Жұмыла жұмыс жасау қажет

Идеологиялық актив отырысына басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, облыстағы зиялы қауым және қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Болат Бақауов Жолдауда ел дамуының негізгі бағыттары белгіленгенін атап өтті.

- Біздің алдымызда тұрған басты мақсат – стратегиялық құжатта айқындалған міндеттерді барлық мүмкіндіктеріміз бен ресурстарымызды пайдалана отырып, табысты жүзеге асыру, - деді аймақ басшысы.

Елбасы Жолдауында тұрғын-дардың табысын көтеру мәселесіне ерекше назар аударылғаны белгілі. Мемлекет басшысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсетінін жеткізді. Бұл барлық салаларға қатысты болмақ.

- Елбасы тұрғындар үшін әл-ауқатын жақсартудың ұтымды жолы кәсіпкерлікке бет бұру екенін атап өтті. Облысымызда бұл бағытта қолайлы жағдайлар жасалған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы табысты жүзеге асуда. Жолдауда айқындалғандай, аталған бағдарламаның мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылды. Демек, тағы да көптеген бизнес нысандары ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылады.

Бізге экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатында батыл әрі нақты шаралар қажет. Бірақ, бұл бағыттағы шаралар бизнес саласының құқығы мен мүдделеріне кереғар болмауы тиіс. Керісінше, Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қолдау шарасын күшейтуді жүктеді. Ол үшін келесі жылы шағын және орта бизнестің салықтық қарыздарына амнис-тия жарияланбақ, - деді Болат Жұмабекұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі экономика саласында отандық өндіріс көлемін арттырып, экспорттық үлесімізді ұлғайту міндеті тұрғанын атап өтті. Аймағымыздың агроөнеркәсіптік кешенінің мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көрсеткіштерін арттыру қажет. Бұл ретте, облысымызға заманауи агротехнологияларды тартуға тырысуымыз керек. Ең бастысы, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн.

- Әл-ауқатымыздың тағы бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Елбасы білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелеріне ерекше тоқталды. Осы орайда, бюджеттік шығындарды қайта қарау міндеті тұр. Бұл ретте, әлеуметтік салаға басымдық берілуі тиіс. Алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық қаржы көздерінен жұмсалатын қаражат ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізіледі. Оны халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек, - деді аймақ басшысы.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет. Б.Бақауов осы мақсатта облысымызда тиісті «Жол картасы» әзірленіп жатқанын айтты. Бұдан бөлек, орта білім беру жүйесі де назардан тыс қалған жоқ. Жолдауда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екені айтылды. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болмақ. Орта мектептерде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеуге тырысатын боламыз. Келесі жылы облысымыздағы барлық мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету міндеттелді.

Жолдауда айтылған маңызды бастама қатарында келесі жылы қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» заңды атап өтуге болады. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға жол ашпақ.

Облыс әкімі тұрғын үй мәселесіне де тоқталды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы бойынша жұмысты күшейтуді тапсырған болатын.

- Біз аталған бағдарламаға қатысуға ниетті бюджеттік сала мамандары үшін алғашқы жарналарын ішінара субсидиялауды қолға алмақпыз, - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі жергілікті инфрақұрылымды дамыту, полиция қызметінің жұмысын жетілдіру, беделін арттыру мәселелеріне, мемлекеттік қызмет саласында жоспарланған жаңашылдықтарға, жемқорлыққа қарсы күрес шараларына, бюрократиялық кедергілерді жою мәселелеріне тоқталды. Мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы жаңа жүйемен есептеліп, біршама көтерілетіні сөз болды. Аймақ басшысы жергілікті мемлекеттік мекеме басшыларына тұрғындар тарапынан көп сын айтылатын жер қатынастары саласы мен жылжымайтын мүлікке қатысты мәселелерді ретке келтіруді жүктеді. Ол үшін облысымыздағы жер қорына, жылжымайтын мүліктерге қатысты ортақ база құрылатынын айтты.

Ипотека жеңілдей түспек

Облыс әкімінің баяндамасынан кейін Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бағытында жекелей салалар бойынша қолға алынған нақты жұмыстар жөнінде есеп берілді. Актив отырысы барысында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек аймағымызда туризм бағытында қолға алынған бастамаларға тоқталды. Бүгінде өңіріміз бойынша туризмнің көсегесін көгертуі тиіс үздік 7 демалыс орны белгіленген. Оның қатарында Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл, Маралды, Тұз қала көлдері, Мырзашоқы тауы мен Шалдай орман шаруашылығы бар. Халықаралық кәсіпорындармен бірге аталған аймақтарды дамытудың жоспары құрылған.

Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында да маңызды жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте, жаңа технологияларға негізделген кәсіпкерлік нысандарын ашуға, соның ішінде баламалы энергия көздерін дамытуды мақсат тұтқан жобаларға басымдық берілмек.

Ұ.Жазылбек аймағымызда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша барлығы 305 пәтер сатылып жатқанын айтты. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 13 өтініш түсіп, оның 7-уі мақұлданған.

- Өкінішке қарай, бұған дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша өтініштер аз түсті. Мойындау қажет. Бұған пәтер сатып алуға қажетті алғашқы жарна көлемінің көптігі себеп болған сыңайлы. Сондықтан қазіргі кезде Елбасының тапсырмасына сәйкес ипотекалық бағдарлама операторы саналатын «Баспана» компаниясымен бірге алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін қарастырып жатырмыз, - деді Ұ.Жазылбек.

Ал облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынова аймағымызда барлық бағыттар бойынша макроэкономикалық бағытта өсім бар екенін атап өтті. Елбасының өңірлердің ішкі жалпы өнімінің көлемін 102,2 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы жыл соңына дейін орындалатынын жеткізді. Сондай-ақ, Әлия Амангелдіқызы облыс бойынша салықтық борышы бар 12 мың кәсіпкердің 927 млн. теңге көлеміндегі қарызы амнистияланатынын айтты.

- Жалпы, шағын және орта бизнес саласын қолдау шаралары толастаған емес. Соңғы екі жылда жалпы құны 14 млрд. теңге болатын 280 жоба қаржыландырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Әсіресе, Мемлекет басшысы атап өткен экспорттық әлеуетімізді арттыруға жоғары көңіл бөлетін боламыз. Жауапты мемлекеттік мекеме басшылығы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына экспортқа бағытталған өнім шығаруға ниетті кәсіпкерлердің тізімін жасауды тапсырамыз, - деді Ә.Арынова.

Облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мейрам Бегентаев Елбасы тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі мекемелердегі оқыту бағдарламалары қайта қаралатынын жеткізді. Бұл ретте, балалардың интеллектуалдық мүмкіндіктерін арттыруға мән беріледі.

Жалпы, балабақшалардың жұмысы жаңа жүйеге көшірілмек. Тәрбиешілердің еңбегін ынталандыру, балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында мектепке дейінгі мекемелерді жекеменшікке беру әдісі қолданылмақ.

Сондай-ақ, М.Бегентаев үстіміз-дегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап облысымызда 1 және 8 сынып аралығындағы 74 мың оқушы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту үлгісімен білім алып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін барлық мектептер кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жаңа арнаға бұрмақ. Тағы бір жаңашылдық, 2019 жылы аймағымыздағы барлық балабақшалар мен мектептерге бейнебақылау камералары орнатылатын болады. Денсаулық сақтау саласын да маңызды өзгерістер күтіп тұр. Алдағы жылдан бастап барлық медициналық құжаттар электронды жүйеге көшіріледі.

Облыстық мәслихат хатшысы Бақыт Бексейітова білім саласында орын алып отырған біраз кемшіліктерді сынға алды.

- Елбасымыздың ұсынған «Педагогтардың мәртебесі туралы» заңы мұғалімдер мен мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары қызметкерлерін ынталандыруды, жүктемені азайтуды, жоспарланбаған тексерістер мен ұстазға тән емес функцияларды орындаудан қорғауды көздейді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні мұғалім өзінің уақытының басым бөлігін ақысы төленбейтін бұқаралық іс-шараларға, сенбіліктерге, рейдтерге және тағы басқа жұмыстарға жұмсайды. Сонымен қатар, сабаққа дайындалатын, есептер жазуға және әр түрлі ақпараттарды тапсыруға кететін уақыттары мүлдем есепке алынбайды. Осы олқылықтардың орны толтырылуы тиіс, - дейді Б.Бексейітова.

Бұл ретте, облыстық мәслихат хатшысы бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, ұстаздарға коммуналдық төлемдер жасауда жеңілдіктер ұсынылуы тиіс. Бұдан бөлек, бастапқы жарнасыз тұрғын үй алу, әр ұстаз үшін тым болмаса 2-3 жылда бір рет жеңілдікпен санаторийлерде дем алу құқығы берілуі қажет.

Тереңкөл ауданының әкімі Жанат Шұғаев ауыл шаруашылығы саласында шешімін күткен мәселелерге тоқталды. Бұл ретте, аймағымызда ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді тиімді пайдалану, суармалы егістік алқаптарының көлемін еселеп арттыру міндеті тұр.

Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын күтіп тұрған жаңашыл-дықтармен бөлісті. Оның айтуынша, алдағы жылдан бастап пәтер иелері кооперативтерінің жұмысының ашықтығын қамта-масыз ету бағытында бірқатар шаралар қолға алынбақ. Коммуналдық қызмет үшін тариф саясатына да назар аударды. Облыс орталығы әкімінің айту-ынша, қазірдің өзінде «Павло-дардың электржелілік тарату компаниясы» АҚ сияқты кәсіпорын-дардың кейбір қызметтерінің ақысы төмендетілуде.

Актив отырысы барысында сөз алған Павлодар қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев облыстық орта білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасу бағытында жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді. Ал Павлодар мұнай химия зауытының Вице-президенті Ермек Баймұханов өндірісті қолдау бағытында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті.


ТҮЙІН:

Актив отырысы соңында аймақ басшысы жиынға қатысушыларды Жолдау жүктеген міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

- Біз, Павлодар жұртшылығы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның мерейін үстем ететін кемел бастамаларын әрдайым қолдап келеміз. Елбасымыздың биылғы Жолдауы баршамызға барлық түрде жетті. Оны аймағымыздың әрбір тұрғыны оқып, мұқият зерделейтініне сенімдімін. Енді осы бағытта тек жұмыла жұмыс жасау керек, - деді Б.Бақауов.


Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz