Естеріңізде болса, бұған қатысты нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының арнайы тармағы бар. Онда оңтүс-тіктен солтүстікке азаматтарды көшірудің оңтайлы жолдары көрсетілген. Міне, осы бастама негізінде өңірімізге қоныс аударуға ниетті адамдар қатары артты. Солардың бірі - Нұржамал Байжұманова. Ол жақында отбасымен Аққулы ауданына қоныс аудармақ. Кейіпкеріміз редакциямызға арнайы хат жолдап, жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту мәселесіне қол ұшын беріп, айрықша ықылас танытқан азаматтарға алғысын білдірді:

- Елбасының елдегі ішкі көші-қонды бірқалыпта ұстап тұру саясаты бойынша оңтүстік тұрғындарын солтүстік өңірлерге көшіріп жатқанын естігеннен бері солтүстікті бір көру, тұрмыс-тіршілігін тануды мақсат еттім. Сол мақсат жетелеп, биыл Павлодар облысы Аққулы ауданының жұмыспен қамту орталығының басшысы Айымгүл Зайтенқызымен хабарластым. Айымгүл Зайтенқызы аса бауырмалдылықпен көмек қолын созып, бірнеше мектеп директорымен сөйлестірді. Бәрі «келіңіз, көмек береміз, күтіп аламыз» деп қамқорлық танытты. Сол кісінің демеу сөздері танымаған, аяғым баспаған солтүстікті бетке алуға жетеледі. Қарағанды қаласына жеткенімде Айымгүл ханыммен хабарластым. Ол кісі Аққулы ауданына қарасты Баймолдин ауылының әкімі Омаров Қайрат Сартайұлының күтіп алатынын айтты. Алғаш Павлодар қаласына табан тірегенімде Қайрат Сартайұлы қарсы алды. Бір көргеннен қарапайымдылығы, бауырмалдылығы сезілді. Өзімді бөтен жерде емес, өз ауылымда жүргендей сезіндім.

Аман қалған шабуылдан жүздеген,
Батыр халық екенбіз ғой біз деген.
Аямаған жұрттан нанын, тұз бенен,
Жомарт халық екенбіз ғойбіз деген, -
деген Қ.Мырза Әлінің осы бір өлең жолдары қазақтың дархандығын, пейілінің кеңдігін, ешкімді жатырқамайтын көпшілдігін аса шебер танытқан болса, мен Қайрат Сартайұлы мен жары Әлия ханымның шаңырағында осы жылылықты сезіндім. Біз, оңтүстік тұрғындары, «солтүстік орыстанып кеткен» деген пікірде едік. Қайрат аға мен Әлия әпке бұл ойымның дұрыс еместігін түсіндіргендей болды. Қазақи дәстүрмен тартылған ет, құрт-сорпа нағыз қазағымның ақкөңілдігі мен қазақи менталитетті байқатты. Ең бастысы, бұрыннан танитындай таза көңілмен қарсы алғаны жанымды жадыратты. Мейірім шашқан жылы ұяда осы ауылға көшіп келем деген шешімге келдім. Ертеңіне ауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысу үшін ауылды аралап көрдік. Ең басты мақсат жұмыс ауыстыру болғандықтан, Баймолдин мектебіне бардық. Директоры Қайыржан Шоманов мектепті таныстырды. Өмірдерегіммен танысқаннан соң жұмысқа шақырды. Болашақта өзінің орнына директор болуға талпынуға болатынын айтты. Мектеп ұжымының жылышырайлылығы осы мектепте жұмыс жасасам екен деген ойға тоқтатты. Қайрат Сартайұлы Тақыр ауылының мектебіне апарды. Мектеп директоры әрі жаттықтырушысы Ардақ Байшүкіров мектеп ғимаратын көрсетіп, білім ордасының өмірімен таныстырды. Өзге ауыл әкімдері телефон арқылы байланысқа шығып, «біздің ауылды көрсін» деген ұсыныстарын білдіріп жатты. Алайда, ауылдың табиғаты, ауыл адамдарының мейірімділігі, ауыл әкімінің іскерлігі, қарапайымдылығы мені осы ауылға көшіп келсем деген тоқтамға жетеледі. «Қайрат Сартайұлы қоныс аударатын үйді көрсетсеңіз» деген өтінішімді жерге қалдырмай, бірнеше үйді ұсынып, жағдайымды жасайтынын, көмектесетінін айтты. Аса риза болдым, бөтендік сезінбедім. Баймолдин ауылында жүріп-ақ, туған өлкеме хабарласып, үйімді сатып, осы ауылға қоныс аударатынымды айттым.

Қазіргі уақытта үйімнің сатылғанын күтіп отырмын. Оны сата сала көші-қонға қамданамын. Өзім оңтүстіктемін, ойым солтүстікте жүр. Солтүстіктен көрген мейірбандылықты бір ауыз жылы лебізбен жеткізсем деген ойдамын. Алғысым шексіз. Бұйыртып көшіп жатсам, сол ауылдың өркендеуіне өз үлесімді қоссам деген ниетім бар.

Нұржамал БАЙЖҰМАНОВА,
Б.Онтаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,
Арыс қаласы, Түркістан облысы.

saryarka-samaly.kz