Елді мекендерді абаттандыру және санитарлық жағдайын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар бойынша есеп берген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов ағымдағы жылы бұл бағытқа 12,8 млрд. теңге қаржы бөлінгенін айтты. Қазіргі уақытта оның 8,7 млрд. теңгесі, яғни 68 пайызы игерілген.

Басқарма башысы өткен аптадағы жалпы облыстық сенбілікті қорытындылады. Ауқымды шара аясында 1 млн. 116 мың текше метр ауланың аумағы тазаланды. 10,2 мың тонна қоқыс сыртқа шығарылған. 277 ескерткіш қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен 10,3 мың түп күзгі ағаш отырғызылды. Сенбілікке 91 мың адам мен 800 бірлік техника қатысқан. Ауқымды шара барысында абаттандыру ісіне немқұрайлы қараған тұрғындар мен шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері жергілікті полиция тарапынан жауапқа тартылған. 112 әкімшілік хаттама толтырылып, 348 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, төселген тас жолдың сапасы өз деңгейінде болмай шықты. Бұл - коммуналдық кәсіпорынның жіберген олқылығы. Жылу маусымына дайындық барысында облыс орталығының бірқатар көшелері қазылған болатын. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Өкінішке қарай, осы салаға жауапты «Павлодар су арнасы» және «Павлодар жылу желілері» компаниялары құбырларды ауыстырғанмен қазылған жолдарды қайта қалпына келтіруде салғырттық танытуда. Атқарушы билік өкілдері аталған монополист компанияларға талай ескеру жасалғанын да атап өтті. Бірақ бұл ескертулерге құлақ асқан ешкім жоқ.

- Мұндай жауапсыздық жазасыз қалмауы тиіс. Бұл мәселе қашаннан күн тәртібінен түспей келеді. Жауапты мекемелерді жөнге салып, олқылықтың орнын толтыратын уақыт жетті. Жұмысына салғырт қараған компанияларға жаза қолдануды тапсырамын, - деді Болат Жұмабекұлы.

Сонымен қатар Павлодар-энерго» акционерлік қоғамы сенбілікке қатысуда белсенділік танытпаған. Аймақ басшысы мұндай жұмыстарды жергілікті полицияға жүктеді. Міндетті жұмыстарға немқұрайлы қарағандарға хаттама толтырып, құрылтайшыларымен кездесуді тапсырды.

- Елбасы биылғы Жолдауында халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету керектігін айтты. Қоршаған ортаны тазалыққа келтіріп, абаттандыру жұмыстарымен айналысу қажет. Мен жуырда Шарбақты ауданындағы мектеп ауласының тазалығына риза болдым. Ал Тереңкөл ауданындағы Песчан ауылдық округіндегі бір білім ордасы абаттандырылған болса, екіншісі тазалық жұмыстарын талап етеді. Бұл жерде мәселе басшыға байланысты. Бұл жерде тазалық жұмыстары тек сенбілікке байланысты деген пікірден аулақ болған жөн. Әр мекеменің меншікті аумағы айнадай таза болуы тиіс, - деді Б.Бақауов.

Жиын барысында Ержан Иманзаипов елді мекендердің абаттандыру және санитарлық жағдайымен танысу мақсатында арнайы көшпелі мониторинг жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталған. Мәселен, Железин ауданы орталығында кейбір мемлекеттік мекемелердің аулалары қоқыстан тазартылмайтыны белгілі болды. Аудан орталығында орын алған осындай олқылықтарды жергілікті әкімдіктің осалдығынан екенін баса айтты. Бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.

Сонымен қатар, Тереңкөл ауданына қарасты Байқоныс ауылының маңында заңсыз қоқыс тастау орны бекітілген. Болат Жұмабекұлы аталмыш аумақ Омбы-Павлодар тас жолында орналасқанын негізге алып, аудан әкімі Жанат Шұғаевқа жақын арада ретке келтіруді жүктеді. Мұндай заңсыз қоқыс тастау орны Павлодар ауданы мен Шарбақты ауданында да бар.

- Коммуналдық шаруашылық мекемелердің аумағы қоқысқа толы болса, тұрғындарды тазалыққа қалай шақырамыз? Ескі қоршауларды сырлап, аулаларды ретке келтіру кез келгеннің қолынан келеді. Бұл іс жұмыла атқарылса, аяқталмаған жұмыс қалмайды. Успен ауданындағы А.Касыцин пен Шарбақты ауданындағы А.Поляковтың шаруашылығын үлгі ете аламын. Қожалық басшысы ретінде тазалыққа үйренген, тұрғындары да соған дағдыланған, - деді Болат Жұмабекұлы.

Аудандарда отырғызылған ағаштардың 70 пайызы күтімнің жоқтығынан сол күйі өспей қалатыны белгілі болды. Көпшілігі суарылмай, қурап қалған. Өңір басшысы елді мекендерде бұл мәселені назарға алып, күтім мәселесіне мән беруді жүктеді.

Аппараттық жиында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімдері өткен сенбілік жайында есеп берді.

Бүгінде дәстүрлі сенбіліктердің өзі көзбояу-шылыққа айналып барады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбектің айтуынша, аудан-қала әкімдері жалаң көрсеткіш қуып кеткен. «Бәленбай мың адам сенбілікке шығып, бәленбай мың тонна қоқыс жинаған» деген сыңайдағы ойға қонымсыз сандар көрсетілетін болған. Шағын мысал, бір ғана Железин ауданында сенбілікке 7 мың адам қатысты деген дерек айтылған. Бұл аудандағы еңбекке жарамды халықтың барлығы қолдарына күрек алып, далаға шыққанмен тең.

- Әкімдіктердің сенбілікке қатысты есебі көп жағдайда шындыққа сәйкес келмейді. Павлодар қаласында 25 мың адам сенбілікке қатысып, 230 техника жұмылдырылған делінген. Мен қала көшелерінен осыншалық көлемдегі адамды да, техниканы да көрмедім. Ресми деректе келтірілген мыңдаған тонна қоқыс қайдан шығып жатыр? Есеп үшін шындыққа сәйкес келмейтін сандарды жазбай, нақты іске көшейік, - деді Ұ.Жазылбек.

Айдана Қуанышева

saryarka-samaly.kz