«...Тәніңде жүрмес жаның мәңгі,
Адамның жолы бағдарлы.
Келмеске кеткен жандарды,
Жаным жылап шын САҒЫНАМ...

....Өмір-ай, өмір ағын судай,
Адамның жаны қауырсындай.
Қиындықтарда сағым сынбай,
Жүрсем екен, жүрсең екен.
Өмір-ай, өмір сағым-киік,
Иманның алтын тәжін киіп,
Бір-бірімізді ҚАДІРЛЕЙІК,
«Тал бесіктен жер бесікке дейін...» атты осы әнді естісем болғаны, келместің кемесіне мініп кеткендерге деген сағыныштың бояуы тереңдей түскенін, жүректі сыздатып барып, алқымыма келген кермек дәмді сезінем. Қайғының түсін қара деп, сағыныштың түсін сарымен сипаттап жатады емес пе. Ал дәмі деген білесіз бе, енді қайтып көре алмайтыныңды, тілдесе алмайтыныңды, оған айтылатын сөздеріңнің титтей де енді әсері болмайтынын, саған жауап бере алмайтынын, ішіңдегіңді төге алмайтыныңды ойлағандағы шарасыздықтың запыраны бар ғой... Жүрекпен өмір сүретіндер үшін бұдан өткен ащы заһар жоқ шығар, сірә...Жәнібек Кәрменов ағамыздың толғауындағы «...Қадірі болмас адамның Ортаңда тірі жүргенде. Орны қалар ойсырап, Бір күні көрге кіргенде» дегеніндей, қадірі болмағанның өзі орны ойсырап тұрса, қадірліңді қайтерсің... «Әттең!» дейсің. Санаңда әннің енді мына шумағы жаңғырады:

«...Әр күнің шыдап дауылға,
Шағылмай асқар тауың да,
Құшағын ашқан бауырға,
Алғыс, тілек айтатын күн.

Өмірдің мәні - сыйластық,
Өмірдің мәні - өтініш.
Қалмасын іште өкініш,
«АУЫЛЫҢА» ҚАЙТАТЫН КҮН....»

Көп қой қимасымыз: қаның бір туғаның, саған жақын туысың, жаныңа жақын досың, танысың. Сол жамандыққа қимай жүретіндеріміздің ішінде маңдайымызға сыймай, таң атпай жатып, күн батып аңыратып кеткен Ардақ досымыздың орны үңірейіп-ақ тұр...

Студенттік шақ. Адамның қайта оралмас, қайталанбас, қызығы мен шышығы мол жылдар. Біздің бес жылдық студенттік өміріміз өзі айтқандай, «парталас Жаңылсын апайымен» болмаса да бір топта өтті. Әрине неміс тобындағы үш жігіттің үш түрлі әлемі бар еді. Бейбіт – айтыскер ақын, оның үстіне «бастығымыз». Мен - өзімен өзі жүрген «молдалау» жігіт, Ардақ болса өз алдына аңқылдақ, аяқ астынан салмақты бола қалатыны да бар. Басқа жігіттер де болды, бірақ бізді жіпсіз жалғайтын неміс тілінің «құдіреті» еді. Гитлердің ана тілінің «азапты» сабақтарын естен шығару еш мүмкін емес қой. Бес жыл дегенің бес ғасыр болып елестейтін. Дегенмен неміс тіліне келгенде, Ардақ жігіттердің ішінде есте сақтау қабілетімен, терімізді сықпай шығарып, жанымызды отсыз қақтаған Меруерт Төлеуқызының өзі бағалап, «у него германский акцент» (дауыс тембры ерекше еді ғой) деуімен бір елі болсын биік тұрды. Қойшы әйтеуір, бес жыл оқыған біздің (Әлия мен Әсемгүлге қиянат болмасын) тіліміздің немісше «иманға келіп» шыққанын көрмедік, мүйізіміздің де. Есесіне басымыз қосылған жерде (көбіне ватцап тобымызда) әдемі әзіл тіліне айналды. Оны да қырық құбылтатын Ардақ еді... Қырық демекші, оқып жүргенімізде құдайдыңберген қырық минөттік үзілісі болатын. Студент біткен екінші қабаттың асханасына жамыраймыз. Онсыз да мұрындарына су жетпей жүрген аспаздарда Арекеңнің шаруасы жоқ, тапсырыс қабылдап тұрған Оляға қазақша сөйлеп, қан қысымын басына көтертіп, әбден зықысын шығарушы еді. «Говори по-русски, я тебя не понимаю!» - деп көзі аларғаны оған тіпті майдай жағатын. Одан әрі қитығына тиіп, «Жәрәйд енді, нең кетет, бере салш» деген монтансыған түрін көріп, жырқ-жырқ күліп біз отыратынбыз. Бірде топтағы Ақмаралмен шәкіртақысын алып тұрып, банкомат артығымен ақша берсе керек. Біздің «Қожанасыр» болса «құдай берем десе, форточкадан да бередіге» басып, өзі жаратпай, «көппен көрген ұлы той ғой» деп, кезекті қалжыңымен асханадағы «сүйікті» Олясынан басқаларға тамақ алып беріп жүр.Бірде аш, бірде тоқ құрсақ жүретін студенттік шақта да шағымсыз-ақ өмірді қалжыңмен әрлей білгенін, кейбір қиыншылықтарын Ақмаралдан естіп, «сыр сандық» екенін арада 15 жыл өткесін ұқтық. Қайсібір қалжыңыңды айтайын, Ардаш-ау! «Кенжебаевтың пікіріне қосылмаймын, хат жазу керек!» деп қолыңды шошайтатыныңды ма, әлде еш байланыссыз «Зәки Ахметов айтты» дей салатыныңды ма, жоқ әлде бүкіл дәптеріңнің сыртына «ЮНЕСКО-ның корреспондент мүшесі, ҚР Ғылым академиясының академигі Райымбеков А.Т.» деп жазып алатыныңды айтайын ба... Естелік болсын дедің бе, өтеріңнен екі күн бұрын қалжыңға толы соңғы видеоңды ватцапқа жолдадың. Бейбіт достың дүниеге келген атұстарының қуанышына ортақтасып Ақылбекпен барған екенсің. Сөзіңнің соңын баяғы әзілмен, әзіл тілімен, немісшемен аяқтап едің...

Арамызда ең бірінші отау құрды, балалы-шағалы болды. Болашақ аяулы жары Данараға шығарған өлеңдерін дәптерінен жасырын оқып алып, мазаққа алушы едік. Қолы басына барып, саусақтарында тыным болмаса, демек, дәптерге бастың ішінен бірдеңелер төгіліп жатыр деген сөз. Бірде осындай «ұрлығының» үстінен түстік:

«Данарам, менің Данарам,
Сенсіз қалай өмір сүре алам.
Екі күн бармап едім өзіңе,
Теріскен бе, бір бәле шықты көзіме», деп, көзіне теріскен шығып, жолыға алмай жүрген кездегі «мұңын» жазыпты. Бізге ойын керек, бұны басқаша сөйлетуші едік. Сөйткен Данарасымен, құлыншағымен бірге бізге қол бұлғап кете барды... Ардақ дос қысқа ғұмырында біршама мағыналы, маңызды істердің басы-қасында болып, елеулі қызмет атқарып кетті. Әлі де берері мол, толысқан дер шағы еді, амалымыз нешік. Оның зілсіз қалжыңдары мен риясын күлкісін әлі талай сағынатын боламыз... Ел үшін қызмет етті, аз өмірімен көпшілікті мәз ете білді. Еңбекқор, тынымсыз еді. Ерте кетті... Өмірі шалт еді... Жарқ етті де, бізбен қош айтысты... Өзі оқитын Ж.Ерманның «Өз үйім» өлеңіндегі «...осында бүкіл қазынам, кездерім болса қажыған, әңкі де тәңкі басымды, осында тығып жазылам...» дегеніндей, мәңгілік мекеніне тірліктің даңғырынан тыныс таппаққа...Өзінің кезекті қалжыңымен «да ну, қыздар, қойыңдарш» деп көзінің астымен сүзіле қарап, қолынан түспейтін қара папкасымен кетіп бара жатқандай болады...

Ардаш соңғы кездері ауылы, ел жайлы өзінікі болсын, өзгенікі болсын, өлеңдерді жиі оқып, әлеуметтік желіде жарияланып жүрді. «Ау, Ареке, тыныштық па? Бір жаққа асығыстық бар ма?» деген қалжыңымызға «Елге қайт, Ғалеке, елге. Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп қағытып еді. Шынымен, сағатың жақындағанын сезгендей екенсің ғой, досым... Бақұл бол, Ардаш! Иманың жолдас болсын, Бауырым! Періште құлының шапағатшыларың болсын, Алла Жанұяңмен жаннатынан орын нәсіп етсін... Алла артында қалған көзінің ағы мен қарасындай болған өрісі мен ырысына ғұмыр берсін!

Курстас достарының атынан
Ғабдұл-Ғани ЫСҚАҚ.
Малайзия.


Үш жұлдызға айналып кеткен үш үміт

Ол нағыз мәдениет қайраткері еді, талантты өнерпаз екенін де танытты. Ақындық, әншілік, сазгерлік дарын-қабілеті қандай еді, шіркін! Жергілікті танымал ақындардың да өлеңдерін жатқа оқып, өнерсүйер қауымға паш етіп жүретін жайсаң мінезді жан еді ғой!

2017 жылы Райымбеков Ардақ Тәттімбекұлының облыс мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы қызметіне келуін құп көріп, ризашылық сезімімізді білдірдік. Солай десек те, шығармашыл зиялыларға, өнер адамдарына басшылық жасау оңай емес екені жұртшылыққа аян. Біздің өңірде де қоғамдық қалыпқа сыймай, бастарын тауға да ұрып, тасқа да ұрып жүретін талантты ақындар бар, сондай-ақ олардан өздерін зор тұтпаса кем тұтпайтын суретшілер, композиторлар, әншілер, музыканттар, сахна шеберлері бар...

Оның өзі сол шығармашыл зиялылардың өкілі еді. Сондықтан шенеуніктік менмендік кеселін бойына жұқтырған емес. Әріптестерінің барлығымен ортақ тіл тауып, білімі мен білігін облыстың мәдениет саласын көркейтуге жұмсай білді.

Әдетте, басқарманың тәжірибелі басшысы сала қызметкерлерінің өтініштерін, тілектерін, ұсыныстарын өзінен жоғары лауазым иелеріне жібермей, өзі қабылдап, өзі оң шешімін табады. Ардақ Тәттімбекұлы да солай істеді, жалпы қызметін кәсіби біліктілікпен атқаратын басшылардың бәрі солай істейтін.

Ертіс-Баян өңірі ақын-жазу-шыларының мәдениет пен өнер салаларын жаңғыртуға байланысты идеялармен немесе өздерінің кітаптарын шығару ісіне я мерейтойларын өткізу шарасына қатысты сұрақтармен басқарма басшысының алдына баратынын мен жақсы білемін. Иншалла, оның іс-әрекетіне көңілі толмай, әкімнің не оның орынбасарының алдына барған ешкім жоқ! Өйткені ол әрбір мәселені жауапкершілікпен қарап, әділ шешім шығаратын.

Ардақ Райымбеков көркем мінезімен де өзге басшылардан ерекшеленді. Жеке өз басыма қатысты жайттарды айтайын, екеуміздің қарым-қатынасымыз өзара сыйластыққа негізделді. Биыл туған күнімде және журналистердің кәсіби мерекесі күні шағын сый-сыяпатымен үйіме келіп құттықтап еді-ау! Төрде отырып домбыра тартып, ән шырқағанында үйімде әп-әдемі кеш жүргізіліп жатқандай тамаша көңіл күйге бөлендім. Білдей басқарманың басшысы бола тұра, өзінің қарапайым жан екенін әрі мәрт мінезді азамат екенін таныту тек оған тән асыл қасиеттердің белгісі ме деймін.

Ол өмірден өткен хас дарын-дардың да өнерін әспеттей білді! 2016 жылы, қараша айында екібастұздық әйгілі ақын, әнші, сазгер Алмагүл Жүгінісованың үш жолаушымен бірге жол-көлік оқиғасына ұшырап, қаза табуы, соңында анасы мен екі перзентінің аңырап қалуы шығармашыл зиялыларға төбесінен жай түскендей әсер етті!

Ал Ардақ болса С.Торайғыров атындағы ПМУ-де Алмагүлмен бір факультетте оқып, бірге тәмамдаған екен. Әрине, бұл қаза оған тіпті ауыр тиді. Басқарма басшысы қызметіне тағайындалған соң Естай атындағы мәдениет сарайында Алмагүл Жүгінісованы еске алу кешін ұйымдастырып, одан түскен қаржыны марқұмның отбасына табыс еткені есімде. Сөйткен есіл ердің өзі биыл тамыз айында жанындағы үш жолаушымен бірге жол-көлік оқиғасына ұшырап қаза табатынын кім білген! Дарынды өнерпаздардың өмір жолы да, өнер жолы да ұзақ болуы керек еді ғой... Дегенмен, Алланың әміріне айтар уәжіміз бар ма, пешенесіне 35 жас қана жазылыпты, амал не...

Бұл шақтарда Ардақ бауырымыз жан жары Данарамен және үш жасар ұлы Нұржолмен бірге мынау фәни жалғанда жүрген бізден қырық күншілік жерге алыстады. Олардың тәндері Шәмші ауылының қойнында мәңгілік тыныштыққа бөленіп, рухтары бір кездегі аталарымыз бен әжелеріміздің жандары жайланған бақилық әлемге қарай бара жатыр. Соңында қысқа болса да жап-жарық өмір жолдары қалды. Жарқын бейнелері жоқтау жырлардан, өксікті естеліктерден жалт етіп көрініс беруде.

«Үш жұлдызға кетті айналып үш үміт,
Үшеуін де Құс жолына ұзаттым.
Беймезгілде балапанын ұшырып,
Қалжырады ғасырдан да ұзақ күн.

Көк төсінде сұңқылдаған құс кілең
Керуен құрап көкжиекке ұшты да.
Мәшһүр Жүсіп мешітінің үстінен
Үш айналып ұзады үнсіз үш тырна...»

Жаратқан Иеміз үшеуінің көрмеген қызығын енді Ардақжанның анасы мен екі перзентінің көруіне жазсын және жасамаған жасын сол үшеуінің жасауына нәсіп етсін.

Боздақтардың жандары жаннатта болғай!

Арман ҚАНИ,ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры.

 

saryarka-samaly.kz