Гауһардың аудандық ауруханаға жұмысқа келгеніне небары 1 жыл ғана уақыт болса да мыңнан астам адамға көмек көрсетіп үлгерген. Осы аралықта ол өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, емделушілерінің ыстық ықыласына бөленіп жүр.

- Ауруханаға алғаш жұмысқа орналасқанымда ауылдық дәрігер болып бастап, участокте, стационарда, педиатр бөлімдерінде қызмет еттім. Кейін жалпы тәжірибелі терапевт дәрігері болып тағайындалдым. Өз жұмысымды бар ықыласыммен атқаруды қалаймын. Себебі, алдымызға келген әр адамның өмірі біз үшін қымбат, - дейді Г.Қажықұмарова.

Гауһар - Семей қаласы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылының тумасы болғанымен, Ақтоғай ауданына «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша былтыр келген 5 дәрігердің біреуі. Ол Семей медициналық университетін бітіргеннен кейін 2 жыл Павлодар қаласында интернатурадан өткен. Жас маман Ақтоғай аудандық ауруханасын жүрек қалауымен таңдаса керек.

- Қазіргі таңда оқу бітіріп, таңдаған мамандығының майталманы болу үшін жастарға барынша жағдай жасалған. Әсіресе ауылдық жерлерге келіп жұмыс істейтін жастарға бір реттік берілетін көтермеақы мен баспанамен қамтуының өзі кез келген адамға күш береді. Семейден бағдарлама арқылы келіп, мемлекеттен берілетін көмектерге қол жеткіздім. Бұған дейін жас мамандарға арналған жатақханада тұрып келсем, болашақта осы бағдарлама арқылы баспаналы болатыныма сенімдімін, - дейді дәрігер.

Айта кетелік, былтыр ғана Ақтоғай жеріне дәрігер болып келген жас маман күні кеше ғана осы ауылдың келіні атанған екен.

Ендеше адам өмірінің арашашысы болып, талай сырқаттың дертіне шипа болған ақ желеңді Гауһарға ақ орамалың құтты болсын демекпіз!

Бәрекелді! Игіліктер молая берсін!

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz