Желілер жаңартылды

Сонымен жобаға кеңірек тоқталсақ. Былтыр Екібастұз қаласы көшелерінің жарықтандыру желілерін толық жаңартуды көздейтін жұмыс қолға алынды. Нақтысы, мемлекет пен жекеменшік иесі бірлесіп, ескірген сымдар мен шамдарды заманауи түрлеріне ауыстыруға бел буды. Бастама мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өрбіді. Бағдарлама шеңберінде жекеменшік секторынан «Горэлектросеть» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі желілерді жаңғыртуға келісті. Осылайша, бірлескен жоба туындады.

- 2017 жылдың басында Елбасының кезекті Жолдауын жүзеге асыру аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бағытын белсендендіру мақсатында біздің кәсіпорын алға тартты. Яғни, біз Екібастұз қаласында көшені жарықтандыруды жаңғырту және оны одан әрі пайдалану бойынша жоба ұсындық. Жобаға әріптес ретінде жарық диодты шамдар шығаратын қарағандылық «PROLUX LED» серіктестігі шақырылды, - дейді жобаның бастапқы кезеңдерімен бөліскен «Горэлектросеть» ЖШС Басқарма төрағасы Майгүл Олжабаева.

Серіктестік өкілі неліктен қарағандылық кәсіпорынның таңдалғанын тілге тиек етті. Айтуынша, ТМД елдерінде теңдесі жоқ шамдардың бесінші буыны осы көрші өңірде өндіріледі. Екібастұзға бұған дейін бірнеше учаскеге аталмыш өндірушінің өнімдері пайдаланылған. Қаншама жыл өтсе де, олар сыр бермеген көрінеді. Сапасына көз жеткізген соң сенімді серіктестікке қолқа салғандарын атап өтті.

Сөйтіп, аталмыш кәсіпорындар арнайы комиссия отырысында жеңімпаз деп танылған. Алғаш рет елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жоба шартының қатысушы ретінде «Қазақстан Халық банкі» АҚ қаржылық ұйымы қатарға қосылған.

Әлбетте, бірлескен істің нақты талаптары қағазға түсірілді. Яғни, инвестор өзінің немесе қарызға алған қаражатына бұрынғы 3500 сынапты және натрийлі шамдарды жарықдиодтыларға ауыстыруы тиіс. Оған қоса, жеке кәсіпкерге 82 шақырымдық сымды оқшауландырылған, айналасына қауіп төндірмейтін түріне алмастыруы міндеттелді. Міне, бұл міндеттемелерді инвестор толық орындаған. Енді бизнесменнің банктен алған қарызы төрт жыл ішінде мемлекет атынан шартқа қол қойған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы арқылы қайтарылады. Жобаны жүзеге асыруға 735 млн. теңге жұмсалған. Оның бір бөлігі материалдар, яғни, сым және қарағандылық шамдарды сатып алуға жұмсалған. Тағы бір бөлігі сол сымдар мен шамдарды орнатуға кеткен. Бүгінде кеншілер шаһарының көшелері жарықдиодты шамдармен жарқырап тұр. Сонымен қатар, желілерді қашықтықтан бақылайтын автоматтандырылған жүйе де іске қосылды. Енді әр көшедегі электр шкафынан көрсеткіштерді жазып алу жұмысы ескілік болып тарихта қалады. Мұндай мәліметтер кәсіпорынның диспетчерлік бөлімшесінде көрініп тұрады.

Елу пайыз үнем

Әлбетте, «бизнесменнің қарызын бәрібір мемлекет қайтаратын болса, оның пайдасы не?» деген орынды сұрақ туындайды. Оның жауабын шаһар басшысы Нұржан Әшімбетов тарқатып айтып берді:

- Екібастұзда жүзеге асқан ерекше жобаның берері аз емес. Жалпы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының пайдасы мол екені сөзсіз. Өйткені, инвестор өз қаржысын немесе қарызға алған қаражатты жобаны қысқа мерзімде жүзеге асыруға салады. Біз оны бюджет есебінен белгілі бір уақытта қайтарамыз. Жасыратыны жоқ, қазынадан бір мезетте қомақты қаржыны бір жобаға бөлуге шама келмей қалатын кездер болады. Ал инвестор салған қаржыны бөліп төлеу бюджетке әлдеқайда жеңіл.

Шаһар басшысы жобаны жүзеге асырғаннан кейін айтарлықтай үнемдеуге қол жеткізу мақсаттың орындалғанын білдіреді, деді. Жарықтандыру желілеріне жауапты кәсіпорынның бас инженері Александр Стибленконың мәлімдеуінше, жарықдиодты шамдар орнатылып, сымдар ауыстырылғаннан кейін электр қуаты 57 пайызға дейін үнемделген. Шамдар шығарылған қарағандылық кәсіпорынның өкілі бұрынғы шамдарға қарағанда кейінгілері электр қуатын 3,5-4 есеге кем пайдаланады. Соның есебінен үнемдеу жоғары болып отыр. Экологиялық тұрғыдан да еш зияны жоқ, деді мамандар. Оған қоса, қызмет ету мерзімі жиырма жылдан асады. Яғни, бұрынғыларының «жасынан» 6 есеге артық. Ескі шамдарда екі ғана диод болса, қазіргілерінде 100 диод орналастырылған. Сәйкесінше, жарықтандыру қуатын бағамдай беріңіз. Қала әкімі екібастұздықтардың көшенің жарықтандырылуына көңілдері толатынын атап өтті.

Жалпы, жоба шартында инвестор электр қуатын тұтынуды елу пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізуі тиіс еді. Ал жоғарыдағы мәліметтерден көрсеткіш межеден асырыла орындалғанын аңғарамыз. Бұл дегеніңіз, көшені жарықтандыруға қала бюджетінен жұмсалатын шығынды елу пайызға үнемдеп беріп отыр. Мәселен, бұрын бір жылға көшелерді жарықтандыруға 100 млн. теңге қарастырылатын болса, енді оған 40-50 млн. теңге ғана бөлінеді. Сонымен бірге, желілерді жаңарту қауіпсіздік жағынан да тиімді болып отыр. Себебі, бұрын жол-көлік оқиғалары кезінде оқшауланбаған сымдар көпке қауіп төндірсе, бұдан былай мұндай келеңсіздік болмайды. Жел соқса сымдардың тұйықталуы да тыйылады деп сендірді мамандар.

М.Олжабаева сымдар тартылған баған-дарды да ауыстыру ойда болған, дейді. Бірақ, ол жоба құнын еселеп жіберер еді. Инвестор бұл жұмыс алдағы уақытта жүзеге асатынына сендірді. Айта кету керек, кеншілер қаласында көшенің жарықтандыру желілері жеті жылға «Горэлектросетьке» сенімді басқаруға беріледі. Ал кәсіпорын басшылығы тозығы жетіп, істен шыққан бағандарды біртіндеп ауыстыруға қауқарымыз жетеді, деді.

Саябақтың да шамы жанады

Нұржан Әшімбетов қалада жарықтан-дырылмаған кішігірім көшелердің де барын жасырмады. Оған қоса, кварталішілік аумақтарды, подъездердің алдары мен ішкі жағын жарықтандыру да жоспарда тұрғанын мәлім етті. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса қажет. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленбек.

- Қаламызда саябақтарды жарықтан-дыру, күтіп ұстау жағы ақсап тұр. Негізі, саябақтар қалалық мәдениет бөлімінің қарамағында. Нақтысы осы құзырлы органға қарасты ведомстволық ұйымға арнайы құзырет берілген. Өкінішке қарай, ол өз міндетін орындауға шамасы жетпеуде. Сондықтан саяқбақтық аумақтарды басқарып, ретке келтіріп отыруды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесіне өткізу жөнінде шешім қабылдадым. Ал ескерткіштер мәдениет бөлімінің жауапкершілігінде болғаны жөн, - деді Нұржан Кемерұлы.

Осылай иелері белгіленгеннен кейін жарықтандыру жайы да назарға алынбақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz