Павлодарлықтар мұндағы пәтерлер бағасының 20 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеп, 7 пайыздық жылдық мөлшерле-мемен 25 жылға дейін ала алады. Мердігерлердің айтуынша, баспананың құрылысы желтоқсанда аяқталады. Ал Сарыарқа шағын ауданындағы №12 тұрғын үйдің нақты қай уақытта берілері әлі белгісіз. Алюминстрой шағын ауданындағы ескі екі қабатты үйлердің тұрғындарына арналған бұл баспана осы жылдың жазында қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ мердігер компания – «ДСК Монтаж» түрлі сылтауды алға тартып, мерзімді қайта-қайта шегеруде. Құрылыс алаңына арнайы барған аймақ басшысы Болат Бақауов компанияны жауапқа тартып, жосықсыз мердігерлердің «қара тізіміне» енгізу мәселесі қаралатынын қадап айтты.

Күрмеулі мәселелер жаңа аудандарға ғана емес, екінші Павлодар мен Зеленстрой тұрғындарына да жақсы таныс. Облыс әкімі Болат Бақауов алдымен Зеленстрой ауданына барып, жұртшылықпен жүздесті. Тұрғындардың айтуынша, асфальт төсеу ісі біртіндіп шешіліп келе жатқанымен, алаңдатарлық жайттар бар. Атап айтқанда, орталықтандырылған су, кәріз, жылу, дренаждық жүйелерді салуға қатысты мәселе шешілген жоқ. Аймақ басшысы су құбырын тарту жобаланып жатқанын, ал басқа мәселелер кешенді түрде қолға алынатынын айтты. Екінші Павлодар тұрғындарының «бас ауруына» айналған жайт – көктемде қар мен жерасты суының араласып, үйлерді басуы. Осыдан екі апта бұрын Болат Жұмабекұлы бастаған топ су жинау орнының құрылыс барысын бақылауға барған болатын. Бұл жолы да арнайы ат басын бұрды. Екі апта дересінде су жинау орнының қабырғасы қаланып, біраз жұмыс атқарылыпты. Ал оның маңатын көріктендіру шарасы келесі жылдың көктемінде қайта қаралмақ.

Бұл ретте шағын аудандармен қатар, жекелеген аулаларды көркейтуге көңіл бөлініп отырғанын атап өту керек. Мәселен, Ак.Шөкин көшесі, 23/1, Ак.Сәтбаев көшесі, 253, Тәуелсіздік даңғылы, 67 және Катаев көшесі, 20-үйлердің аулаларында асфальт төселген еді. Енді топырақ тасымалданып, ауланы абаттандыру жұмыстары қызу жүруде. Жалпы, биыл облыс орталығындағы 190 аула асфальт-талды. Бірақ кей жұмыстарды жүргізуде тұрғындар белсенділік танытпай, енді бірде қолдың қысқалығы кері әсерін тигізіп отырғанға ұқсайды.

- Аулаға асфальт төселіп, балалардың ойнап, спортпен шұғылдануына арналған алаңдар салынып, бейнебақылау камералары орнатылды. Бірақ мұнымен іс бітпейді. Жасыл желекті суарып, әктеп, артық бұталарды кесіп отыру керек. Ол үшін қаражат қажет. Сондықтан тарифті 25 теңгеге дейін көтерсек дейміз. Әйтпегенде, бүгінгі тариф – 19 теңге жыртығымызды жамамайды, - дейді «Иртыш-4» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Сергей Остапущенко.

Облыс әкімі Болат Бақауов ауланың көрікті болуына тұрғындардың өзі жауапты екенін айтты. Ал жарықтандыру мәселесін мемлекет мойнына алмақ.

- Ауланың таза, әдемі болуы тұрғындардың өзіне тікелей байланысты. Біз топырақ жеткізіп бергенімізбен, кей аулаларда оны өңдеу жұмыстары сылбыр жүруде. Сондықтан, белсенділікті арттырып, ауланың үлгілі атануына әркім атсалысуы тиіс. Жергілікті билік болса, ойын, спорт алаңдарының салынуына қолдау көрсетпек. Аулаларды жарықтандыруды мықтап қолға алу керек. Балалар мектептен, үйірмелерден кешқұрым қайтатынын, тұрғындардың кейбірі кешкі уақытта дүкенге шығатынын ескерсек, қараңғылық қауіп тудыруы әбден мүмкін. Сондықтан, қала әкімдігі көпқабатты үйлер аулаларының көшеден де жарық болуына баса назар аударуы тиіс, - деді Б.Бақауов.

Тұрғын үйлердің аулаларын қалыпқа келтіру жұмыстары мұнымен шектеліп қалмайды. Ұзақ жыл бойы бос тұрған газгольдерлер сүріліп, олардың орнын бизнеске беру туралы шешім қабылданған-ды. Сондай аулалардың бірі Ак.Шөкин көшесі бойында орналасқан. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта мұнда сауда орны пайда болмақ. Бірақ тұрғындар бұған наразы. «Бізге дүкеннің еш керегі жоқ. Сауда нүктесі болса, қатынайтын көлік те, адам қарасы да көбейеді. Одан да ойын алаңы, велосипедті жалға беру орны ашылса игі» дейді тұрғындар. Десе де, олардың бұл ұсынысы орындалмайтын сияқты. Себебі газгольдердің орны «R&R Group» компаниясына берілген. Бас мердігер – «Интел-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сауда павильонының құрылысына кірісіп кетті. Сауда-саттық нүктесі қараша айында пайдалануға беріліп, оның аумағындағы жолға асфальт төсеп, балалардың ойын алаңын құралдармен жабдықтау жоспарланған.

Баспаналардан бөлек, аймағы-мыздың басты нышанына айналған Ертіс өзенінің жағалауын көріктендіру ісі жүйелі жүргізілуде. Облыс әкімі Б.Бақауов Орталық жағажайдың бір жақ шетін «Қазқонаққа» дейін, екінші жағын Усолка шағын ауданына дейін ұзарту жұмыстарымен, жергілікті биліктің жоба-жоспарымен танысты. Бұл ретте аймақ басшысы көкейде жүрген ойын бүгіп қалмады. Арманы - Орталық жағажай мен Усолка аралығында Ертіс өзенінің үстімен өтетін арқанды жол салу екен. Ал әзірше «Павлодарэнерго» компаниясына қарасты 400 метр аумақты алып, оны көріктендіріп, жердегі жолды ретке келтірмек.

Б.Бақауов облыс орталығын аралау барысында Химқалашық пен Лесозавод аудандарын байланыстыратын көпір мен Усолка өзені арқылы өтетін көпірге барды. Бұрындары тұрғындар теміржол жолы арқылы жаяу өтетін. Бұл олардың өмірлеріне қауіп төндіретін-ді. Енді екі ауданның арасын биік көпір жалғайды. Кей тұрғындар бұл көпірде пандустардың жоқтығын айтып, шағымданған еді. Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы пандустардың болмайтынын кесіп айтты. Себебі арбамен биіктікке көтерілу, әсіресе қысты күні көпірмен өту мүмкіндігі шектеулі жандарға қиындық тудыруы ықтимал. Тығырықтан шығар жол - инватаксидің көмегіне жүгіну. Ал Усолка ауданында бірнеше жыл бұрын қолданысқа берілген көпірді көктемде су шайып кеткен болатын. Себебі бастапқыда демеушілер қаржысы есебінен салынған көпірде дренажды жүйе болған жоқ. Енді оны қалпына келтіру, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлердің айтуынша, 15 қазанға дейін жөндеу жұмыстары аяқталады.

Облыс орталығындағы 20-ға жуық нысанға барған аймақ басшысы Болат Бақауов жауапты мекеме басшыларына бірқатар тапсырма берді. Әсіресе, көріктендіру, жарық-тандыру, құрылыс жұмыстарын уақыт оздырмай аяқтауға баса мән беруді жүктеді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz