Үй салу міндетін алған мердігер «Артех-ПВ» құрылыстың негізін былтыр қазан айында бастаған. Құжат бойынша биыл тамыз айында ел игілігіне беруі тиіс еді. Алайда осыдан екі ай бұрын қаржының жоқтығын желеу етіп, алтыншы қабаттан ары қарай бара алмады. Сөйтіп, алты қабаты ғана салынған үйдің құрылысы тоқтап тұр.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Андрей Балашовтың айтуынша, Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан 9 үйдің құрылысы бір мезетте басталған. Оның жетеуі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына арналса, екеуі алюминийстройда үйлері сүрілген тұрғындарға арналған. Сегіз үйдің құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Билік тарапынан атқарылған жұмысқа қаржы аудару жағында ешқандай мәселе жоқтығын да мәлім етті. Ал құрылыс мерзімін кешіктіру мәселесі «ТемірТас» ЖШС қолға алған екі үйде орын алған. Қалалық әкімдік өкілі мұнда бүгінде сыннан кейін құрылыс қарқыны үдеген, қосымша жұмысшылар алыныпты. Ал екі подъезді тоғыз қабатты 27-ші үйдің құрылысы тұралап қалған. Сондықтан биліктегілер жауапсыз мердігер «Артех-ПВ»-ны сотқа беріп, құрылысты жалғастыру жөнінде жаңадан конкурс жариялауды жөн деп шешкен.

- Мердігермен кездестік. Құрылысты аяғына дейін жеткізу үшін қосымша мердігер алу жөнінде ұсыныс жасадық. Өзге де жолдары айтылды. Алайда бәрінен бас тартты. Сондықтан құрылыс ұйымын жосықсыз мердігер ретінде сотқа беруімізге тура келді. Сонымен қатар, әрбір кешіктірілген күн үшін тұрақсыздық айыбын талап етіп отырмыз, - дейді А.Балашов.

Сот шешімі күшіне енісімен, құзырлы орган жаңа конкурс жариялайды. Ол үшін қаржы да бар. Тағы бір айта кетерлігі, «Артех-ПВ» кәсіпорны үйдің айналасын абаттандыру жобасын да жеңіп алған болатын. Бірақ оны да орындамады. Сол себепті сотқа беріліп, билік жеңіп шыққан. Енді осы лот бойынша да тендер қайта өткізіледі.

Қысқасы, «бағы жанбаған» бұл баспана биыл аяқталмайтыны анық. Десе де, биліктегілер оны «сақалды құрылыс» атандырмау үшін аянып қалмаймыз деп сендірді.

Жалпы, Сарыарқа шағын ауданында жыл соңына дейін сегіз үй қолданысқа беріледі. Келесі жылы құрылысы жүргізілетін тағы сегіз үйдің жобасы дайын. Жуырда конкурс жарияланып, мердігерлер анықталады. Биыл жыл соңына дейін құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, Сарыарқа шағын ауданында үй құрылысы қазіргі таңда Ломов көшесінен Циолковский көшесіне қарай бет алуда. Андрей Балашов тұрғындарға уәде етілгендей 2020 жылдың соңына дейін Алюминстройдағы тозығы жеткен екі қабатты үйлерді толық сүріп, орнына зәулім үйлер салу ісі аяқталатынын атап өтті. Бүгінде мұндағы 159 ескі үйдің 74-інің орны да жоқ. Енді қалған 85 үйдің отызы сүріледі. Олардың тұрғындарын жыл соңына дейін қолданысқа берілетін үйлерге жайғастыру көзделген.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Павлодар қаласы.

saryarka-samaly.kz