Қосым жайлы бірер сөз

Бүгінгі Екібастұз көмірі - ол тап-таза Қосымның еңбегі. Ағылшындардың сұрауымен, жергі-лікті орыс байларының өтінішімен бұл жердегі көмірді көрсетіп бермегенде, қазіргі шаһардағы алып көмір кеніштері, электр стансалары болмас та еді...

Қосым Пішенбайұлы (бір деректерде әкесі Бешімбай деп аталып жүр) 1844 жылы Баянауыл өңірінде туған. Жаратқанның бойға берген ерекше сыйы болар, Қосым бала шағынан тау-тасты кезіп, шалғай жерлерді аралауға құмар болыпты. Ол тұста жер барлаушы, геология ғылымы дегенді қазақ түсінбейді. Ешқандай кәсіби білімі жоқ Қосым жігіттік шаққа дейін салт атпен, түйемен біраз өңірді шолып, сол тұста-ақ болашақ кен көздерінің біразын зердесіне түйіп үлгерген. Осы бір елден ерек қасиетін ауылдастары жақтырмай, «Кезбе Қосым» деп атап кеткен деседі.

Алдымен айтарымыз, Қосым Пішенбаевтан қалған ұрпақ бүгінде бар. Кейбіреулер 32-нің аштығында оның барлық отбасы қырылып қалды деп ойлайды. Жоқ, шындығында одан Әбіш, Мұқыш дейтін екі ұл қалған. Әбіштен Қайша, Қатыкен, Хадиша атты қыз балалар туған. Хадишаның қызы Рымтай кішкене шағында нағашы атасы Әбіштің қолында өскен. Рымтайдан бүгінде Гауһар, Гүлнәр деген екі қыз тарап отыр. Оның бірі - Қарағанды жақта тұрады деген дерек бар. Өкінішке қарай, Қосымнан еркек кіндік ұрпақ қалмаған. Десе де, оның аталас туысы Амантай Ақышұлы Есімбаев, бүгінде көзі тірі, шежірелі қарттардың бірі. Екібастұз шаһарында тұратын ақсақалмен жолығып, көп жайттың анық-қанығын дұрыстап алғанды жөн санадық

Қосым Құлболдының Майлытонынан тарайды. Майлытонның кейінгі ұрпақтарының бірі Қоныс. Қоныстың төртінші әйелінен Пішенбай туған. Пішенбайдан Қосым мен Есімбай кіндік таратты. Есімбай - Амантай ағамыздың атасы. Амантай Ақышұлы - бүгінде Пішенбай әулетінен қалған жалғыз ер азамат. Былтыр дәм жазып, Амантай ағамыздың үйінде болғаным бар.

- Шырағым, «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ», дегеннің кебін киіп жүрген жайым бар. Қосымды қаңғып өлді, артында ұрпағы жоқ дегенді естіп, оқып жүрегім ауырады. Келгенің жақсы болды, бар білерімді саған айтып берейін, - деп қуанып қалған еді ағамыз сол жолы.

«Қосымды көрген, онымен бір шаңырақ астында күнелтіп, талай қиындықты бірге бөліскен азаматтармен дастарқандас болдым. Соның бірі Жұмат Шанин ауылында тұрған марқұм Әбдірахман ақсақал еді. 1970 жылдардың аяғында «Южный» (Жұмат Шанин) совхозына зоотехник болып барғанда, Әбекең көп жайтты ақтарған еді. «Қарағым, мен өлсем мойнымда қарыз болып қалады. Қосекең 88 жасқа келіп қайтты. Үш адам өз қолымызбен жерледік, оның бірі мен едім. Саған жерленген жерін нұсқап кетейін» деп, мені Мақаш қыстауына алып барып, сол жердегі көп зираттың арасынан Қосымның қабірін көрсетіп кетті. Кейін басына ескерткіш тас орнатып, айналасын қоршадық.

Әбекең өле-өлгенше Қосымның аруағына риза болып кетті. 1932 жылдың аштығында Мақашта 5-6 отбасының аман қалуына Қосым тікелей себепкер болған екен. Соның арасында Әбдірахман отбасы да бар. Сол жылы жазда-ақ жер танығыш Қосекең биыл жұт болғалы тұр, ертерек қамданайық деп өзі жақсы білетін ер азаматтарды тізе біріктіруге шақырады. Елде асыра сілтеудің қызып, жұртшылықтың малы тартып алынып жатқан кез. Осы жазда-ақ сай-салаға босып жүрген аш-арықтар толып кетеді. Аш адам жыртқыш адамнан да қауіпті. Қосымның жөн сілтеуімен жаңағы 5-6 отбасы бір үйге келіп қоныстанады. Үйде адам қарасы көп болса, жалғыз-жарым жүргендердің азық іздеп келуге жүрегі дауаламайтыны айқын. Қосекең қолда қалған барлық мал-мүлік, тері-терсекті Қоянды жәрмеңкесіне айдатып, бидай, шай, қант секілді қат азықтарға айырбастатады. Атпен алып келгенде бидай 6 қап шыққан екен. Қосым «бұл бидай біздің әулеттеріміздің ғұмырын жалғауға бірден-бір себепкер болады. Осыны көздің қарашығындай сақтауымыз керек» деп, әлгі үш бөлмелі үйдің жал пешін бұзғызып, ортасынан қуыс қалдырып, барлық дәнді сол жерге төгіп, қайтадан қалатып тастайды. Әйгілі 32-нің қысында бұл үйдегі барлық жан осы бидайдан күніне қуырып жеп, жан сақтаған екен. Олардың арасында қос ұлы - Әбіш пен Мұқыш бар. Міне, бұл да Қосымның бір ерлігі еді.

Өкінішке қарай, осы қыста Қосым көз жұмады. Аштықтан емес, аурудан. Сол жылы Майқайыңнан ағылшындардың барлық өндірісті тастап, үдере кетіп жатқан кезі. Алғашқы қар түскенде ағылшындар кен орындарын тастап, қос ат жеккен шаналарымен көше бастайды. Сонда атамыз: «Шіркін, бұл шаналардың іші алтынға толы, біреуін қолға түсірсек, арман не!» деген екен. Сөйтсе, әлгі шаналардың екі шеніндегі ағаштарының іші ойылып, түйір алтынға толтырылған екен. Сырт көзге байқалмайтын ағылшындардың қулығын Қосекең бұрыннан білген ғой. Атамыз күздің қара суығында түйесіне мініп, ағылшындарды торуылдап кетеді. Алайда, жолы болмай, қарулы әскерден сескеніп, шананы қолға түсіре алмай қайтады. Ұзақ жол жүріп шаршап келген, оның үстіне жүдеген Қосекеңнің жасы да сыр бере бастаған уақыт. Төсек тартып қалған. Сол қыста о дүниелік болады. Сонда бір үйде қоныстанған Әбдірахман, Жәмін және тағы бір (атын ұмыттым) азамат, үшеулеп Мақаштағы зиратқа әкеп жерлеп, үстіне ескі үйлердің бірінен қалған есікті жапқан екен. Топырақтың тоң болып қалғаны соншалық, сүймен батпай, ескі зираттың қабырғасын құлатып, қабірді соның астынан қаздық деп отыратын Әбекең».

Амантай ағамыздың айтуынша, Майқайыңның қызыл алтыны Қосымға дейін де белгілі болған. Ертеде бұл жерде тибеттік монахтар біраз уақыт кен өндірген деседі. Кейін алтыны таусылды деп болжанған екен. Алтын іздеген ағылшындарға Қосым бұл жерде әлі де болса алтынның мол қоры бар деп көрсетіп берген. Сөйтіп бұл маңда елдің қоныстануына, аймақтың дамуына үлес қосады. Ол орыстың көпестері мен ағылшындарға «землемер» болып жалданып жұмыс істеп, ақысына ақша алып отырған. Майқайыңның алтыны Ертіс өзені арқылы пароходпен тасыла бастаған кезең бұл. Тауарды кеме айлағына дейін пар өгізбен жеткізу (тіке жолмен жүргенде 110-120 шақырымдай болады) аса қиындық туғызатынын байқаған ағылшындар кен орнынан қазіргі Ақсу қаласы орналасқан аумаққа дейін теміржол сала бастайды. Енді паровозды жүргізетін отын- көмір қажет еді. Қосым бастаған жер барлаушыларға шұғыл түрде жақын жерден көмірдің бай кен орнын табу міндеті жүктеледі. Қосым бұл тұста да өз міндетін адал атқарды. Қазіргі Екібастұз көмір алабынан алғашқы көмірді тауып, жер бетіндегі ең ірі кенішке қазық қақты. Бұл туралы верхотурлық көпес Александр Бенардакидің хабарламасында айқын көрсетілген.

Қосым жайлы аңыздар көп. Оның «атаман Өске»-мен егескені, қорқау қасқырды өлтіргені, тіпті, елде бидай мен картоп, темекі жапырағын өсіргені жайлы да әңгімелер жетіп артылады. Анығы, ол тума дарын иесі болды. Елге, жерге жасаған жақсылығы көп болды дейді білетіндер. Тұлғаның еңбегін елге танытып, ұрпаққа насихаттау үшін Қосым жайлы зерттеулер жүргізу қажет.

Қосымның есімі қалаға лайықты!

Жоғарыда айттық, Қосымның басына заманға сай кесене тұрғызылды деп. Нысанға «Богатырь Көмір» ЖШС 5 млн. теңгеге жуық қаржы бөлгізіп, құрылысына Ақтаудың ұлутасы әкелініпті. Туған жеріндегі бас көтерер жұрағаттары да қарап қалмай, Әнет баба қыстауын жайлап отырған Қосыммен аталас ағайындар – Сүтжан, Сәтжан, Сәкен, Солтан атты ағалы-інілілер құрылысшылардың ас-суына, материалдарды тасып-жеткізуге қол ұшын беріп, сауапты істі бірге атқарғандарын айтады облыстық мәслихат депутаты Орал Сартаев. Орал Рахмашұлының өзі де - Қосым атауын жаңартуға лайықты үлес қосып жүрген ел ағаларының бірі. Білуімізше, ескі зират бұған дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданның өңірлік сакралды орындары қатарына енген. Былтыр Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадырова әлеуметтік желіде Қосекеңнің жүдеп тұрған зиратының суретін жариялап, онысы кеншілер қаласының сол кездегі әкімі Қайрат Нүкеновтің назарына алынған еді. Қайрат Теміршотұлы оны жаңарту жөнінде бастама көтеріп, «Богатырь Көмірге» ұсыныс тастаған екен. Бұл жоба-жоспар қаланың қазіргі басшысы Нұржан Әшімбетовтің тұсында жалғасын тауып, деріне жеткізілгені - қуан-тарлық жағдай.

Ендігісін Баянауыл жұрты мен Екібастұз қаласының билігі келер жылы Қосым Пішенбаевтың 175 жылдығын атап өтуді ойға алып отырған көрінеді. Осы орайда тұлғаның мерейтойы облыс көлемінде лайықты атап өтілуін әрі оны облыс билігі өз назарына алғанын қалаймыз. Екібастұз секілді алып өндірістік аумақтың негізін салып берген кентанушының қай еңбегі болсын атауға тұрарлық. Соңғы деректерге сүйенсек, Қ.Пішенбаев еліміз бойынша 20-дан астам кен орнын алғаш болып ашқан. Оның ішінде Екібастұз, Майқайың, Жосалы, Көктас, Желтау, Жартас, Үшқатын, Үшқара, Қарақұра сияқты кен орындары бар.

Кезінде ғұлама Қаныш Сәтбаев «дала академигі» деп атаған Қосым Пішенбайұлының есімі бүгінде лайықты бағаланбай отырғаны өкінішті. Тұтастай қазақ елінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген әйгілі кентанушының атында Екібастұз қаласында бір көше мен орта оқу орны бар. Екібастұздың зиялы қауымы кеншінің есімін «Богатырь Көмір» серіктестігіне беру туралы ұсыныс тастап отыр деген ақпарды естідік. Біздіңше, қаланың өзін Қосымның есімімен атау туралы ұсыныс жасаған абзал болар. Кеншілер мен энергетиктердің мақтанышына айналған «Екібастұз» тарихи атау болғанымен, көмірлі шаһардың түп негізін салған тұлғаның есімі елді мекен атауын иеленуі - заңдылық! Кезінде Қарағанды облысында ұзақ уақыт Никольский аталып келген шаһардың өзі де 1990 жылы Сәтбаев деп аталғаны есімізде. Сондықтан Қосымның 175 жылдық мерейтойын «Қосым шаһары» деген әдемі атаумен бастасақ, қандай жарасымды! «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілді әсте есте сақтаған дұрыс болар.

Тағы бір ескеретін маңызды жайт, Қосымның кесенесі облыс орталығынан 310, Баянауылдан 90 шақырым жерде орналасқан. Аудан орталығынан апаратын жол бүгінде өте нашар күйде. Асфальт жабыны жоқ, ой-шұңқыры көп жолдың азабын шеккендер бұл жаққа бір келсе, екінші қайтып ат ізін салуға жүректері дауаламайды. Әсіресе Жұмат Шанин ауылына дейінгі грейдер жолдың күйі адам шошырлық. Осыны аудан, облыс билігі ескеріп, көлік жүруге қолайлы жағдай тудырса дейміз. Есесіне, Қосым кесенесіне баратын туристердің қарасы көбейіп, ал ауыл адамдары жол азабынан құтылар еді.

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz