Сөйтіп, «Қайта өңдеу өнер-кәсібіндегі шағын және орта бизнесті қолдау» бағдарламасы арқылы 24 млн. теңге көлемінде несие алған. Оның пайыздық мөлшерлемесі мемлекет тарапынан субсидияланады. Серіктестіктің бас директоры Серік Рамазановтың айтуынша, бұл сомаға кәсіпорынға екі станок сатып алынбақ. Оның бірі жер бетінде тартылатын, сырты мырышпен қапталған құбырлардың қабығын жасайтын жабдық болса, екіншісі - дәнекерлеу жабдығында құбырларды айналдырып тұратын құрылғы. Екінші жабдық өндіріс орнында бұрыннан болған. Бірақ алты жылда тозып қалыпты. Сондықтан бизнесмен мемлекеттің қолдауы арқылы жабдықты жаңартып алуды жөн көрген.

- Біз төрт жылдан астам уақыт «Даму» қоры арқылы тауарларымызды тұтынатын ірі ұйымдармен байланыс орнатуда көп жұмыс атқардық. Кәсіпорнымызды бұған дейін тек өз қаражатымыз есебінен дамыттық. Биыл отандық өндіруші деген басымды тұсымызды пайдаланып, жеңілдікті несие алып, жаб-дықтарымызды жаңартудамыз, - дейді С.Рамазанов.

Кәсіпорын өнімінің сапасына баса мән беретіндерін айтады. Қазіргі жасап жатқан құбырлары 50 жылға дейін қызмет ететін көрінеді. Павлодарлық өндіріс орны болаттан жасалған құбырларды еліміздің өзге өңірлерінен немесе Ресейден алады. Мұнда тапсырыс берушінің талаптары ескеріледі. Диаметрі кішілеулері Қазақстанда жасалса, ірілері көбінде шетелден жеткізіледі. Міне, осы темір құбырлар павлодарлық кәсіпорында толық полиэтиленмен қапталады. Сыртқы полиэтилендік құбырға кіргізілмей тұрып, болат құбырдың сырты пенополиуретанмен өңделеді.

- Біздің өніміміз жер астына тартылса да, жер бетімен өткізілсе де, тозбай, кем дегенде елу жыл қызмет ететіні экспериментті түрде дәлелденген. Бұрынғы құбырлардың жарамдылық мерзімі 10-15 жыл болатын. Ары қарай регламентті жөндеу жұмыстары жиі жүргізіліп тұрады. Ал біздегі пластикалық қабықпен қапталуы оның көп жыл кәдеге жарауына мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде тауарымызды тұтынушылар қатары жыл санап артып келеді. Біз - атқарушы ұйымбыз. Тапсырыс берушіміздің қалауына, қажетіне қарай жасаймыз. Астанада Хан шатыр мен Экспо-ның астындағы құбырлардың барлығы бізде жасалған. Шығыс Қазақстан өңірімен де байланыс тығыз, олардан тапсырыс та көптеп түседі. Ал Павлодарда жаңадан салынып жатқан жылу желілерінің барлығы - «ArInvest» серіктестігінің өнімдері, - дейді кәсіпорынның бас директоры.

Нақтылап кетсек, қазір облыс орталығында пайда болып жатқан жаңа шағын аудандар толығымен жергілікті құбырлармен қамтылып отыр. Яғни, Сарыарқа, Усолка шағын аудандарында, Екінші Павлодарда салынып жатқан желілер де өзімізде өндірілген. Кәсіпорын «Алматы жылу», «Көкшетау жылу» сияқты ұйымдарына, тіпті Батыс Қазақстанның бірқатар облыстарына құбырларын жөнелтуде. Ал елорданы жылумен қамтып отырған «Астана-Теплотранзит» АҚ павлодарлық өндіріс орнының тұрақты тұтынушысы десе болады. Бес жыл қатарынан аталмыш ұйымның тұтынатын құбырларының 80 пайызын өңіріміздің өндірушісі қамтуда. Сонымен қатар, С.Рамазанов дәл осы акционерлік қоғамның талабы жоғары екенін алға тартты. Елімізде полиэтилен құбырларын өндіретін кәсіпорындар әр өңірде барын павлодарлық бизнесмен жоққа шығармайды. Яғни, бәскелестер аз емес, дейді. Десе де, астаналық талғамы мен талабы биік акционерлік қоғамның үдесінен шығатындар үшеу ғана. Олардың екеуі Қарағанды мен Астанада орналасқан. Үздік үштікке павлодарлық кәсіпорын да еніп отыр.

Серіктестіктің өндірістік қуаты жылына 15 шақырым құбыр және 1,5 мыңға жуық қалыпқа келтірілетін бұйымдар шығарады. Бірақ, бүгінде кәсіпорын өндірістік қуаттың 60 пайызын орындауда. С.Рамазанов оны қыста құбыр тартылмайтындықтан, тапсырыстың да болмайтынымен байланыстырды. Алайда, қыс мезгілінде кәсіпорын жұмысы тоқтамайды. Өндіріс орнына профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, кейбір ірі тұтынушыларының алдағы жоспарларына қарай күрделі бұйымдардың бөлшектерін жасай береді. Ал қызметкерлері қыс кезінде көбірек еңбек демалысына жібереді. Күзде нағыз жұмыс қызатын шақта жұмысшылардың бірін де демалысқа шығармайды.

Сонымен қатар, мұнда өндірілетін құбырларды қашықтықтан қадағалайтын арнайы жүйе бар. Жылу желісінің белгілі бір бөлігінде апат болса, жүйе арқылы операторға бірден дабыл түседі. Екі метр тереңдікке дейін жарылған жерді дәл анықтауға да мүмкіндік береді.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалының директоры Арыстан Кенжалиннің айтуынша, бүгінде аймағымызда ай сайын 300-ге жуық кәсіпкер мемлекеттік қолдау шараларының игілігін көреді. Мәселен, биыл алғашқы жартыжылдықта кепілдік бойынша 32 жоба мақұлданса, соңғы екі айда 36 жоба қарастырылуда. Жуық арада оларға да қол қойылады. Осылайша, мемлекеттің қолдауына жүгінетін кәсіп иелерінің қатары өсуде. Қордың жергілікті филиалының жетекшісі шағын және орта бизнес өкілдерін барынша көптеп қамту үшін қолдан келгенді аямаймыз, дейді. Тіпті, мемлекеттік қолдауға ниет білдіргендердің барлығының өтінішін қанағаттандыру үшін қаражат жетіспеуде. Әсіресе, бағдарламаның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау тармағы қатты қызықтырады. Өйткені, мемлекеттің бұл қолдауы кәсіпкерлерге айтарлықтай демеу болып отыр. Мәселен, қалалық жерлердегі бизнес иелерінің банк-терден алған несиесінің 40 пайызына дейін Үкімет өтеп берсе, ауылдық елді мекендерде ол 50 пайызға дейін жетеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz