Жалпы, аталмыш бағдарламаның басты үш индикаторы бар. Біріншісі – өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін арттыру. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбеттің мәлімдеуінше, бұл көрсеткіш көп-көрім көтерілген. Яғни, адам басына шаққанда 8,6 мың АҚШ долларын құрады. Осылайша, облысымыз республикада 5-ші орынға шықты. Өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға өсіпті. Оған, әлбетте, өндірістерді жаңғырту жұмыстары оң септігін тигізіп отыр. Аймағымызда бүгінде осы бағытта 40 жоба іске асырылуда. Оның 33-і өңдеуші өнеркәсіптерге тиесілі. Биыл 15-і аяқталып, іске қосылады. Басқарма басшысы олардың толық аяқталуына еш қауіп жоқ деп сендірді. Қысқасы кәсіпорындарда еңбек өнімділігі бір- шама артқан. Одан бөлек, өңірімізде 20 өндіріс орнымен технологиялық жаңарту және цифрландыру жөнінде 2025 жылға дейінгі егжей-тегжейлі жоспар түзілген. Осылайша, бірінші индикаторды орындауда мін жоқ. Десе де, мамандар цифрландыру элементтерін енгізудің үш деңгейін ажыратқандарын айтады. Олар – базалық, ілгері және индустрия 4.0. Міне, біздегі кәсіпорындардың көбінде базалық элементтер басым. Ал үшінші жоғары деңгей облысымызда жоқтың қасы. Олар, тіпті республика бойынша санаулы көрінеді.

Ал екінші индикатор бойынша құзырлы органдар экспорттың өскенін мәлім етті. Өңдеуші өнеркәсіпте экспорттың былтырмен салыстырғанда 2,5 есеге артуына глинозем, алюминий, құбыр бұйымдары, катодты мыс, күйдірілген кокс, теміржол саласындағы машина жасау өнімдері, полипропилен қаптарының шетелге көптеп асуы сеп болып отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныстың өсуі де индикатордың орындалуына жетелеп отыр. Бүгінде өңірімізде экспортты көбейтуге ықпал ететін арнайы жол картасы жасалған. Нұрболат Сейітмағамбет шекара асатын тауарларымыздың көлемін көбейту үшін түрлі кездесулер келіссөздер жүргі-зіліп жатқанын айтты. Мәселен, алдағы уақытта Түркия, Германия, Австрия елдеріне өңіріміздің аграрлық өнімдерін экспорттау бойынша келіссөздер өткізуге арнайы делегация бармақ.

Индустрияландыру бойынша басты бағыттардың бірі жасыл экономика нысандарын салу болатын. Әзірше, аймағымызда жалғыз ғана жоба іске асырылды. Ол – «Галицкое» ЖШС-нің желден электр қуатын өндіретін станциясы. Қазіргі таңда кәсіпкер өнімін аукционға қойып, өндірген электр қуатын тұтынушыларға өткізбек. Жоба алдағы айда іске қосылады.

Үшінші индикаторға қол жеткізуде үміттен гөрі күдік басым. Олай дейтіні- міз, мұнда өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына салынатын инвестиция көлемін өсіру көзделген. Үкімет өңірі-мізге жоспар бойынша бұл көрсеткішті 152 млрд. теңгеге жеткізуді межелеп берген. Бірақ құзырлы басқарма басшысы бұл соманы еңсеруіміз екіталай дегенді алға тартты. Айтуынша, былтыр аймағымызда Павлодар мұнай-химия зауытының жаңғыртудан өтуі, өндіріске құйылған инвестицияның молдығы көрсеткішті орындауға оң әсер еткен, деді.

Алайда облыс әкімі мұндай пікір ұстанудан аулақ болуға шақырды.

- Павлодар мұнай-химия зауытын сылтауратудың қажеті жоқ. Көлеңкеде қаншама шағын және орта бизнес субъектілері бар. Әрбірімен жұмыс жасап, әрқайсысының сатып алған құрал-жабдықтарына дейін тізімге енгізу керек. Жалпы, барлығын түгендеп шығу керек. Кейбір жобаларды ұсақ-түйек деп, ескермеуге болмайды. Барлық жеке инвестициялық жобаларды назарға алса, көрсеткішті біршама арттыруға болады, - деді Б.Бақауов.

Сыннан кейін басқарма басшысы да резервтегі бірқатар жобаларды тізіп берді. Алюминий, теміржол кластерлерін әлі де дамыту, хлор өңдейтін өндірістер құру сияқты өсім нүктелері барын айтты.

Бұл ретте, Павлодар арнайы экономикалық аймағына иек артылады. Себебі мұнда шығарылатын коксқа Қытайдан сұраныс түсуде. Бүгінде павлодарлық өнімнің 5 келісі жіберіліпті. Егер қытайлықтардың талабына сай келсе, ірі көлемдегі сұраныс қабылдануы әбден мүмкін. Демек, «УПНК-ПВ» кәсіпорнының екінші кезегін салу қажет болады, дейді Н.Сейітмағамбет.

Алайда, облыс әкімі экономикалық аймақты дамытуға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу баяу екенін сынға алды. Сондай-ақ, аталмыш аймақтан жер телімдерін алған кейбір кәсіпкерлер кәсіп ашуға бірде-бір қадам жасамағандарға ескерту жіберуді жүктеді. Индустрияландыру картасының барлық жобаларын белсендендіру тапсырылды. Болат Жұмабекұлы облысымызда кейбір жер қойнауын пайдаланушылар қазба орындарын иемденіп алып, «шыбық басын сындырмай», жалған есеп беріп жатқанын ескертті. Енді ешбір тірлік жасалмаған жерлерді қайтарып алып, ниеттілерге үлестіру жағын қарастыру қажет, деді.

- Бағдарламаның бес жылдығының аралық нәтижесін шығарып отырмыз. Мүмкіндіктер бар. Индикаторларға қол жеткізудің қамын ойластыру қажет. Шикізат күйінде шетел асырғаннан гөрі ауыл шаруашылығында экспортқа бағытталған, өңделген өнімдер үлесін көбейту керек. Бүгінде қарақұмық өңдейтін ғана кәсіпорын бар. Арпа, тары, сұлыны да қайта өңдеуге көңіл бөлінуі керек.

Қант қызылшасын өңдейтін өндіріс ашу жөнінде жоба қарастырылуда. АҚШ, Түркия елдерінде осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізіледі, - деді облыс әкімі.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz