Алқалы жиын барысында облысымыздағы спорт саласының бүгіні мен келешегі сөз болды. Бұл ретте, жетістіктермен қатар жетілдіретін тұстарға да ерекше назар аударылғанын атап өткен жөн. Жалпы, аймақ тұрғындарын спорттық нысандармен қамту көрсеткіші көңіл көншітерліктей. Қазіргі кезде облыста ірілі-ұсақты 3482 спорт нысаны бар. Алайда олардың барлығы тиімді пайдаланылуда деп айту қиын. Облыстық спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтің сөзіне сүйенсек, талап бойынша білім ордаларындағы спорт залдарының есігі оқудан тыс уақытта тұрғындарға ашық болуы тиіс. Яғни, жұртшылық кешкілік уақытта мектептердің спорттық алаңдарына барып, футбол, волейбол, баскетбол сияқты ойындар ойнай алады. Сол арқылы бұқаралық спортты дамыту көзделген. Бірақ бұл талап толыққанды орындалмай отыр, дейді ол. Мектептердің басшылығы бұған мүмкіндік бермеуде. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Болат Бақауов орта білім беру ордаларының спорттық залдарын кешкі сағат 19:00 мен 22:00 аралығында тұрғындардың игілігіне беру мәселесін қарас-тыруды тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы спорт саласын дамыту бойынша жауапты мекемелер алдағы бес жылға ұсынған стратегиялық жоспардың жобасын сынға алды. Болат Жұмабекұлының айтуынша, бұл құжатта қай өңірге нақты қандай спорттық нысандардың қажеттілігі әрі тұрғындардың сұранысы ескерілмеген.

- Мысалы, Ақсу қаласында мұз айдынына деген сұраныс бар. Ондағы хоккейшілер командасы Павлодар қаласына келіп жаттығатынын білемін. Энергетиктер шаһарын-дағы гимнасшыларда да лайықты жаттығу алаңы жоқ. Спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға қатысты стратегиялық құжатта осындай қажеттіліктер ескерілуі тиіс еді. Мұндай мәселелер өзге де аудан, қалаларға қатысты болып отыр. Алдағы жылдары аймағымызда спортты дамытуға бұдан да көп көңіл бөлетін боламыз. Қаржы мәселесі де оңтайлы шешілмек. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану қажет. Сондықтан аталған стратегиялық жоспарды бір айдың ішінде қайта қарап, жетілдіруді тапсырамын, - деді Б.Бақауов.

Мұз айдынын салу мәселесі Екібастұз қаласында да өзекті тұр. Бұл ретте, кеншілер шаһарының әкімі Нұржан Әшімбетов Павлодар қаласында бой көтеріп жатқан 1 мың орындық мұз айдынының жобасын «көшіруге» ниетті екенін айтты. Бұдан бөлек, жеңіл атлетика манежінің құрылысын да жоспарлауда. Осылайша, алдағы жылдар Ақсу және Екібастұз қалаларында да заманауи мұз айдындары салынуы мүмкін.

Жиын барысында облыс әкімі Б.Бақауов Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тауында салынып жатқан аспалы жолдың құрылыс қар-қынын сұрады. Тау шаңғы базасының құрылысына жауапты мердігер компания өкілі нысан осы аптада пайдалануға берілетінін айтты.

- Қазіргі кезде аспалы жолдар сынақтан өткізіліп жатыр. Оның беріктігі тексерілуде. Себебі жүктеме жоғары. Аталмыш аспалы жол сағатына 600 адамды таудың жоғарғы басына тасымалдай алады. Нысанды осы аптада пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы, тау шаңғы базасы күніне 5 мың адамды қабылдау мүмкіндігіне ие. Жалпы, Мырзашоқы тауы - сноуборд, шаңғы спортына аяқ басқан спортшыларға, шаңғымен сырғанауға ниетті тұрғындарға, ең бастысы, туристерге таптырмайтын орын. Сондықтан ол ауданда қысқы туризмді дамыту жолындағы бірден-бір маңызды орынға айналатынына сенім мол, - дейді мердігер компания өкілі Славенко Бадура.

Д.АЙТПАЙ.

saryarka-samaly.kz