Нұрбек Кеңесбай осыдан 5 жыл бұрын Қытай халық республикасынан атамекенге білім іздеп келген. Тарихи Отаныма келіп, білім алсам деген жастың арман-тілегі орындалып, ол Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, жақсы үлгеріммен аяқтайды.

- Мен Қытайдағы жалпы білім беру мектебін аяқтаған соң Пекин орталық ұлттар университетіне Қытай әдебиеті және тарихы факультетіне оқуға түстім. Осы оқу орнында білім алу миллиардтаған қытай баласының арманы болса да, менің көңілім үнемі құлазып жүрді. 5 жылдық оқудың 3-курсына келгенде өз еркіммен университеттен шығып кеттім. Оған себеп те жоқ емес. Егер мен аталған университетті аяқтасам мені мамандығым бойынша бірден жұмысқа орналастырады. Содан соң Қытай коммунистік партиясына мүшелікке қабылдайды. Бұл дегеніңіз – түбегейлі Қытай жерінде қалу деген сөз. Ол жақтағы партия мүшелерінің өзге мемлекетке қоныс аударуына тыйым салынған, - дейді Нұрбек Кеңесбай.

Оқуын орта жолда тастап кеткен Нұрбек Іле қазақ автономиясына қарасты Күнес ауданындағы «Кәсіптік мектепте» дайындық курсынан өтеді. Осы мектепте Қазақстан тарихын, қазақ әдебиетін оқып, кирилл қарпін үйрене бастайды. Дайындық курсын ойдағыдай аяқтаған Нұрбек аңсаған атамекенге келіп, қалаған мамандығына оқуға түседі. Ол 2016 жылы болашақ жары Гүлзина Әбдіүмітқызымен қол ұстасып, шаңырақ көтерген. Бүгінде жас отбасы Таңат есімді тұңғыштарын тәрбиелеуде.

Биылғы жылдың шілде айында жас отбасы оңтүстіктен Успен ауданының орталығына көшіп келген. Мемлекет тарапынан отбасындағы әрбір жанға 85 мың теңге көлемінде көмек көрсетіліп, баспанамен қамтамасыз етуге 500 мың теңге бөлінген. Бүгінгі таңда Н.Кеңесбай мамандығы бойынша Успен аудандық «Аймақ ажары» газетіне жұмысқа орналасып, тілшілік қызмет атқаруда.

Өзге мемлекеттен көшіп келген азаматтарды сарсаңға салатын дүниенің бірі – құжат мәселесі. Қазақстанда тұрақтағанына 5 жыл уақыт өтсе де, Нұрбектің отбасына әлі күнге азаматтыққа қол жеткізу бақыты бұйырмапты. Құжаттарды рәсімдеу мәселесі тек Успен ауданына келген соң ғана шешіле бастаған. Бәрі ойдағыдай аяқталса, Нұрбек пен оның шаңырағы алдағы 1 ай ішінде Қазақстан Республикасының азаматы атанады.

«Алдағы уақытта ата-анам мен туған-туыстарымды атамекенге көшіріп әкелсем, перзенттік парызымды өтегендей болар едім», - дейді Н.Кеңесбай.

Биылғы жылы Успен ауданына барлығы 43 отбасы көшіп келген. Ішкі көші-қон бойынша Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда өңірлерінен 19 отбасы теріскейге қоныстанса, Қытай мен Ресей жерінен 25 шаңырақ Успен ауданына қоныс тепкен. Шетелден келген қандастарымыздың басым бөлігі ауданға қарасты Ольгин, Лозовой, Қаратай ауылдарында тұрып жатыр. Олардың барлығы да мемлекет тарапынан бөлінетін көмек пен жұмыспен қамтудан шет қалып жатқан жоқ.

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ

saryarka-samaly.kz