Бесінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша студенттеріміз 8 алтын, 2 күміс және 8 қола медаль олжалады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Отандастарымыз бұған дейін қатысқан қысқы Универсиадаларда мұндай жетістікке қол жеткізген емес.
Алматы аламанына дейін қазақстандықтардың ең үздік нәтижесі осыдан екі жыл бұрын өткен Универсиадада тіркелді. Словакия мен Испанияда қатар ұйымдастырылған сол додада спортшыларымыз 5 алтын, 6 күміс жүлде еншілеген-ді. Жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Араға екі жыл салып, алтын және жалпы медаль саны бойынша рекордтың мұрты бұзылды. Әрине, отандастарымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Себебі, Алматы Универсиадасы жуан ортасына енді ғана жетті.
Осы орайда, Қазақстанның 2000 жылдан бергі қысқы Универсиадалардағы нәтижелеріне тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. 2003 жылы студенттер ойынын Италияның Тарвизио қаласы қабылдады. Бұл додада қазақстандықтарға
2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль бұйырды. Жалпыкомандалық есепте 10-орыннан көрінді.
2005 жылғы Универсиада Австрияның Инсбурк қаласында ұйымдастырылды. 53 елдің спортшысы сынға түскен дүбірлі додада отандастарымызға 4 алтын, 1 күміс және 2 қола бұйырды. Жалпыкомандалық есепте 7-орынға жайғасты.
2007 жылғы Турин Универсиадасында (Италия) Қазақстанның қыз-жігіттері 2 алтын, 1 күміс және
2 қола медаль еншіледі. 55 мемлекет қатысқан байрақты бәсекеде біздің елдің құрамасы 13-орыннан көрінді.
Харбин Универсиадасынан (Қытай, 2009 жыл) қоржынымыз бос қайтты.
2011 жылы қысқы спортты серік еткен әлемнің спортшы-студенттері Түркия жерінде бас қосты. Эрзурум қаласындағы жарыста 1 алтын, 5 қола бұйырды. Жалпыкомандалық есептегі нәтиже – 17 орын.
2013 жылы Универсиада Италияның Трентино шаһарында өтті. Қазақстан 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдемен 15-орыннан көрінді.
Биылғы Алматы Универсиадасының жөні бөлек. Студенттеріміз жалпыкомандалық есепте топ жаруы мүмкін. Спорт мамандары биылғы додадағы негізгі бәсеке Қазақстан мен Ресей спортшылары арасында өтеді деп болжаған-ды. Шын мәнінде, екі елдің спортшылары да бірінен-бірі қалыспай, жүлдеден «үй тұрғызуда». Мәреге қайсысының бірінші келерін уақыт көрсетеді, әрине. Күтейік.

Төртінші күні - 4 алтын

Универсиаданың үшінші жарыс күнінде жанкүйерлердің үміті ақталмады. Жарыс жолына шыққан қыз-жігіттеріміздің бәрі жүлделер ауылына қадам баса алмады. Ал доданың төртінші күні табысты болды.

Алдымен биатлоншыларымыз қуантты. Галина Вишневская 7,5 шақырымдық спринттік жарыста топ жарды. Нысананы көздеуде бір мәрте қателікке бой алдырған ол, қашықтықты 21 минут 43.1 секундта жүріп өтті. Екінші орын украиналық Яна Бондарьға бұйырса, ресейлік Анастасия Егорова үшінші орынды иеленді. Ал павлодарлық биатлоншы Дарья Усанова жетінші орынмен шектелді. Естеріңізге сала кетейік, Г.Вишневская бұған дейін Алматы Универсиадасының 15 шақырымдық жарысында күміспен күптелген болатын.
- 15 шақырымдық сайыста алтын жүлдеге қол жеткізе алмағандықтан, бұл жарыста тұғырдың биігінен көрінуді мақсат еттім. Ату кезінде бір ғана қателік жіберіп, мәре сызығын бірінші боп кестім. Қолдау білдіріп, жігерлендірген жанкүйерлерге мың алғыс. Олар маған өз елімде өтіп жатқан Универсиаданың алтынын алуға көмектесті. Ендеше, жеңісімді соларға арнадым, - деді жарыстан кейін журналистер қауымының сұрақтарына жауап берген Г.Вишневская.
Сондай-ақ, 10 шақырымдық спринт жарысында Роман Ереминнің де қанжығасы майланды. Ол қос ресейлікті алға жіберіп, үшінші орынға тұрақтады. Дәл осы сында Павлодар облысының үш спортшысы бақ сынады. Өкінішке қарай, Антон Пантов (6-орын), Максим Браун (20-орын) және Тимур Куц (16-орын) сенімді ақтай алмады.
Қазақстан құрамасына кезекті алтын жүлдені фристайл спортының өкілі Юлия Галышева сыйлады. Фристайлдың могул бәсекесінде сынға түскен ол, 73,80 ұпай жинап, Универсиада чемпионы атанды. Күміс пен қоланы ресейлік Анастасия Первушина мен австриялық Катарина Рамзауэр өзара бөлісті.
- Алматы Универсиадасының алтынын олжалағаныма қуаныштымын. Ерекше толқып тұрмын. 2011 жылы Қазақстанда өткен Азиада да осындай күй кешіп едім. Бәлкім, туған жерімде ұйымдастырылған жарыс болғандықтан шығар. Жанкүйерлердің қолдауы қашанда күш береді. Мен бүгін олардың қолдауын сезіндім, - дейді Ю.Галышева.
Бұл күні Ю.Галышеваның жеңісті жолын әріптестері – фристайлшылар Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков жалғады. Алғашқысы Универсиада чемпионы атанса, соңғысы қоланы қанағат тұтты. Күміс жүлде ресейлік Сергей Шимбуевтің еншісіне тиді.
- Бұл менің соңғы Универсиадам. Сондықтан жеңімпаз атанғым келді, - дейді Дмитрий Рейхерд. - Осыдан екі жыл бұрынғы Универсиадада екінші орынмен шектелген едім. Енді, міне, алтын да бұйырды. Мен үшін бұл жетістіктің мән-маңызы айрықша. Осы белесті бағындыруыма көмектескен жандардың бәріне басымды иемін.
Төртінші жарыс күніндегі төртінші алтын жүлденің иегері – Иван Люфт. Ол спринт жарысында алдына қара салмады. Сонымен қатар, тағы бір қазақстандық шаңғышы Анна Стоян қоланы олжалады.
Осылайша, 2 ақпан күні қазақстандық спортшылар жалпы саны 7 медаль ұтып алды. Оның төртеуі – алтын, үшеуі – қола медаль.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін биатлоншы Алина Райкова мен фристайл акробатикадан Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек жұбы Қазақстанға алтын сыйлаған еді. Конькимен жүгіруші Екатерина Айдова мен жерлесіміз Анна Шевченко (екі мәрте) қола жүлдегер атанған-ды. Сондай-ақ, Галина Вишневская (күміс), Жанбота Алдабергенова (қола) және Жібек Арапбаева (күміс) ел мерейін өсірген болатын.


Билет дауы

Алматыда Универсиада жарыстарына, әсіресе, жабық кешендерде өтетін сайыстарға билет таппай жүргендер көп. Әлдеқашан сатылып кеткен көрінеді. Алайда, спорт кешенінің ішіне енсеңіз, бірнеше сектордың бос жатқанын аңғарасыз. Сонда бұл қалай болғаны?!

Жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары билет тапшылығына байланысты әлеуметтік желілерге өз наразылықтарын білдіре бастады. Осыны ескерген Алматы Универсиадасының дирекциясы нақты шешім қабылдады. Сөйтсек, оның көпшілік білмейтін мынадай құпиясы бар екен.
Әу баста Универсиаданы тамашалау үшін Алматыға 30 мыңға жуық шетелдік маман келеді деп айтылған-ды. Бірақ Алатаудың баурайындағы доданы тамашалауға келгендердің саны 3 мыңның шамасында екен. Ал спорт кешендеріндегі бос орындар соларға деп сақталған. Солар деп отырғанымыз - Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) өкілдері, ресми делегациялардың мүшелері, спортшылар мен журналистер. Сатуға болмайтын мұндай квотаның үлесі әр жарыстағы жалпы көрермендер орнының
30 пайызға жуығын құрайды. Универсиада жарыстарына көрермендер тарапынан сұраныс туындап отырғандықтан, FISU басшылығы ұйым үшін сақталып қойылған орындардан бас тартуда. Осылайша, FISU халықаралық ұйымға тиесілі квотаның 90 пайызға дейінгі үлесін еркін сатылымға шығару туралы шешім қабылдады.
Сөйтіп, 2 ақпаннан бастап Универсиада жарыстарына арналған билеттер, оның ішінде, мәнерлеп сырғанау, хоккей секілді көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие сайыстардың билеттері сатылымға түсті. Оларды билет сатумен айналысатын операторлардан онлайн және офлайн режимде алуға болады.
Сондай-ақ, сұраныстың көптігіне байланысты «Ticket Day» жүйесі бойынша жарыстарға қосымша билеттер сатылмақ. Яғни, қандай да бір іс-шаралар аясында отыруға арналған орындар саны толығымен сатылып кеткен жағдайда, билеттер орталықтандырылған сатылым жүйесіне шығарылады. «Ticket Day» дегеніміз - орынсыз сатылатын билеттер. Яғни, жарысты түрегеп тұрып тамашалайсыз. Мұндай билеттердің саны спорт нысандарының сыйымдылығы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес ескерілетін болады.
Билеттерді көптеп сатып алып, оларды қайта сатумен айналысып жүргендер де жоқ емес. Алматының Орталық стадионының алдында (спорт нысандарына баратын автобустар осы жерден жөнелтіледі) тәртіп сақшылары билет сатып жүрген төрт адамды қолға түсірді. Олардан 80 билет тәркіленген. Осындай келеңсіздіктер қайталанбас үшін Универсиада дирекциясы бір адамға сатылатын билеттер санын 8 данадан бесеуге дейін азайтты.
Қазіргі таңда Универсиада сайыстарына сатылған билеттердің саны 184 мыңды құрады. Бұл - жалпы көлемнің шамамен 80 пайызы. Атап өтерлігі, бұл бұған дейін Қазақстанда өткізілген халықаралық іс-шараларға сатылған билеттер арасында рекордтық көрсеткіш
болып отыр.

ДЕРЕКТЕР мен ДӘЙЕКТЕР:

- Ресейлік шаңғышы Лилия Васильева Алматы Универсиадасының үш жүлдесін (1 алтын, 2 күміс) олжалады. Ал 14 спортшы қос-қостан жүлде еншіледі. Олардың үшеуі – қазақстандық (А.Шевченко - екі қола, Г.Вишневская – алтын, күміс, Ж.Алдабергенова – алтын, қола);
- Алатау баурайындағы аламанға 12 мемлекет бір-бір спортшыдан ғана әкеліпті. Олар – Әзербайжан, Андорра, Армения, Ауғанстан, Бразилия, Гонконг, Греция, Малайзия, Жаңа Зеландия, Парагвай, Тайланд және Уганда. Ал Аргентина, Венгрия, Мексика және Тәжікстан елдерінің әрқайсысынан екі спортшыдан өнер көрсетуде;
- Төрт күн ішінде Универсиадада 35 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Байрақты бәсекеде қатысып жатқан мемлекеттердің 19-ына жүлде бұйырды.

3 ақпан күнгі жалпыкомандалық есеп
(сағат 17.00-ге дейінгі мәлімет)
(үздік ондық)

Орын    Мемлекет    Алтын    Күміс    Қола    Барлығы
1    Ресей    15    17    8    40
2    Қазақстан    8    2    8    18
3    Франция    3    1    1    5
4    Корея
Республикасы     3    -    2    5
5    Жапония     2    8    4    14
6    Польша     2    2    3    7
7    Беларусь     2    2    -    4
8    Қытай     2    1    2    5
9    Италия    2    -    -    2
10    Украина    1    2    3    6


Бет қатталып жатқанда

Биатлоншылар бабында емес

Универсиада басталар сәтте жерлес биатлоншылардан жүлде күтетінімізді айтқан едік. Жанкүйер қауымның да оларға зор сенім артқаны даусыз. Бірақ спортшыларымыздың жүлделер ауылын маңайлайтын түрі жоқ.
Кеше жарыс жолына төрт павлодарлық биатлоншы шықты. Универсиада басталғалы үшінші рет. Өкінішке қарай, тағы да жүлдесіз. Ерлер арасындағы 12,5 шақырымдық із кесу жарысында Антон Пантов, Максим Браун және Тимур Куц үмітті ақтамады. Алғашқысы 7-орынмен шектелді. Максим 14-орынға, Тимур 17-орынға тұрақтады.  Ал бұл қашықтықтағы жүлденің бәрін ресейліктер еншіледі.
Қыздар арасында өнер көрсеткен Дарья Усанова да жанкүйерлерін жерге қаратты. Ол кеше 10 шақырымдық із кесу сайысында жетінші орынды қанағат тұтты. Бұл жарыста жүлделерді Ресей мен Украина спортшылары өзара бөлісті.
Ендігі үмітіміз - командалық эстафета.

Олар – екі дүркін чемпион!
Кеше фристайлшылар Қазақстан қоржынына екі алтын мен бір қола медаль сыйлады. Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд Алматы Универсиадасының екі дүркін чемпионы атанды. Павел Колмаков та Алатау баурайындағы аламандағы екінші қола жүлдесін қанжығаға байлады.
Ю.Галышева фристайлдың параллельді могул сайысында ешкімге дес бермесе, Д.Рейхерд фристайлдың қос могул бәсекесінде қарсыластарынан басым болды. П.Колмаков та осы жарыста бақ сынап, үшінші нәтижені тіркеді.
Осылайша, Қазақстанның ұтып алған алтын медальдарының саны 8-ге жетті. Қола жүлделер саны да біреуге артып, 8-ді құрады. Күміс жүлделер саны – екеу.


Айқарманы әзірлеген – Фархат ӘМІРЕНОВ,
Алматы қаласы.
Суреттерді түсірген – Владимир БУГАЕВ.

saryarka-samaly.kz