- Ербол Сейітахметұлы, 5 жыл көп уақыт емес. Әйтсе де, бұл мерзім аралығында біраз істің басын қайыруға болады. Бұл тұрғыдан алғанда өңірлік Кәсіпкерлер палатасы қандай нәтижелерімен бөлісе алады?

- Шынымен, 5 жыл уақыт аралығында ауқымды іс атқарылды. Біздің басты мақсат – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Осы орайда өңірлік Кәсіпкерлер палатасы бизнес-қоғамдастықтың басым бөлігіне дер кезінде сапалы қызмет көрсетті деп нық сеніммен айта аламыз. Оған сандық деректер дәлел. Айталық, алғашқы жарты жылда бізге кәсіпкерлік субъектілерінен 87 өтініш түсіп, олардың 58-і оң шешімін тапты. Осылайша, кәсіпкерлердің жалпы сомасы 125 254 098 теңге болатын құқығы қорғалды. Палатаның сарапшылары жиі кездесетін күрделі мәселелер тізімін жасап, сот кезінде бизнесмендердің мүддесін білдіреді. Оған қоса, кәсіпкерлерге кездесуі мүмкін әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық әрекеттерін азайтуға баса назар аударады. Бұл ретте айта кетер тағы бір жайт – палата құрылып, кәсіп жүргізетін тұрғындардың құқығын қорғай бастаған соң күрмеулі проблемалар қатары да азайды. 5 жыл аралығында бизнесті қорғау бойынша 869 өтініш түсті. Кәсіпкерлердің 421 өтініші оң шешілді. Сөйтіп, 4 млрд. 435 млн. теңгеден астам соманы құрайтын құқық қорғалды.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасы облыстағы шағын және орта бизнестің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ісін бастауға ниетті тұрғындарға кәсіби тұрғыдан кеңес беріп, жол көрсетті. Тек биылдың өзінде «Бастау» жобасы бойынша облыста 1765 тыңдаушыны оқыту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 353 бизнес-жоба жүзеге аспақ. Қазіргі таңда жалпы сомасы 420,8 млн. теңгеге 107 жоба қаржыландырылды. Оның қатарында 20 жоба, яғни 77,5 млн. теңге өткен жылдың түлектеріне тиесілі. Осы жобалар арқылы шағын және орта бизнестің ауқымы кеңейіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Палата қызметінің тағы бір бағыты - қолданыстағы бизнесті сервистік қолдау. Соңғы екі айда шағын және орта кәсіпкерліктің 198 субъектісі 272 қызмет түрін алды. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының менеджерлері бухгалтерлік жұмысты, салық есебін жүргізу сынды сервистік қолдау бойынша 206 кәсіпкерге, статистикалық есепті құру бойынша 140, заңгерлік көмекке қатысты 40, бизнес-жоспар құру бойынша 26 кәсіпкерге қолдау көрсетті. Жалпы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 5 жылда бизнесті қорғау, заңнамаға түзетулер енгізу, бизнес шығындары мен тексеруді қысқарту, бизнес ахуалды жақсарту бойынша көп іс атқарды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

- Сіздің кәсіпкерлер палатасының басшылығына тағайындалғаныңызға екі айдан астам уақыт өтті. Жетістіктерден бөлек, жетілдіретін тұсты да байқаған боларсыз...

- Әрине. Кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелерді білу үшін алдымен аудан орталықтарына барып, жергілікті бизнес өкілдерімен кездестім. Өйткені, ауыл тұрғындары қолдауға көбірек мұқтаж. Тіпті, кейде жаңа бағдарламалар мен жобалардан хабарсыз болып жатады. Сондықтан ауылдағы ағайынды кәсіпкерлік саласына қатысты мазалаған мәселелерін біліп алдық. Ендігі ретте жиналған түйткілдерді біртіндеп шешуді көздеп отырмыз. Өзім де бизнес ортада жұмыс істеп, депутат болған соң өз ісін жүргізіп отырғандардың жағдайын жақсы түсінемін. Бұл ретте облыс басшылығы тарапынан қолдаудың бары қуантады. Бизнестің мәселесін шешу үшін атқарушы органдармен өзара байланыста жұмыс істеудің маңызы зор.

- Сонымен, кәсіпкерлерді қандай мәселелер жиі мазалайды?

- Мәселелердің басым бөлігі жер учаскелері, мемлекеттік сатып алулар және салық төлеуге қатысты. Айталық, ауылдық жерлерде диқандардың дені «Казводхоздан» рұқсат құжаттарын алу өте қиын екенін алға тартты. Баянауыл ауданы мен Екібастұз қаласының тұрғындары электр қуатының төмендігі мен тарифтердің жоғары екеніне наразылық білдірді. Логистика саласына келер болсақ, көлік инспекциясы заңнамаға қолайлы бизнес-қызметті жүргізу үшін кедергі келтіреді. Әсіресе, мемлекеттік сатып алуға қатысты сұрақ көп туындайды. Атап айтқанда, кей мемлекеттік органдар тауар немесе көрсетілген қызмет үшін ақы төлеуге асықпайды. Тіпті, кейде кәсіпкерлерге айлап күтуге тура келеді. Мұндай жағдайда палатаның сарапшылары іске араласып, проблеманың басым бөлігі бизнестің пайдасына шешіледі. Мысалы, «Автоцентр Лидер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Қазақстан темір жолы» АҚ – «Теміржол көлігі жолаушыларының Павлодардағы оқу орталығы» арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, тапсырыс беруші тауарды қабылдап, оның құнын төлеуі тиіс еді. Бірақ, келісімшарттағы міндеттер орындалған соң жеткізушінің есепшотына қаржы түскен жоқ. Бұл жағдайда мәселе сотқа жетпей шешілді. Палата сарапшылары материалды зерттеген соң тапсырыс берушілермен келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесінде кәсіпкерге өзіне тиесілі қаржысы қайтарылды. Осы сияқты мәселе жиі кездесіп, мамандарымыздың кәсібилігі мен біліктілігі арқылы оң шешім тауып жатады.

- Түйткілдердің түйінін тарқату үшін қандай қадамдар жасалмақ?

- Жұмыспен қамту орталықтары, жергілікті әкімдіктер, палата өкілдері тығыз байланыс орнатуы керек. Сол кезде «Бастау» жобасы арқылы көп адамды оқытуға мүмкіндік туып, күрмеулі мәселелер сотқа жетпей шешіледі. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекет кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға назар аударып отыр. Ал «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы негізгі дәнекер болмақ.

Кәсіпкерлікті дамытуға қатысты да көп жұмыс күтіп тұр. Әріптестік негізде (51 пайыз – Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, 49 пайыз – Әкімдік) бірлесіп, «Аграрлық несие корпорациясы», «Даму» акционерлік қоғамдары арқылы шағын несиелеуді одан әрі қаржыландыру қажет. Сонымен қатар, тұрғындарға табиғи несие беру ұсынысы қарастырылуда. Соның негізінде кәсіпкерлер қой, ірі қара, жылқы мен құсты 5-7 жылға жалға ала алады. Жалға алу мерзімі аяқталған соң қанша мал алса, сонша малды мемлекетке қайтаратын болады.

Сөз соңында бес жыл бойы отандық бизнесті қолдап, оны дамытуға үлес қосып отырған палата қызметкерлеріне алғыс білдіріп, алдағы уақытта қазіргіден де нәтижелі еңбек етеміз деп кәміл сенемін.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Құндыз ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz