Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Білім беру мекемелерінде балалар құқығының бұзылу мәселесі өткір тұр. Сондықтан бірінші кезекте қызметкерлер мен психологтар жұмысының сапасын арттыру қажет. Барлық мектептің психологы мен әлеуметтік қызметкерлері, балабақ-шадағы тәрбиешілер үшін жеделдетілген біліктілікті арттыру курстарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысын бір ізге келтіру мақсатында бейнекамералар орнатылмақ. Бүгінгі күні тиісті бұйрыққа өзгерістер енгізіле бастады. Біз барлық балабақшаның бейнебақылау камераларымен қамтылуын міндетті талап ретінде енгізбекпіз. Оның ішінде сабақтар жүргізілетін бөлмелер де бар. Қазірдің өзінде кейбір мектепке дейінгі оқыту ұйымдарында мұндай жүйе бар. Ал алдағы уақытта олардың санын еселеп, 63 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ата-аналар ІТ-камералар арқылы аудиториялардағы, балабақшадағы топтардағы балаларын қашықтықтан қарай алады. Бұл камераларға түскен жазба кем дегенде 30 күн сақталатын болады. Ата-аналар тарапынан қандай да бір түсініспеушілік, наразылық туындаса, сол жазбалар арқылы тәрбиешінің әрекетін бағамдап, соған сәйкес шешім қабылданады. Егер тәрбиешінің әрекеті бұрыс екені байқалса, ол жауапқа тартылады. Балабақшаларға осындай бейнебақылау жүйесін енгізу арқылы мектепке дейінгі мекемелердегі тәртіп күшейіп, балалардың құқығы тиісті деңгейде қорғалады деген үміт мол. Бастысы, әкелер мен аналардың білім беру ұйымдарына деген сенімі артса екен дейміз.


Бибігүл ҚЫЗЫРОВА, №18 сәбилер бақшасының директоры, Павлодар қаласы:

- Біздің балабақшада 6 топта камералар арқылы бақылау тәжірибесі бар. Бұл жүйе енгізілгелі ата-аналардың көңілі жайланды, тәрбиешілерге деген сенімі артты. Оған түскен жазбалар балабақшада 30 күн сақталады. Осы уақыт аралығында ата-ана өтініш жазып, баласының балабақшадағы өмірінің қалай өрбіп жатқанын қарай алады. Көп жағдайда ата-аналар қауымын бүлдіршіндердің тамақтануы мен сабақтың жүргізілу барысы, басқа балалармен тіл табысуы қызықтырады. Бейнебақылау орнатылған уақыттан бері ата-аналардың тарапынан тәрбиешілерге қатысты шағым түскен жоқ, көңіл толмаушылық байқалмайды. Өйткені, камералардың барын білетін тәрбиешілер өз-өзін ұстап, балалардың өміріне, психикасына кері әсер тигізуі мүмкін әрекетке бармайды.


Рымгүл БОЖАҚАНОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Білім және ғылым министрлігінің барлық балабақшада бейнебақылау камерасын орнатуға қатысты бастамасын толық құптаймын. Бұған Ақсу, Теміртау қалаларындағы тәрбиешілердің жаға ұстатарлық әрекеттерді түрткі болған шығар. Егер тұтас қоғам осы екі оқиғадан хабарсыз болса, бұл мәселе ел билігінің назарын аудартпас па еді, кім білсін?! Оған қоса, балабақшадағы тамақтардың талаптарға сай келмейтіні туралы бейнежазбалар әлеуметтік желілерде желдей есіп жүреді. Мұндай сипаттағы деректердің барлығы – ата-аналар түсірген жазбалар. Ал бұдан былай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы бірдей өздері камера орнатса, кейбір тәрбиешілерді тезге салатын болады. Бірақ, бұл ретте басқа да мәселелердің шеті шығады. Біріншіден, жаппай камера орнату қомақты қаржыны қажет етеді. «Мемлекеттік бюджет бұл салмақты көтере ала ма, жоқ па?», «Камераны орнату, оған қызмет көрсетуге қажет қаражатты ата-аналардан жинамай ма?» деген сауалдар туындайды. Екіншіден, бейнебақылау құралдары түсірген жазбалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі бақылануы тиіс деп есептеймін. Әйтпегенде, «ол кезде камера істемей тұрыпты», «жазба сақталмай қалыпты» сынды түрлі сылтау айтылып, жазбаның көрсетілмеуі әбден мүмкін.


«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz