2008 жылы қажы ұрпақтарының қаржысымен Павлодар ауылында Қасым қажы Мұстафаұлы атында күмбезі көк тіреген зәулім мешіт пен медресе ғимараты салынды. Мұсылман жамағатының рухани ордасы болған бұл мешітке биыл 10 жыл толып отыр.

Мұрағат деректерінде Ертісбай батырдың баласы Мұстафаның би болып, құлатай-қыпшақтардың бір бөлігін басқарғандығын айтады. Мәшһүр Жүсіп бабамыз өзінің Ертісбай батыр туралы әңгімесін қорытындылай келе: «Ертісбай өзі 7 ағайынды екен, 2000 жылқылы бай екен, жігіт-желеңі сай екен. Ішіндегі көкжал көк шолағы Ертісбай екен. Өзіне кісі қаны қой қанынан оңай болса керек: «92 кісінің қанын осы қолыммен ұрттадым. Жүзге сегіз-ақ жетпей қалды», - деп отырады екен деседі...» (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ертіс бойындағы қожалар //Шығармалары. 8 том. Павлодар, 2006. – 215-216 бб.)

Осы келтірілген деректі негізге ала отырып біз Ертісбай батырдың Ертіс өңірін жоңғарлардан азат етуде зор үлес қосқан деп толық сеніммен айта аламыз. Жаугершілік заманда ерлігімен көзге түскен, сонымен қатар мыңды айдаған бай Ертісбай ел арасында ықпал-беделі күшті болғаны белгілі. «...Сол Ертісбайдың немересі Мұстафа баласы Тоғай бойының бір деген кісісі болып, жұрт аузына ілініп тұр» (219 бет) Ал Мұстафадан Қасым қажы туған.

Павлодар облыстық мұрағатындағы Қасым қажының өз аузынан НКВД қызметкерлерінің 1924 жылы жазып алған сауалнамасында Қасым қажы Ұрық болыстығының №2 ауылында туғанын айтады. (Қазіргі Павлодар ауданының Шәукен ауылы).

Ол білімі терең, жан-жақты адам болған, жеке кітапханасы әртүрлі жанрдағы әдебиетке толы болыпты. Сонымен қатар Қасым қажы сол кездегі алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларымен байланыста болған. Ұлт көшбасшылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және т.б. көптеген Алаш ардақтыларымен байланыста болғаны айтылады. Оларға қатысты деректерді жала жабылып, қуғынға ұшыраған кезінде түгелдей жасырып, жерге көмдірген дейді.

Қасым қажы 1912 жылға дейін ауыл мектептерінде мұғалім-молда болған. Өз ауылында мешіт және жаңа «жәдидтік» әдіспен оқытатын мектеп-медресесін ашыпты. Жәдидшілдік ол - ХIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басындағы Еділ бойы, Қырым және Орта Азия мұсылмандарының мәдени-реформаторлық, қоғамдық-саяси қозғалысы болғанын білесіздер.

Қасым қажы өзі ашқан медресеге Ресей және Орта Азия қалаларында діни семинарияларында білім алған адамдарды ұстаздық етуге тартқан. Сондай адамдардың бірі – Мүбәрак Уәлиұлы болды (1897-1933 жж.). Қасым қажы медресесінде көп бала оқып, кейіннен олардың бірталайы айтарлықтай жетістіктерге жеткен екен.

Қасым қажы медресесінде білім алған адамдардың ішінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын-жазушы, публицист Сәбит Дөнентаев та (1911-1912 жж. оқыған) болған. Мәселен, ақынның алғашқы өлеңдер жинағы Қасым қажы мен оның қызы Сәнияның қаржысына шығарылған. Яғни 1915 жылы Сәния Қасымқызы Ертісбаева өз қаржы-сына Уфа қаласындағы «Шәріп» баспасынан С.Дөнентаевтың «Уақ-түйек» кітабының екі бөлімін бастырып, жарыққа шығарыпты. Бұл Қасым қажы тарапынан жасалған көп меценаттық шараларының бірі ғана болса керек.

Қасым қажы ұстаздықтан басқа ағартушылық және қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол 1917 жылы Павлодарда «Ғылым» атты қоғамын құрып, Павлодар уезінің 1 ауданында мухатсиб қызметін (діни моральдің сақталуын қадағалайтын адам) атқарады. Мұхатсибтың басты міндеті – сауда-қолөнер қызметтерін қадағалау, сонымен қатар, қызметшілердің қоғамдық жерлердегі тәртібін қадағалау.

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы тоталитарлық жүйенің қалыптасуы Қасым Мұстафаұлының тағдырын қайғылы аяқтады. Ол 1932 жылы халық арасында «Ақтүрме» деген атпен белгілі Павлодар абақтысында дүниеден өткен.

Қазір Павлодар қаласы, Павлодарское ауылында Қасым қажы атында көше бар. Ондағы жалпы білім беретін орта мектебінде ұстаздар мен оқушылардың ізденісі нәтижесінде жинақталған Қасым қажы және оның ұрпақтары туралы толық мағлұматтар сақталған.

2010 жылы Қасым қажы Ертісбаев туралы тарих ғылымдарының кандидаты Әсет Жәнісовтың ҚР Орталық мұрағатынан табылған құжаттармен толықтырылған «Заманының көрнекті тұлғасы» (Алматы баспасы-2010) атты кітабы жарық көрді.

Соңғы жылдары рухани жаңғыру дүмпуімен өткенге бұрылған халықтың өшкені көптеп жануда. Қасым қажы Мұстафаұлы тәрізді боздақтарымыздың өз дәуірінде жасаған еңбегінің үлгісі жас ұрпақтың туған елге, өскен жеріне деген патриоттық сезімін нығайтуға ықпал етуі тиіс. Өйткені «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді».

Амантай қажы ТОЙШЫБАЙҰЛЫ,
Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің баспасөз хатшысы.

saryarka-samaly.kz