Кесененің ашылуына облыс әкімі Болат Бақауов, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім, Темірғалы Нұрекеннің шөбересі Каспикамал Темірғалықызы, дін қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада Ғарифолла Есім Темірғалы Нұрекеннің өмірінде ерекше орын алатын Қарқаралы петициясына кеңінен тоқталды.

- Петицияның жазылуына бірнеше себептер түрткі болды. Соның біріншісі - қазақ жерінің мәселесі. Екінші, қазақтың билігі толығымен отаршылардың қолына өтіп кетті. Біздің тек болыс не ауылнай болуға ғана құқымыз бар еді. Яғни Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Болыс болдым дегенше, орыс болдым десеңші» деуі де осыдан еді. Міне, ел басына күн туған зар заманда қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев және Темірғалы Нұрекен Қоянды жәрмеңкесінде ІІ Николайға арналған 47 тармақтан тұратын петиция жазады. Бұл Т.Нұрекен бас болып, қолға алған істің бірі ғана, - деді Ғ.Есім.

Ал аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы Темірғалы Нұрекеннің шөбересі Каспикамал Темірғалықызының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Баба есімін жаңғыртып, игі шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтқан Темірғалы Түйтеұлының ұрпағы көзіне жас алды.

- Атам тек мемлекеттік істерге ғана араласып қоймады. Имандылықты насихаттап, өзі 5 рет қажылыққа барып, Құнанбай қажымен бірге Меккеде 4 үй салдырған екен. Бірнеше кітабы да жарық көрген. Қазір олар Мәскеудің мемлекеттік кітапханасында сақталған. 1972 жылдан бастап атам жайлы ақпараттар іздеп, өмірін зерттеумен айналыса бастадым. Осы іздеудің нәтижесінде атамның суретін тауып, көптеген құжаттарына қол жеткіздім. Темірғалы атамды ел ішінде таныту мақсатында бірқатар жұмыстарды қолға алдық. 1992 жылдан бастап атамның есімі қайта жаңғыртыла бастады. Бүгінгі күнге жетіп, көптен арман еткен кесенесінің көтерілуіне қолдау танытқан облыс әкімі Болат Жұмабекұлына, аудан әкімдігіне аналық алғысымды білдіремін, - деді Каспикамал Темірғалықызы.

Кесененің ашылуынан кейін, ауыл шетінде бой көтерген этноауылда құран оқылып, ас берілді. Ұлттық спорттық ойындардан байқаулар өткізіліп, бәйге ұйымдастырылды.

Айта кетелік, кесененің құрылыс жұмыстарын «Шарбақты елім - туған жерім» қоғамдық қоры жүргізді.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz