- Бақытжамал Шаханқызы, әңгімеміздің әлқиссасын Зара апамен кездескен ең алғашқы сәтіңізден бастасақ...

- Зара апайды мен оқушы күнімнен білемін. 8-сыныптан бастап Павлодар қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-лицейінде оқыдым. Сол кезде Зара апайым осы білім ордасында география пәнінің ұстазы еді. Өзімді қаршадай кезімнен осы кісінің алдын көріп, тәлімін алғаным үшін бақытты санаймын. Зара апай мен үшін ұстаз ғана емес, әрі ақылшым, әрі досым, әрі анамдай болған жан еді. Әр кезде Александр Македонскийдің «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін», - деп айтатын сөзін жиі айтатыным сондықтан.

- Зара апамыз қандай ұстаз еді?

- Дүниедегі мамандық иесінің төресі – ұстаз. Жалпы, мұғалім мамандығын барлық мамандықтың анасы деуге болады. Міне, осы ұстаз деген ұлы атты Зара Қабдешқызы биік ұстады. Ол кісі жан-жақты адам еді. Бізге география сабағынан білім бергенімен әдебиетке деген құштарлығы өзгеше болатын. Сөзге шешен, әрі ойындағысын әсерлі жеткізетін. Сабағын қызықты етіп өткізетіні соншалық, түгел сынып мұғалімді ұйып тыңдайтынбыз. Зара апайдың ел білмейтін тағы бір қыры бар. Яғни, мектептің хореограф маманы да осы кісі болатын. Әлі есімде, би үйреніп жүрген кезімізде біздің қолымыз бидің икеміне келмей, майыспай жатса, апай жайлап «қолдарың ағаш болып қатып қалған ба?» деп қолымыздан қағып қалатын. Өз ісіне келгенде тым талапшыл еді. Сол кісінің арқасында әртүрлі билер үйреніп, талай мерекелік кештерде сахнадан табылып жүрдік. Жалпы, Зара апайдың тал бойында бір мін жоқ, талдырмаш келген, сұлу болатын. Ол кісінің ән айтқанын естісеңіз, таңдай қағар едіңіз.

Зара Қабдешқызы ұстаз деген ардақты атты аса қадірлеп өтті. Шәкірттері де ол кісіні өте құрметтейтін. Біздің сынып ол кісінің ең алғашқы оқытқан балалары болатын. Олардың қатарынан талай халық сөзін сөйлейтін, елі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар шықты. Осының бәрі Зара апайдың өлшеусіз еңбегі мен білімге деген махаббатының арқасында деп білемін.

- Зара апайымыздың еңбегі «Мұсылман әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы болған жылдары ерекше бағаланды десек, артық айтпаспыз. Бұл салада да сіздер егіз қозыдай қатар жүрдіңіздер...

- Дұрыс айтасыз, ол кісі менің өмірімдегі бағдаршамым іспетті еді. Қолға алған әрбір ісімізді бірге атқаруға тырыстық. «Мұсылман әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігі ақ жаулықты аналардың басын біріктіріп, бала тәрбиесін, жас аналарды дұрыс жолға қоя отырып, өмір бойы ұрпақты тәрбиелейтін аналар қауымы екенін жақсы түсініп, лиганың әжелеріне осы билікті ол сеніп тапсырды.

«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген зерделі сөзді үнемі өзінің айналасындағы ақ жаулықты аналар мен жас келіндердің құлағына құйып отырды. Аналардың бойында имандылық, адамгершілік мол болса, ол ұрпаққа ана сүтімен, тәрбиемен берілетінін күнделікті тәжірибеден байқауға болатынын кейін түсінгендей болдым.

Зара Қабдешқызы тек қана «Мұсылман әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің ғана емес, бүкіл облыстық ассамблеяның алтын қазығына айнала білді. Себебі еліміз бойынша аналардан құрылған бірлестікті Қазақстан халқы Ассамблеясының қатарына қосу тек осы кісінің ғана қолынан келді. Бүгінгі күнге дейін бұл істі Қазақстанның өзге өңірлері әлі іске асыра алмай жүр.

Ақ апам үнемі адамдарға ақыл-кеңесін айтып, ақ жаулықты аналардың қоғамдағы орнын айқындап, бізге татулық, ауызбіршілік, достық ұғымдарын кеңінен насихаттап отыратын. Ол кісі өмірінің соңына дейін қоғамның ұйытқысы ретінде көріне білді. Жас ұрпаққа өз тілін, дінін, ар-намысын бірінші орынға қоюды үйретіп, ұлт болашағын ойлады.

- Зара апай ХХІ ғасыр жастарының тәлім-тәрбиесіне де қатты толғанды...

- Иә, апайды соңғы жылдары ең көп мазалаған сұрақ жастардың тәлім-тәрбиесі, әсіресе қыздардың болашағы болды. Қолға алған әрбір ісінде әйел адамның қоғамдағы орнын көрсетіп, жас қыздарды ел басына күн туған кезде ерлермен иық тірестіріп жаумен айқасқан батыр ару-аналардың ерлігі мен өнегесін үлгі етіп айтып отырды. Ол үнемі «Ұлтты тәрбиелеймін десең, алдымен қыз балаға тәрбие беріңдер!» деп айтып отыратын. Осы сөздің астарын енді түсініп жатырмыз.

- Бүгінгі таңда дәстүрлі түрде тойланып келе жатқан «Қымызмұрындық» мерекесін жаңғыртқан да осы кісі. Жалпы, қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрін қазіргі қоғамға қайта оралтуда Зара апаның қосқан үлесі ұшан-теңіз. Біз білмейтін тағы қандай еселі еңбектері бар еді?

- Ол өте тынымсыз адам еді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін. Ойына алған ісін шегіне жеткізбей тоқтамайтын. Бірде Зара апай: «Қымызмұрындық» мерекесін өткізсек қалай қарайсыңдар? Бұл той Елордадан бастау алып отыр», - деді. Лига мүшелерінің барлығы бір ауыздан қолдады. Сөйтіп, ата-бабамыздан мирас болған мерекемізді жаңғыртып, Ертіс-Баян өңірінде 1997 жылы республика бойынша бірінші болып «Қымызмұрындық» мерекесін дүркіретіп тұрып өткіздік. Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары аталмыш мереке тек қана қала көлемінде ғана ұйымдастырылып келді. Кейіннен бұл игі бастамамыздың ауқымы жыл өткен сайын кеңейе түсті. Аймақ басшылығының үлкен қолдауына ие болған «Қымызмұрындық» елдегі ауызбіршілікті, татулықты нығайтуға зор септігін тигізді.

Сонымен қатар Зара апай қыз-келіншектерге қазақ салт-дәстүрлері бойынша үнемі ақыл-кеңесін айтып, оларды кеңінен түсіндіруге тырысатын. Сондай-ақ, Құрбан айт мейрамын ерекше махаббатпен тағатсыздана күтетін еді.

- Зара апамыздан кейін өңірдегі ақ жаулықты аналардың басын қосатын қоғамдық бірлестіктің тізгінін өзіңіз алдыңыз. Ұстазыңыздың сенімін ақтай алдым деп ойлайсыз ба?

- Жасыратыны жоқ, Зара апай мені өз орнына ұсынған кезде жүрексіндім. Ол кісіге «Сізден кейін бұл жерде қызмет атқара алмаймын. Себебі сіздің сеніміңізді ақтай алмауым мүмкін» дегенімде «Мен сенің жұмысыңа араласпаймын. Қиналып жатсаң кел, ақыл-кеңесімді аямаймын. Бірақ сенің ісіңе үнемі көз қырымды салып жүремін» деген еді. Тіпті, менің қарсылығыма да қарамады. Бұл 2013 жыл еді.

Ал сенімін ақтай алдым ба, жоқ па, оның төрешісі - көпшілік. Бірақ ана ретінде, ақылшы ұстазым ретінде мен ол кісіге қарыздармын.

- Бақытжамал Шаханқызы, ұстазыңызды еске алып, естеліктерімен бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz