Павлодар облысы өлкетанушыларын біріктіріп, қоғам құру үшін Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің конференц-залында «Қазақ тілі» қоғамының негізін салушы, «Дауа» қоғамдық-саяси газетін жарыққа шығарған, техника ғылымының кандидаты, доцент, өлкетанушы Жеңіс Мардановтың (1945-2001 жж) құрметіне аймақтағы өлкетанушылардың жиыны өтті. Оған өлкетанушылармен бірге ғалымдар, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Музей директоры Гүлнар Нұрахметова Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды бір сала халқымыздың тарихының алтын діңгегіндей туған өлке тарихын танып білудің, жаңғыртудың маңыздылығын атап көрсетті.

Өткен жылы Ұлттық музей жанынан елімізге белгілі ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар мен археологтардың басын қосқан «Қасиетті Қазақстан» атты ұлттық зерттеу орталығы құрылды. Осының негізінде еліміздің әр аймағында өлке тарихын зерттеумен айналысатын бірлестіктер, топтар, клубтар ұйымдаса бастады. Мақсат белгілі, өлке тарихын арнайы мамандармен бірлесе отырып, зерттеу, зерделеу, жария етуде тиімді іс-шаралар атқару.

Гүлнәр Баркенқызы сондай-ақ өлкетану саласын зерттеуге мол үлес қосқан өлкетанушы Жеңіс Мардановтың жасаған қызметіне тоқталды. Енді оның ісін жалғастыратын өлкетанушылар қоғамын құрудың уақыты жеткенін айтты.

Тоқсаныншы жылдардың басында Ж.Мардановтың ұйымдастыруымен жарық көрген қоғамдық-саяси «Дауа» газеті аз ғана уақыт ішінде бұрын аймақтың тарихы, географиясына қатысты және қазақтың тарихи тұлғалары хақында айтылмай, жазылмай келген дүниелерді жарыққа шығарып, елді елең еткізгені көпшілікке белгілі. Жиында сөз сөйлеген С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, Жеңіс Мардановтың қызы Зулиха Жеңісқызы әкесінің өмірі мен шығармашылығына тоқталды.

Екі жыл ғана жарық көрген «Дауа» газеті 80-90-шы жылдары Ертістің Кереку өңіріне үлкен қоғамдық серпіліс әкелгені белгілі, - деді ол. – Әкем «Қазақ тілі» қоғамының іргетасын қаласты, төрағасы болып тағайындалды. Москвадан білім алып, физика саласының маманы бола тұра ұлттық әдебиетке, тарихқа, ана тіліне деген махаббаты, жанашырлығы керемет еді. Ауыл-елді аралай жүріп, ел аузындағы әңгіме, тарихи тұлғалар жайлы материалдар жинады, орыстанып кеткен ортада қазақ тілінің мәртебесін көтеруге көп күш-қайрат жұмсады. Газеттің атауын «Дауа» деп атаған да өзі еді. «Біздің ана тілімізді дерт меңдеген, - дейтін ол. – «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, ана тілінің мәртебесін көтеру үшін ұлан-ғайыр жұмыс жүргізілуі тиіс. Біздің газетіміз қанатымен су сепкен қарлығаштай, ана тілімізді «дертінен» айықтыруға тамшыдай болса да үлес қосса, соның өзі үлкен мәртебе болар еді» деген-ді. Сондықтан да басылымның бас ұраны етіп «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген нақылды негізге алды.

Жиында сөз сөйлеген ғалым, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Павлодар облысы бойынша ғылыми-эксперттік тобының төрағасы Сәуле Мамытова, белгілі өлкетанушы, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Эрнест Соколкин, ғалым Ернұр Рахимов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани, тарихшы ғалым Болат Қосаяқов, астаналық ғалым Мейрам Естайұлы, тіл жанашырлары Қаршыға Шаяхметов, Махмет Демесінов, т.б. музей жанынан өлкетанушылар қоғамының құрылуын бірауыздан мақұлдап, оның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ өлке тарихын зерттеуге мол үлес қосып, көптеген зерттеу еңбектерін жарыққа шығарған Жеңіс Марданов, Тілеукен Еңсебаев, Серік Жақсыбаев, Эрнест Соколкин, т.б. жайлы айтылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» деп атап көрсеткен болатын. Олай болса, халқымыз өткен жолды, тарихты білу, өмірлік құндылыққа айналдыру – бүгінгі ұрпақтың басты борышы.

Жалпы, қазақ даласын патшалы Ресей ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарының соңына қарай зерттеуді қолға алған екен. Сол жылдарда Орыс географиялық қоғамы құрылып, оның алғашқы мүшелерінің бірі Шоқан Уәлиханов болғанын тарихтан білеміз. Орыс қоғамы тек Ресейді ғана емес, сонымен қатар Сібір мен Қиыр Шығыс, Кавказ, Орта Азия, оның ішінде қазақтарға көбірек мән берді. Экспедициялар ұйымдастырып, география, статистика, этнография, картография, климатология, гидрология, топырақтану, т.б. салалар бойынша зерттеулер жүргізді. Шоқан Уәлиханов болса Орта Азия мен Қазақстанның тарихы, географиясы мен этнографиясы туралы зерттеу еңбектер жазды. Биыл туғанына 200 жыл болған Мұса Шорманұлы да осы салаға атсалысты, жиені Шоқанға, оның әріптестеріне көптеген зерттеу материалдарын жіберіп тұрғаны, олармен байланысы жайлы газет бетінде жазған едік. Ш.Уәлихановтың Қашқарияға барған сапары, Жетісу, Ыстықкөл, Шығыс Түркістанды зерттеуі де географиялық қоғамның мақсатынан туындаған-ды. Орыс географиялық қоғамы құрылғаннан кейін араға бірнеше жыл салып, жер-жерде оның бөлімдері ашылды. Мәселен, 1902 жылы Семей бөлімшесі құрылды. Қазақ этнографиясымен кезінде Ыбырай Алтынсарин, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Нәзипа Құлжанова, Әлімхан Ермеков сынды қазақ зиялылардың демократиялық бөлігі белсене айналысты. Соның нәтижесінде әр сала бойынша қазақ халқына қатысты көптеген мәліметтер жинақталып, хатталды. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының басында өлкетану журналдары шыға бастады. Тіпті бүкілресейлік өлкетану конференциялары, бүкілқазақстандық ғылыми-өлкетану съезі өтті. Сол зерттеулердің басым көпшілігі бүгінгі күнге жеткені белгілі. Өлкетану ісінің, зерттеулердің мәні мен маңыздылығын осыдан-ақ білуге болар.

Музейде өлкетанушылардың басын қосқан жиынның басты мақсаты да осы еді. Өлкетанушылар қоғамына жоғарыда айтып өткеніміздей, осы салаға еңбек сіңірген Жеңіс Мардановтың есімі беріліп, қоғам төрағалығына Гүлнәр Нұрахметова бірауыздан ұсынылды.

Ғалым Ернұр Рахимов: «Біздің аймақта зерттелмей жатқан тұстар көп. Алдағы уақытта бұл қоғам табиғи өлкетану, этнографиялық өлкетану, тарихи өлкетану сынды салалар бойынша арнайы мамандармен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізулері тиіс» деді.

Жеңіс Марданов атындағы өлкетану қоғамының сайты ашылып, осы арқылы көпшілік көкейлеріндегі ой-пікір, ұсыныстарын білдіріп, қоғам жұмысымен таныса алады. Енді әр сала бойынша зерттеу топтары құрылып, жұмыс ауқымы белгіленіп, іске кіріспек.

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz