- Соңғы жылдарда төл ойынымыз-ға деген көңіл де, көзқарас та жақсы жа-ғына өзгере бастағаны анық. Павлодар-лық тоғызқұмалақшылардың талай додаларда топ жарып жүргендігін де білеміз. Мұның сыры неде? Жарысқа дайындықтарыңыз қалай?

- Иә, соңғы жылдарда республикамыздың әр түкпірінде тоғызқұмалақтан жарыс-тар жиі ұйымдастырылатын болды. Жыл сайын бәсекенің сапасы да артып келе жатқандығын байқауға болады. Қай жарыста болмасын павлодарлық спортшылар көш басында екендігін мақтанышпен айта аламыз. Оған себеп те жоқ емес. Әлбетте, жарысқа жиі қатысқан спортшылар ысылады, тәжірибе жинақтайды. Бұл тұрғыдан облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің турнирі ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда Павлодар облысының ғана емес, ел намысын абыроймен қорғап жүрген Диана Кенина, Серік Ақтаев, Жанат Қаймолдин, Роза Райымбекова, Анастасия Фоос секілді тағы да басқа өрендер осы «Сарыарқа самалы» газеті ұйымдастырған жарысқа тұрақты түрде қатысып, тәжірибе жинақтаған спортшылар.

- Бұл жарыстың басқа сайыстар-дан ерекшелігі неде?

- «Сарыарқа самалы» газетінің жүлдесі үшін өтетін дәстүрлі турнирге кәсіпқой тоғызқұмалақшылар да, әуесқой спортшылар да қатыса алады. Жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Сондықтан да республиканың әр түкпірінен бізге өтініштер көп түседі. Тіпті, «Сарыарқа самалының» дәстүрлі турнирі ауыл балаларының асыға күтетін мерекесіне айналды деп айтуға да болады. Басылымның дәстүрлі додасында бақ сынауға өзге мемлекеттің спортшылары да ниетті. Былтырғы жылы Қырғыз елінен спортшылар келіп, жарыс көрігін қыздырған еді. Алдағы уақытта Моңғолия мен Қытайдың тоғызқұмалақшылары да осы турнирге қатыссақ дейді.

- Өңір-өңірден тіпті өзге республи-калардан бұл жарысқа қатысуға сұра-ныстың көп түсуінің сыры неде?

- Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін жарысқа қатысып, бақ сынай алатын дәстүрлі доданың талабы жалпыға бірдей. Үлкенге де, кішіге де ортақ. Мәселен, былтырғы жылы аталған турнирге барлығы 405 спортшы қатысып, рекордтық көрсеткіш орнатты. Қатысушылардың 59-ы марапатқа ие болды. Турнирге Павлодар өңіріндегі аудандар мен қалаларға қоса, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл облыстарынан, Астана мен Семей қалаларынан, Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарынан спортшылар қатысты.

Қырғызстан Республикасынан «Сарыарқа самалы» газетінің турниріне 3 спортшы келді. Жарыстың ең жас қатысушысы 5 жастағы павлодарлық Ермек Аронов болса, ең егде қатысушысы 75 жастағы ақсулық Бақыт Бадамшина болды. Жарыстың тағы бір ерекшелігі - жеңімпаздар естелік сыйлықтармен қоса спорттық дәрежесін де өсіріп, ары қарай ауқымды жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

- Жарысқа қатысушылар жас ерек-шеліктеріне байланысты неше топқа бөлінеді?

- Турнирге қатысушылар 5 топқа бөлі-неді. Ұлдар мен қыздар 9,11,13,15 жас ара-лығында сынға түссе, 5-ші топта ересектер өнер көрсетеді.

- Турнирдің маңызы мен мақсаты-на тоқталып өтсеңіз...

- Тоғызқұмалақ – логикалық ойын. Ғы-лым мен техника дамыған сайын адам баласының ойлау жүйесі мен есте сақтау қабілеті тежелуде. Ал тоғызқұмалақпен машықтанған адам алдына қойған мақсатына жетуге, Абайша айтқанда, «Ақырын жүріп, анық басуға» дағдыланады. Тоғызқұмалақты жастайынан ойнаған балалар оқуға зерек, жұмысқа алғыр келетінін күнделікті өмірден байқап жүрміз. Облыстық «Сарыарқа сама-лы» газетінің төл ойынды қолдап, жыл сайын турнир өткізуді дәстүрге айналдырғаны мені қуантады. Жарыстың мақсаты – төл ойынға көңіл бөліп, бұқаралық спортты дамыту. Өзге өңірден келген спортшылар осындай ірі көлемдегі бәсекені облыстық басылымның ұйымдастырғанын естігенде таң қалысып жатады. Ой жарыстырар ойынға көңіл бөлген «Сарыарқа самалы» газетінің игі ісі көпшілікке үлгі боларлықтай.

- Әңгімеңізге рақмет! Жеңісті сәт-тер көп болсын!

Әңгімелескен – Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz