Осы ауылдың тұрғыны, туризм саласының ардагері Жұмагелді Дүйсекеев - ауылдың – осы аймақтың тарихын біліп қана қоймай, археологиялық ескерткіштердің бүлінбеуіне, олардың қыр-сырын көпшілікке таныстыруға, сақталуына жанашырлық жасап жүрген азамат. Мәселен, Торайғыр ауылындағы көпшілікке белгілі Әулие бұлақ басына киіз үй тігіп, алыс-жақыннан келетін турис-терге ауылдың тарихы, географиясы, әйгілі адамдардың өмірі мен шығармашылығы, оған қоса қазақтың ұлттық тағамдары, ойындары, т.б. насихаттап жүрген азамат. Ол өткен жылы осы бұлақ басында көшпелі мұражай ашып, Торайғыр ауылы төңірегінен табылған археологиялық заттарды келушілерге таныстырды.

Жұмагелді Қасенұлы Торайғырдың күн батыс жақ тұсындағы Кемпіртас шатқалындағы көне қорым мен осы ауылдың шығыс жақ беткейіндегі (Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесінің аумағындағы) зерттеушілер «Мұртты қорған» деп атап кеткен көне қорымдарды көрсетіп, көне дәуірден қалған тарихи ескерткіштер туралы әңгімеледі.

Қола дәуірі

Адамзат тарихына үңілетін болсақ, негізінде дәуірлер - тас дәуірі, қола дәуірі, мыс дәуірі одан кейін темір дәуіріне бөлінеді. Торайғыр ауылының аумағында қола дәуірінің ескерткіші бар. Осы арадан табылған заттар бұл жерде біздің эрамызға дейінгі VІІ-VІ ғасырларда адамдардың өмір сүргенін айғақтайды. Тас дәуірінде алғашқы қауымдастық одан кейінгі қола дәуірінде руластық, тайпалық деген пайда болды. Бұларды алғашқы металлургтар десе де болады. Ол кезде әлі мұсылман діні немесе христиан діні деген болған жоқ. Адамдар күнге, тасқа, отқа, аруақтарға табынған. Мына археологиялық ескерткішті өткен ғасырдың сексенінші жылдары әлдекімдер қазып, тастап кеткен. Кейін зерттеушілер қазғанда асыл заттар табылмады. Бұл көне қорған Күн пішінімен салынған. Өйткені ол дәуірде адамдар Күнге табынған. Сол кездегі ұғым бойынша о дүниеге кеткен адамдарды, әсіресе көсемдерді жерлегенде о дүниеде керек болады деп керек заттарды - барлық байлығын, қару-жарағын бірге көмген. Кісі жерленген зираттың тереңдігі, көлденеңі бар-жоғы 60-65 см., ұзындығы 150-170 см. Сонда ол кездегі адамдар кішкентай болған ба? Олай емес. Олар адамды ананың жатырында бала қалай жатса, сол қалыпта жерлеген, яғни адамның анатомиясын жақсы білген. Міне, мына қазбада көсемнің жерленген жері екені анықталды. Күннің аумағын жасаған. Бұл – рулық, тайпалық зиратқа жатады. Қиыр шығыста, Ресейде Ачинск деген қала бар. Ачинск - өте көне қала, іргетасы 1683 жылы қаланған дейді. Соның жанында Андроново деген село бар. Оңтүстік Сібірдегі осы Андроново селосынан ең алғаш рет қола дәуірінің ескерткіштері табылған ғой. Сондықтан кеңестік кезең зерттеушілері басқа жерлерден де табылған қола заттарды Андронов мәдениеті деп атап кеткен. Оның көптеген себептері бар: кеңес уақыты кезінде барлық ашылып жатқан археологиялық қазбаларды өзінің, яғни орыстың саясатына қарай бейімдеді, қазақта, қазақ жерінде тарих болмағандай етіп көрсетуге тырысты. Дегенмен, жерлесіміз, әйгілі зерттеуші Әлкей Марғұлан жазбасында мұны тас мола мәдениетіне (тасмолинская культура) жатқызады. Бір атап өтерлігі, Әлкей Марғұлан мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жерлес, әрі екеуі өте тығыз байланыста болған. Мәшһүр Жүсіп жазбаларында қола демей, мұны «Мық дәуірі», «Мық мәдениеті» дейді. Неге олай атаған? Ең алғашқы адамдардың құдықты таспен қалап істеуінен «мық» деген сөзден шыққан.

Тас дәуірінен кейін қола дәуірі келді. Қола дәуірінде өмір сүрген адамдар жартылай көшпенді болған, олар - алғашқы металлургтер. Егер Тас дәуірінде от жағу арқылы адамның белгілі бір сана-сезімі қалыптасса, қола дәуірінде металл ала бастаған. Тас дәуірінде тұрмыста қолданған заттары - құралдары мұқалып қала бергендіктен енді темірді пайдалануға көшкен. Ол кезде қола жердің тереңінде емес, үстіңгі қабатында болған. Жерден қоланы қалай алған? Олар өте қарапайым тәсілді қолданған: қоланы алу үшін жердің бетін аршып, сол жерге ағаш үйіп, өртеген. Өртегеннен кейін суық су құяды, ол жарылады. Бір ғажабы, осы әдісті кезінде Қаныш ағамыз да қолданғаны туралы өзінің жазбаларында бар. Адамзат алдымен отты игерген, одан кейін отты тұрмыста пайдаланған, сосын от арқылы жер қойнауындағы қоланы алған.

Енді осы қорымда жерленген адамдар, яғни көсемнің қай этносқа, қай этникаға қатысы бар дегенге келейік. Орыстардың түсініктемесінде бұларды фин нәсіліне жатқызады, кейбірі иран, үнді нәсілі дейді. Ал Әлкей Марғұланның болжауы бойынша бұл – түркі тілдес халықтардың нәсілі көрінеді. Қалай болғанда да антропологиялық зерттеулерге сүйенетін боламыз.

Көсем зиратының жанында қарапайым адамдар, бәлкім көсемнің туыстарының жерленген жерін көруге болады. Баланың зираты да бар. Бұл қорымды Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Marguan Centre» өңірлік археологиялық орталықтың археологтары ашты. «Туған жер» бағдарламасы бойынша табылып, зерттеліп жатқан бұл орыннан ер адамның қаңқасы мен ыдыс-аяқтар және әйелдердің әшекей заттары табылды. Ыдыс-аяқтардың пішіні дөңгелек, банка секілді, жиегінде геометриялық суреттер, аңдардың бейнесі бар. Саздан күйдіріп қолдан істеген. Ал моншақтың құрылымы өте күрделі. Қалай істелгені, оның құрамында қандай асыл тас бар екендігі бүгінгі күнге беймәлім. Қазір Санкт Петербург қаласында құрамы зерттелуде. Осы аумақта әлі ашылмаған қазбалар бар. Олар қарапайым адамдардың қорымы болуы тиіс.

Жалпы, Баянауылдағы табиғи парктің аумағында 350-400-дей осындай орындар бар. Мұның бәрі тас, тасмола немесе мық мәдениеті деп аталады. Орыстар айтып жүрген Андронов мәдениетіне бұлардың еш қатысы жоқ. Өткен жылы мен Әулие бұлақ басында көшпелі 2 музей ұйымдастырдым, сонда осы жерден алынған заттар музейге қойылды. Бұл – қола дәуірінен хабардар ететін заттар.

Темір дәуірі

Біздің ауылдың аумағында қола дәуірінен кейінгі темір дәуірінің де ескерткіштері бар. Бұл - Торайғыр көлінің шығыс жағындағы сақ қорғаны – «Мұртты қорған» деп аталады.

Ол кезде өмір сүрген адамдарды «скифтер» немесе «сақтар» деп атаған. «Скифтер» деп гректер, «Сақтар» деп ирандықтар айтқан. Түркі тілдес халықтардың тайпасы, үлкен мемлекеті болғанын білеміз. Скифтан кейін ғұндар, одан кейін қағанаттар, одан кейін хандық келді. Археологиялық зерттеулер, табылған заттар ол кезде өмір сүрген адамдардың отқа, Күнге, аруаққа табынғандығын айғақтайды. Бұл орын сол кездегі адамдардың сыйынатын орны не мәдениетінің орталығы болған деп топшылауға болады. Тарихтан ірі-ірі 8 тайпадан және 22 кіші тайпадан құрылған үлкен сақ мемлекеті болғанын білеміз. Қазақстан аумағында оның өзін үшке бөледі. 1-сі «Тиграхауда» (шошақ бөрікті сақтар), 2-сінде «Хаумаварга» (хаома сусынын дайындайтын сақтар), 3-сін «Морские» дейді. Тиграхауда дейтіні Алтын адам қазақ жерінен табылды ғой, сондай бас киімге қатыстырып айтады. Бас киімі биік болған сайын оның дәрежесі де соғұрлым биік деген сөз. Хаумаварга орталық Қазақстанда өмір сүрген, оңтүстік жақта да көп болған, жаңа айтып өткенімдей, олар хаома сусынын дайындаумен айналысқан. Ал «Морские» деген топтағыларда қолөнері жақсы дамыған дейді.

Міне, мынау жер Торайғыр көлінің шығыс жағы, бұл жерден темір дәуірінде жасалған тастар табылды. Орысша «менгрийские камни» дейді. Қазақта «меңіріп неге тұрсың?» демей ме? Ол қаққан қазықтай неғып тұрсың деген мағынада ғой. Сол меңірейіп тұрған тастардың біразы осы арада бар.

Бұл аумақта балбал тастар да баршылық. Бағзыда Түркі қағанаты деген болған. Сақтардан кейін ғұндар келді, ғұндардан кейін тарих бойынша Түркі қағанаты келді. Одан кейін Түргеш, Қарлұқ, Қимақ, Оғыз, сосын Қарахан қағанаты пайда болды. Түркі қағанаты кезінде адам бойындай тастар болған. Батырлар жекпе-жекке шығып жеңгенде сол жерге орнататын болған, ол - шекараны көрсететін белгі, әрі батырдың қаһармандығын танытқан, ел мен жерді қорғау керектігін көрсететін белгі болып саналған. Түркі қағанатынан кейін балбал тастарды рубасылардың зиратына қойған. Балбалды тасты қашау арқылы жасаған. Осы маңайда 5-6 шақырым аумақта осындай балбал тастар кездеседі. Соның бәрін жинап, аллея жасау ойда бар. Алыс-жақыннан келген туристерді әр таудың қойнауына апара бермейміз ғой. Мал баспасын деп әзірге уақытша осындай қоршау орнаттық. Кейін түсіндірме жазып ілеміз. Бұл балбал тастың бәрі түпнұсқалар.

«Мұртты қорғандағы» тастар қасиеті

«Мұртты қорғанда» тікесінен тік бірнеше тас тұр. Құйылмаған, қолдан жасалған. Биіктігі - 3,5-4 метр, диаметрі - 60-65 см. Бұл тастардың атқаратын қызметі қандай болған? Бұл туралы Жұмагелді Қасенұлы былай дейді:

Бес күш бар дейді: Жердің күші, Судың күші, Оттың күші, Желдің күші және Күннің күші. Соған орай 5 тас орнатқан. Олардың әрқайсысының қасында жеке-жеке қосымша тастар болған. Сол кезеңдегі шамандар емделуге келгендердің әрқайсысын сырқатына байланысты әр тасты ұстатқан. Мысалы, бүйрегі ауыратын болса Су күші тасын, т.б. өздерінше емдейтін болған. Екіншіден, осы бес тас арқылы уақытты: сағат, күн, жылды яғни күнтізбені айырған. Сонымен бірге осы тас арқылы аспанмен тілдескен, астрономияны жақсы меңгерген. Бұл – сол дәуірдің обсерваториясы десе де болады. Міне, тура күннің шығысына бағыттап 200-300 метрге дейін екі жаққа екі жолақ салған. Мұны сақ дәуіріндегі «Мұртты қорған» дейді. Сол дәуірдегі түркі тілдес ата-бабаларымыздың Күнге табынғандығын көрсетеді. Бұл Мұртты қорғандарға өздерінің қасиетті деп санаған адамдарын жерлеген. Ал Мұсылман діні келгеннен кейін қазақ даласындағы әйгілі адамдарды Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің басына апарып жерлегенін білеміз.

«Мұртты қорған» – біріншіден, қасиетті адамдарын жерлейтін орын болса, екіншіден, олар жартылай көшпенді жұрт болғандықтан, осы қорған арқылы ауа райын болжаған. «Мұртты қорғанның» оң жақтағы жолымен қыстауға, сол жақтағысымен жайлауға қашан шығу керектігін анықтап отырған. Ол болжауды жұлдыздар арқылы білген.

Сақ тайпалары қоғамдағы бірінші демократиялық қоғам болғандықтан ер адамдар мен әйелдердің құқы тең саналған. Зарина, Томирис сынды әйелдер - сақ батырлары. Әйелдер жаугершілікте ерлермен бірге соғысуға да қатысқан, отбасының да тіршілігімен айналысқан.

«Мұртты қорғанда» Бұғытас деген тас та бар. Бұл - орталық және солтүстік Қазақстандағы жалғыз тас. Ал Моңғолияда мұндай тастар өте көп. Бұл жердің қасиетінің ерекше екендігін 2015 жылы осы жерге ел-елден - Санкт Петербург, Москва, Қырғызстан, Моңғолия мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген экстрасенстер айтты. Оларға осы жердің ерекшеліктері, тарихи орын, қазба, астрономия туралы айтып бердім. Экстрасенстер «Егер осы бес тасты әу бастағы орны-орнына қоятын болса, биотехникалық аура жақсы болады» деген әңгіме айтты. Ана тұрған Бұғы тасты байлық тасы деді. Анау бірі – Күн, тағы бір таста бұғылардың қашып бара жатқан суреті бейнеленген... соның бәріне үлкен мән-маңыз беріп, сәуегейлік танытты. Қайсыбір жылы біреулер осы тастардың біразын сындырып, құрылыстың іргетасына пайдаланбақ болыпты. Тауып алып, орнына әкеліп қойғыздым. Тастар жер астынан қазылып алынғандықтан түр-түсі әр түрлі. Бұл жер кеңес үкіметінің тұсында қазылып, зерттелген жоқ. Ана жылдары тарихшы, археолог В.К.Мерц бастап қазды. Кейін «Marguan Centre» өңірлік археологиялық орталықтың басшысы Тимур Смағұлов айналысуда. Бұл жерде де ашық аспан астындағы мұражай болмақ.

Осы төңіректің бәрі тұнып тұрған тарих. Мына таулардың ар жағында Айманбұлақ деген жер бар. Шәкен Айманов пен Кәукен Кенжетаевтың ата мекені. Анау тұрған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі. Осындай ұлыларды тудырған Баянауыл жері қасиетті! - деп аяқтады әңгімесін Жұмагелді Қасенұлы.

Сая МҰСАБАЕВА.
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz