- Айшолпан, қазақ еліне қош келдің! Әлемнің 26 елін аралап келген сен үшін тарихи Отаның қандай әсер қалдыруда?

- Қош көрдік! Қазақ еліне аяқ басып, қандастарыммен жүздескен әр сәтімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы күнге дейін мен барған әр ел тек бүркітші қыз ретінде қабылдаса, қазақстандықтар ең әуелі мені қазақ қызы ретінде, өз бауырлары ретінде қарағаны ерекше күйге бөледі. Жалпы, атажұртқа келіп, оның әсемдігін өз көзіммен көру менің үлкен армандарымның бірі еді. Бүгін сол арманым Ерлан Қарин, Дархан Өте сынды ағаларымның арқасында орындалды.

- Өзің бүркіт баулумен 8 жасыңнан бастап айналысқан екенсің. Сенің жасыңдағы балалар ойын қуып жүргенде аспан тағысын дос еткеніңді отбасың қалай қабылдады?

- Бүркітшілік - біздің 2000 жылдық тарихы бар, жеті атамыздан бері жалғасып келе жатқан атакәсібіміз. Бүркітке деген махаббат әкенің қанымен, ананың сүтімен келген болса керек. Көзімді ашып, ес білгелі бүркіттің үнін естіп, оның айналасында ойнап, үнемі әкем мен ағама көмектесіп өскеннен кейін менің құсбегіліктен алыс болуым мүмкін емес еді. Алғаш рет «бүркітші болам» деген ойымды ағам әскерге кеткеннен кейін анама айттым. Ол кісі еш қарсылық білдірмеді. Әкем де бірден құптады. Осыдан кейін 18 метр биіктіктен өз бүркітімді балапан күнінде ұясынан алып, оны 1 ай көлемінде баптап, баулып, жемдеп, қолға үйреттім.

- Балапан бүркітті ұясынан алған кезде қорқыныш болмады ма?

- Әрине, кез келген адамда қорқу сезімі болады. Мендегі үрей «балапанның анасы келіп, шабуыл жасаса қайтем» деген ғана ой болды. Сәтін салғанда мен балапанды алғанша ұяға анасы оралмады.

- Енді бүркітің туралы айтшы...

- Бүркітімнің аты - «Аққанат». Салмағы 10 келі болады. Осы күнге дейін біраз аң алды. Өте қырағы әрі жылдам. Мысалы, өткен жылы Аққанаттың тырнағына 14 түлкі мен 2 қасқыр ілінді. Аққанатыммен алғаш рет 2014 жылы Моңғолияда өткен «Бүркітшілер» байқауына қатысып, бас жүлдені алып қана қоймай, әкемнің рекордын жаңарттым. Яғни, қолға қондыруды 5 секундта, ал сырға салуды 6 секундта орындап шықтық.

- Керемет! Сен бүркітшілер арасында ұйымдастырылатын байқауларға тек туған жеріңде ғана емес, шет елдерде де бақ сынаған екенсің.

- Иә, былтыр Америка Құрама Штаттарында өткен байқауға қатыстым. Мұнда 9 жыл бойы алдыңғы орынды бермей келген америкалық бүркітшілерді жеңіп, бірінші орынды Аққанат екеуіміз олжаладық. Бүркітшілер арасында өтетін байқаулар әлемнің қай жерінде өтсе де мен барып, бақ сынауға дайынмын. Бұл арқылы қазақ қыздары тек қана үйде отырып, кесте тігіп, отбасы-ошақ қасының айналасында жүрмейтіні, олардың да қолынан бүкіл әлемді тамсандыратын дүниелердің келетінін көрсеткім келеді.

- Айшолпан, сені «бүркітші қыз» деп әлем танығаннан кейін Моңғолияда сенің ізіңнен ерген қыздардың саны көбейді деді. Бұл рас па?

- Ол рас. Қазір бүркітке қызығушылық танытқан арулар өте көп. Солардың бірі - менің туған екі сіңлім. Олардың да құсбегілікке аңсары ауып жүр. Қазіргі таңда әкем екеуіміз қыздарға қыран құстың қыр-сырын үйретіп, баулып жүрміз. Негізі, болашақта бүркітші қыздар көп болса деп армандаймын.

- Тағы қандай арманың бар?

- Менің арманым көп. Адам баласының қолынан келетін әр нәрсені армандаймын. Және сол армандардың орындалатынына да сенемін. Қазіргі таңда туған жерімде «Айшолпан» атындағы бүркітшілер мектебін ашуды армандаймын. Сонымен қатар біз «Айшолпан» қайырымдылық қорын құру үстіндеміз. Мұнда көмекке зәру отбасыларға қол - ұшын беріп, мұқтаж жандарға көмектескім келеді.

- Сені әлемге әйгілі Гарвард және Оксфорд университеттері оқуға шақырғаны мәлім. Осыған орай, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры саған 20 мың долларлық оқу грантын ұсынды. Ендігі ойың қандай?

- Қазір мен Бай-Өлке аймағында 12-сыныпта оқимын. Биыл мектеппен қоштасамын. Әлемнің бірнеше жоғары оқу орындары грант ұсынды. Бірақ бұл аталған білім ордаларында сабақ тек қана ағылшын тілінде өтеді. Осыған орай отандастарым маған шет тілін үйрену мақсатында грант ұсынып отыр. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Енді ата-анаммен ақылдасып, бір шешімге келеміз.

- Болашақта тарихи Отаныңа, атажұртыңа оралуың мүмкін бе?

- Әрине, алғашында Қазақстанды көруді армандасам, енді көшіп келу де сол тәрізді арман. Бірақ оның бәрі уақыт еншісінде, бір Алланың ғана қолындағы іс.

- Уақыт бөлгеніңе рақмет!

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz