола, ерте тас ғасыры дәуірлерінде өмір сүрген тайпалардың тасқа сурет салу өнерін және рухани мәдениетін сипаттайды, - дейді.

Ескерткіштің алаңы - 300 шаршы ша- қырым. Мұнда елуден астам жан-жануар-лардың - бұқалар, аттар, бұғылар, түйелер, жыртқыш мысықтар, сонымен қатар антропоморфты бейнелер мен аң аулау көріністері бейнеленген.

Хронология жағынан оларды 3 негізгі кезеңге бөлуге болады: энеолит, қола және ерте темір дәуірлері. Мұндағы бейнелер қынамен жазылған. Алғашқы хронологиялық кезеңге басы төмен қаратылған және ірі тұмсық тәрізді мүйізі алға қарай шығыңқы бұқаны жатқызуға болады. Бұл кезеңге ата-тегінің бейнесін, тағы басқа адам тәріздес, сондай-ақ жылқы мен садақшы бейнелерін Шығыс Қазақстан мен Моңғолия петроглифтерімен сәйкестеуге болады. Олар адамның арғы ата-тегі – алғашқы қауым құрылысы адамдарының ежелгі аңыздарындағы бейнелерімен байланысты. Өлеңті өзенінің жағалауында да осыған ұқсас бейнелер кездеседі. Мысық тәрізді жыртқыштар бейнесі ежелгі темір дәуіріне жатады. Бұл кезеңге басқа скиф-сақ өнерінің дәстүрлі бейнелері: бұғы, ақ бөкендер жатады. Өлеңті суреттерінің өзіндік стилистикалық, көркемдік ерекшеліктері бар. Бұл ғибадатхананың маңында орналасқан барлық ескерткіштер толығымен кешенді зерттеуді талап етеді. Бұл жер - неолит пен энеолит дәуірінің мекені, қола дәуірінің жерлеу орны мен ежелгі темір дәуірінің көшпенділер қорғаны болғаны белгілі.

Ата-бабамыз ежелден бері тас бетіне суреттер қашалған жерлерді исламға дейінгі тәңіршілдік дәстүрлеріне сай қасиетті, киелі, тәуіп ету орындары деп білген. Осы жерлерді ата-бабамыз аруақтарының мекені, ерекше қасиет орындары деп қастерлеген.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz