Ауылдағы ағайын қыстың қамына кірісе бастады. Жарты жылға жуық уақыт бойы бүрсең қақпас үшін қатты отынды қажет көлемде жеткізіп алуы тиіс. Ал сапалы көмірді қайдан және қандай бағаға сатып алуға болады? Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов айтып берді.

- Ержан Бейбітұлы, қазіргі уақытта облыс тұрғындарын көмірмен қамту жұмыстары қалай жүргізілуде?

- Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етуде қиындық туындамас үшін облыстық әкімдік тиісті Жол картасын бекітті. Соған сәйкес, жылу мерзімі аралығында қатты отынмен қамтуға жауаптылар мен негізгі шаралар белгіленді. Барлық аудан-қалада көмірді дайындау-тарату пункттері бар. Көмір жеткізумен 300-ден астам жеке кәсіпкер айналысады. Олар қатты отынды автомобиль жолымен жеткізеді. Оған қоса, Павлодар қаласы мен Шарбақты ауданында теміржол арқылы тасымалдау қарастырылған.

- Әлеуметтік нысандар мен тұрғындарға көмір қандай көлемде қажет?

- Қыс кезінде әлеуметтік нысандарды жылыту үшін шамамен 141,8 мың тонна қатты отын керек. Қазіргі кезде оның 110,8 мың тоннасы, яғни 78,1 пайызы тиісті орындарға жеткізілді. Ал тұрғын үйлерге 428 мың тонна көмір қажет болады деп жоспарланып отыр. Қолда бар мәліметке сүйенсек, 120 мың тоннасы сатып алынды.

- Былтырғы жағдай қайталанып, сатып алушылар әбігерге түседі деген қауіп жоқ па?

- Нақты кесіп айту қиын. Белгілісі, қазіргі уақытта облыста көмір тапшылығы жоқ. Аймақтағы отын базаларында 18 мың тонна көмір бар, оның 14,2 мың тоннасы - қоңыр көмір, 3,8 мың тоннасы – тас көмір. Бұл ретте тұрғындардың күннің суытқанын күтпей, ертерек қамданғаны жөн. Себебі бүгінгі таңда көмір сату орындарында ұзын-сонар кезек жоқ. Сәйкесінше, отынды сатып алу үшін ұзақ уақыт күтпейді. Ал ауа температурасы төмендеген тұста кезек болуы әбден мүмкін.

- Көмірді қайдан және қандай бағаға алуға болады?

- Ауылдық аймақтың қашықтығына, көмірдің түрі мен сұрпына байланысты бір тоннасы 6800-17000 теңге аралығында тұрады. Облыс орталығында 4 сауда орны, атап айтқанда «А-Вест Павлодар», «Элит КЗ», «Северэнергоугольснаб» және «Qaz Coal Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері белгіленген. Олар «Богатырь-Көмір» және «Майкөбен-Вест» кеніштерінен тікелей жеткізеді. Көмір саудалайтын серіктестіктердің тиісті сертификаттары бар, салық, эмиссия сынды міндетті төлемдерді жасайды. Бұл ресми тіркелген сауда орны болғандықтан, бағаны өзге делдалдар сияқты шарықтатып жібере алмайды.

- Жалпы, көмір бағасының өсуі күтіле ме?

- Иә, бірақ жоғарыда аталған төрт сауда орны жергілікті әкімдік ұсынған баға бойынша сатады. Демек, анау айтқандай қымбатшылық болмайды. Жалпы алғанда көмір бағасын ҚР Энергетика министрлігі бақылайды.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz